Тәуелсіздік мерекесін Батыс Қазақстан облысындағы Берёзовка ауылының тұрғындары жаңа пәтерлерінде қарсы алды. Осылайша, ауылдықтарды көшірудің алғашқы кезеңі аяқталып, 82 отбасы Ақсай қаласынан берілген 128 пәтерге орналасты.
Ал келер жылы Березовка халқы үшін Ақсай қаласы мен «Аралтал» шағын ауданынан 144 пәтерлік, екі көпқабатты үй салынады. Мұнан бөлек балабақша құрылысы жүргізіледі деген жоспар бар. Жер үйде тұрғысы келетіндердің де өтініші ескерілді. Ал екінші кезең бойынша Ақсай қаласына 212, Бөрлі ауылына 3 отбасы көшірілмек.
Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
82 отбасыға байланысты тұрған жеріндегі үйлерді газдан, электрден, судан айырып, қабылданған шешімге сәйкес, оны алу жөнінде жұмыстармен айналысамыз. Көшірудің екінші этабын 2016 жылдың желтоқсан айына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, былтыр қараша айында Березовка ауылында мектеп оқушыларының жаппай улану дерегі тіркелген еді. Өзін жайсыз сезініп, дәрігер көмегіне жүгінгендердің қатары біршама уақыттан соң жүзден асты. Олардың ішінде ересектер де бар. Ал прокуратура осы күндері Қарашығанақ кенішінде ауаға зиянды заттар шығарылғанын мәлімдеп, кейін қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен, оның нәтижесі әлі белгісіз. Араға уақыт салып, Үкімет Березовка мен Бестау ауылдарының тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылдады. Бұған Қарашығанақ кенішінің санитарлық аумағының кеңейтілуі себеп болған.
Еркін КАРИН
http://www.astanatv.kz/n