Жол ережесін бұзған алматылықтар мемлекетке 12 млрд теңге берешек. Мұндай ақпаратты қалалық полиция жариялады.
Қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімінің мәліметінше, жыл бойы 332 мың 310 жол ережесін бұзу дерегі тіркелген.
291 мың жүргізушіге салынған айыппұл көлемі 2 млрд 513 мың теңгеге жетті.
«Көптеген жүргізушілер айыппұлды 30 күнтізбелік күнде төлемейді. Оны сот арқылы өндіруге мәжбүрміз. Өткен жылы сотқа 152 мың іс жіберіліп, 1 млрд 950 млн теңге мемлекет пайдасына өндірілді», — деді әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Жандос Мұраталиев.
Ал, автоматты бақылау жүйесіне түсіп қалған жүргізушілердің саны одан да артық. Бейнебақылау жүйесі 614 мың 880 ереже бұзу дерегін тіркеген.
Жүргізушілердің мемлекетке берешегі 10 млрд 914 млн теңге болды. Оның 4 млрд 689 млн теңгесі өтелсе, қалғаны мәжбүрлі төлеуге жіберілді.