АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Оңтүстік халқы дүркіретіп Наурыз мерекесін тоғыз күн тойламайды

6ca83c8ec103a1e92ba738925f34a68bОңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде брифинг өткізіп жатыр деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.

Өз сөзінде өңірдің экономикасы былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқанын айтқан аймақ басшысы алдағы жұмыстарымен де бөлісті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуды бес бағытқа қарастырған. Жоспарлары туралы қысқаша баяндаған Атамқұловтың сөзінен кейін брифингке қатысушы журналистер көкейлеріндегі сауалдарын жолдады. Республикалық басылымдардың бірінің өкілін биыл Ұлыстың Ұлы күні Наурыз айы киелі оңтүстікте неше күн тойланатыны мазалайды.

«Сізге дейінгі әкім Асқар Мырзахметов Наурыз мерекесін тоғыз күн тойлап, керемет үрдісті қалыптастырып кетті. Оны елдің өзге де аймақтары қолданыстарына енгізді. Бұл биыл да жалғасын табады ма?», — деді журналист.

Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімі Наурыз мейрамы ресми түрде үш күн тойланатынына қарамастан оңтүстікқазақстандық жұртшылық мейрамды тойлауды бір апта бұрын бастап жіберетінін жеткізді.

«Наурыз – тарихтан келе жатқан, дәуірден келе жатқан үлкен мейрам деп есептеймін. Ол Түркі елінің мейрамы. Оны тойлаудың да мерзімі бар. Үш күндік мерзім ғой. Халықтың көңілі тоғыз күн емес, халықтың көңілі бір айға сыймайды. Біздің оңтүстікте мейрамға дейін бір апта бұрын басталады да одан ары бір айға созылып кететін мейрам бұл», — деген Бейбіт Бәкіұлы өз сөзін биылғы Наурыз мерекесіне арналған жоспарларымен жалғастырды.

«Биыл біраз іс-шаралар бар жоспарда. Жақында еститін шығарсыз. Өз көзіңізбен көргіңіз келсе, күтеміз. Ол кезде бізде күн де жылиды. Күтеміз, келіңіздер, құрметті журналистер. Өз көздеріңізбен көріңіздер», — деп сөзін түйіндеді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Дереккөз: Nur.kz