АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Оңтүстікқазақстандық шаруалар лимон мен банан өсіруде

скачанные файлыОңтүстікқазақстандық шаруалар жылыжайда көкөніспен қатар лимон мен бананды да өсіріп жатыр. Диқандар тропикалық жеміс ағашының көшетін өздері қолдан көбейтіп, одан мол өнім жинай бастаған. Қазығұрттық бағбандар бірер жылда ішкі нарықты толықтай отандық өніммен қамтамасыз етуге қауқарымыз жетеді деп отыр. Ағайынды Таңсықбаевтардың лимон бағы бүгінде ауыл жұртының бір сәт серуен құрып, тынығатын жеріне де айналған. Жұмысқа әулетімен жұмыла кірісетін бағбандар жылыжайдағы жайқалған лимонды қолмен жинап жатыр. Шаруалар алғашқы өнімдерін Ресей мен Қазақстан нарығына жөнелтіп те үлгеріпті. Дегенмен көпшілікке тропикалық жемістің жергілікті жерде өскенін дәлелдеу қиынның-қиыны болды дейді шаруа. Манатәлі Таңсықбаев, «Даян» шаруа қожалығының құрылтайшысы: — Көбі сенбейді. Сонда телефонға түсіріп алғанымды көрсеттім, сонда ғана сенді. Өзіміздің өнімді қолдайық деп алып жатыр. Қаладан ауылға қоныс аударған ағайынды Таңсықбаевтар алғашында қолымызға кетпен ұстауды да білмеуші едік дейді. Бертін келе нарыққа қарай бейімделіп шаруашылықты көкөніс өсіруден бастаған. Мемлекеттен жеңілдік алып аяқтан тұрады. Қызанақ пен қиярға деген сұраныс азайып, бәсекелестік артқан сәтте бірден лимон өсіруге көшіпті. 60 соттық жерге «Мейір» деген сорттың 640 түп ағашын отырғызыпты. Тонналап өнім жинап жатыр. Манатәлі Таңсықбаев, «Даян» шаруа қожалығының құрылтайшысы: — Тұрған сайын қызара береді. Бұны тергеннен соң, жәшікке салып, клеенкамен жауып қойсақ, сарғаяды. Бір ағаштан 30-35 келіге дейін өнім алғанбыз. Қазір де алып жатырмыз. Жалпы 6 жылдан кейін бір ағаш 100 келіге дейін өнім береді. Бағбандар өнімділігі жоғары лимон көшетін өздері жергілікті жерге бейімдеп өсіріп жатыр. Істің көзін таба білетін шаруалар енді жылыжай ішіне бірнеше түп банан ағашын да отырғызыпты. Оспанәлі Таңсықтаев, «Даян» шаруа қожалығының төрағасы: — Лимонның көшеті ыстыққа да, суыққа да өте шыдамды. Мысалы, осылай күн шықса, жылыжай іші 50-60 градусқа дейін ысиды. Соған шыдайды. Күн 0-градусқа дейін суытса да шыдай береді. Ал банан шыдамайды екен. Әулеттің ғана емес, елдің ырысына айналған шаруашылыққа бүгінде ауыл жұрты бір сәт келіп, саф ауасын жұтып тұрады. Ұлдарына әрдайым рухани демеу болып жүретін Нұржамал апай лимонның денсаулығыма көп әсері болды деп отыр. Нұржамал Құсайынова, анасы: — Дәрі-дәрмек жәрдем бермейді. Қан қысымым біресе көтеріледі, біресе түседі. Содан осы балаларымның жылыжайына келіп, ішінде жүремін. Демаламын, лимон қосып, қантты шай ішемін. 1-2 сағатта отырсам, өзімді жақсы сезінемін. Осының ішіне келген-кеткен қонақтарды да кіргізіп демалдырамыз. Қазығұрттық диқандар нарық талап ететін ережені жақсы меңгерген. Маусымында ауыл азаматтарына жұмыс тауып береді. Болашақта жылыжай көлемін ұлғайтып, Қазақстан нарығын жыл он екі ай отандық жеміспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Диқандар тек жаңадан қолға алынған салаға аздаған жеңілдіктер қарастырылса екен дейді.  Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбішов, Нұрмахан Бекмұратов

Источник: http://24.kz/