АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Алматыда колледж директоры 7 жылға сотталды

скачанные файлы (1)Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің директоры Маран Тақабаев 7 жылға сотталды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

№2 Бостандық аудандық соты Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің директоры Маран Тақабаевқа, колледждің бас есепшісі Людмила Петрищеваға, есепші Жұлдыз Нұрқалиеваға, экономист Салтанат Малыбаеваға, «ART-Белес» ЖШС директоры Талғат Мұхамадиевқа қатысты қылмыстық істі қарады.

Аталған тұлғаларға біреудің сеніп тапсырған мүлкін қолды етіп, аса ірі көлемде қаржы жымқырған деген айып тағылды.
Іс материалдарына сәйкес, М.Тақабаев 2008 жылдан бері қылмыстық жоспар бойынша жұмыс жасап келген.

Атап айтқанда, колледжде оқымайтын студенттердің атына стипендия алып отырған. Сондай-ақ, оқу орнының директоры жоғарыдағы тұлғалармен біріге отыра колледжге қағаз жүзінде бөтен адамдарды жұмысқа алған. Олардың атына түскен жалақы мен төлемдерді өздері иеленіп отырған.

Талғат Мұхамадиевтің жоғарыдағылармен алдын-ала сөз байласып құны 4 640 980 теңге болатын мүлікті қолды еткені анықталды.

Сот үкіміне сәйкес, М.Тақабаев ҚР ҚК 176-бабының 4-тармағы, 314-бабының 1-тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айрылды.

Л.Петрищева, Ж.Нұрқалиева ҚР ҚК 176-бабының «б» бөлімімен 7 жылға, С. Малыбаева ҚР ҚК 176-бабы, «б» бөлімімен 5 жылға, Т. Мұхамадиев ҚР ҚК 176-бабының 4-тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айрылды.

Сотталғандардың есебінен мемлекетке 44 400 095 теңге көлемінде шығын өтелді.

http://www.inform.kz/