АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ермек Тұрсынов: «Бұдан кейін кино түсіремін бе, жоқ па, білмеймін…»[:]

[:kz]

photo_117967Ермек Тұрсынов – таныстыруды қажет етпейтін есім. Аты да, заты да бөлек фильмдерінің қай-қайсысы да артынан дау ілестіре жүрді. Шу-шырқан тудырды. Кинолары ғана емес, өзі де солай. Бір сұхбаты шықса, ай жарым талқыланып жүргені. Бір мақала жазса, жұрттың бәрі көшіріп басып жатқаны. Ал біз… тек кино туралы сөйлестік…

 

– «Келін», «Шал», «Кенже»… Көп талқыланған, көп шу да тудырған трилогия. Осы үш фильмді түсіруге бас-аяғы жеті жыл уақыт кетіпті. Ал оған дейін ойыңызда қанша уақыт пісіп жүрді? О баста осылай болады деп жоспарладыңыз ба, әлде сценарий уақыт өте келе өзгерді ме?

– Басынан солай жоспарланды. «Келін», «Шал» және «Кенже». Әрқайсысы жеке фильм болғанымен, біртұтас дүние. Бірінші қадам – «Келін», екінші қадам – «Шал», үшінші қадам – «Кенже». Арғы тамырымыздан бастау алады. Шартты түрде ІІ ғасыр деп қойдым, Алтай тауынан арғы атамыз шығып, таудан далаға түсті. Яғни, қазақтың даласына. Бұл – екінші қадам. Одан кейін даладан қалаға көшіп келдік. Бұл – үшінші қадам. Трилогия осымен бітеді.

Бірінші фильмдегі ең негізгі ой – Ана. Әйелдің орны. Бәрі шешеден басталады. Қазақтың анасы – қасиетті ұғым. Екінші фильм – Әке. Шал. «Кенже» деген – бала. Осының бәрін біріктіргенде Отбасы шығады. Шешей, әкей және оның баласы. Бұл идея студент кезімде ойыма келген. Негізінде, көп ойланып, тез жазатын адаммын. Ұзақ ойланамын. «Келінді» үш аптаның ішінде жазып бітірдім. Бірақ, ойда пісіп-жетілуіне ұзақ уақыт кетті. «Шалды» да солай. «Шалды» Хемингуэймен біріктірдім. Өйткені, «Шал мен теңізбен» сабақтас идеялары болды. Осы шығармаға сүйене отырып жаздым сценарийді. Ал «Кенже» баяғыда жазылып қойған дүние. Ол біздің замандасымыз. Қазіргі уақыт. Сондықтан, ең оңай жазылғаны. Ойдан шығармайсың, тарихты оқымайсың, мұрағатты ақтармайсың, бәрі көз алдыңда тұрған нәрсе. «Кенже» ең басында жазылған сценарий еді, ең соңында түсірілді.

Трилогияның тарихы осындай. Әрине, неше түрлі әңгіме болды. Әсіресе, «Келін» шыққанда. Ол кезде мен қазақтың жауына айналып шыға келдім. Қазаққа жат кино деген әңгіме айтылды, «қазақтың тарихын бұрмалама» деп ақыл айтқандар болды. Бірақ, оның бүгінгі қазаққа қатысы да шамалы. Мәселен, қазіргі италиялықтардың бұрынғы тарихына қараңыз. Мысырлықтардың арғы аталары – перғауындар. Сондықтан, «Келінді» тікелей қазақтармен байланыстыруға болмайтын шығар. Бірақ, ол біздің арғы тарихымыз, арғы тамырымыз екенін де жоққа шығаруға болмайды.

– Сіз киноға кеш келдіңіз. 45 жастан кейін. Бұл ақыл тоқтататын, өмірге басқаша көзқараспен қарайтын мезгіл. Егер одан ерте келген болсаңыз, өзіңізді кинонарықтың қай тұсынан көресіз?

– Мен киноға ең алғаш 27 жасымда келгенмін. Ол кезде журналистика факультетін бітіріп, «Ленинская смена» деген газетте жұмыс істеп жүргенмін. Екі жылдан кейін бірінші кітабым шықты. Ол кезде Жазушылар Одағымен қарым-қатынасым жақсы еді. Жиі-жиі барып тұратынмын. Ол кезде бұл шығармашылық ұйым кәдімгідей Жазушылар Одағы болатын. Сол уақытта бір газеттен Мәскеуге кинодраматургтер мен сценаристерді оқуға шақырып жатқанын көзім шалды. Госкиноның қарамағындағы жоғарғы курс. Осылайша, 1988 жылы Мәскеуге кетіп қалдым. 27 жастамын. Сценарий жазып, Алматыға қайтып келдім. Виктор Пұсырманов деген режиссер болған. Мәскеуде оқып жүргенімде мені іздеп келген. Еврейлерге сценарий сұрап барса, «бізді қайтесің, өзіңнің еврейің бар емес пе?» деп, маған сілтепті. Сөйтіп іздеп келді. Сценарий жазып беруімді өтінді. Тахауи Ахтановтың пьесасы бойынша, Әбілқайыр жөнінде сценарий жазып бердім. Ол фильм 1991 жылы шықты.

– Бұл киносценарист ретіндегі қадам ғой. Ал режиссер ретінде?..

– 1992-93 жылдары Америкада жүргенімде режиссер ретінде алғашқы дебютім болды. АҚШ-тың Юта штатында Солт-Лейк-Сити деген қала бар. Мормондардың астанасы. Сол жердегі кино мамандарына бірнеше сценарий жазып бергенмін. Бір күні кино түсіру алаңына келсем, режиссер ішіп кетіпті. Стив деген продюсер бар еді, материалды өзімнен артық ешкім білмейтінін алға тартып, фильмді қолға алуымды сұрады. Қысқасы, кино алаңына итергендей етіп шығарды. Бұл кездейсоқ жағдай. Мен режиссер емеспін, негізгі мамандығым – кинодраматург. Сөйтіп басталып кетті. Бірнеше бейнеролик түсірдім. Мормондардың тапсырысымен әлеуметтік жарнама түріндегі екі фильм түсірдім. Алматыға қайтып келгеннен кейін де сценарий жазуды тоқтатқан жоқпын. «Мұстафа Шоқайды» жаздым. «Цветочник» деген бір фильмнің сценарийін жазған едім, ол кино болып шыққанда «Кто вы, господин Ка?» деп шықты. Рүстем Әбдірәшқа «Құрақ көрпе» деген арнайы сценарий жазып бергенмін. Осылай бірнеше сценарий жазылды. Сөйтіп жүргенде Ақтан Арым Құбат деген қырғыз режиссері келді. Екеуміз дос едік, жақын араласатынбыз. Сол Ақтан бір оқиғаны айтты. «Келіннің» синопсисімен көптеген ойлары сабақтасып тұрды. Сондықтан сценарийді жазғанда Ақтанға бергенмін. Ол бастады да, әртүрлі жағдайларға байланысты түсірмей кетті. Дәл сол кезде Сергей Әзімов «Қазақфильмнің» президенттігінен кетіп, орнына Анар Қашағанова келген. Ақтан түсірмей кеткеннен кейін Анар Қашағанова өзім түсіруімді сұрады. «Материалды өзіңнен артық ешкім білмейді әрі бастағаннан кейін аяғына жеткізу керек» дегенді айтты. Сөйтіп, кино түсіру алаңына итергендей етіп шығарды. Кейбіреулер режиссерлік үшін күресіп жүрсе, мен мәжбүрліктен қолға алдым. Сөйтіп аяқ астынан режиссер болып шыға келдім.

– Режиссер ретінде өзіңізді қалай бағалайсыз? Сіздің бойыңызда режиссерлік қасиет басым ба, әлде кинодраматург ретінде мықтысыз ба?

– Драматург бола жүріп, көптеген сценарий жаздым. Режиссерге бересің. Кейін кино шыққанда қарасаң, көңілің толмайды. «Әттеген-ай!» дейтін тұстары көп болады. Сценарийді жазғанда бір киноны көз алдыңа елестетіп отырасың. Кино шыққанда қарасаң, сенің алдындағы суретіңмен сабақтаспайды, мүлдем басқа жаққа кетіп қалады. Ештеңе айта алмайсың. Өйткені, режиссердің көзқарасы басқа. Бірнеше рет сценарийлерім ойлағанымдай емес, мүлдем басқа кино болып шыққанда ішімнен өкініп жүрдім. Жалпы, режиссер ретінде біреудің жазған сценарийін түсіре алмаймын. Тек қана өзімдікін түсіремін. Егер бір жерден қате кетсе, тек өзіңнен көресің.

Бағалауға келсек… Менің ұстаздарым өте биік дәрежедегі кісілер болды. Атап айтсақ, Данелия, Мережко, Рязанов, Митта, Мотыль, Валерий Семенович Фрид. Шетінен советтік киноның беткеұстарлары. Олардың ұстаздары Эйзенштейн, Довженколар. Дәстүр сабақтастығы өте мықты. Бұлардың қай-қайсысы да киноның табиғатын, киноның заңдарын бес саусағындай білетін. Ал Совет Одағының киносы осал болған жоқ. Голливудтың өзі кезінде солардың киносына қарап отырып үйренетін. Мұндай ұстаздардың көптеген идеясы, ой-пікірі шәкірттеріне аманат болып қалды. Оны өзім үнемі орындауға тырысамын. Ең бастысы – жауапкершілік. Өзіңе, өз ісіңе деген жауапкершілік. Ешқандай тапсырыспен жұмыс істемеу керек. Жұмысты қолға алдың ба, оны жоғары кәсіби дәрежеде істеу керек. Өз шығармашылығыма баға бере алмаймын. Бірақ, кәсіби дайындықпен келгенім анық.

Жауапкершілік дегеннен туады, бір киноға шамамен екі жылдай уақыт кетеді. Бұл аз уақыт емес. Ал менің досым Тимур Бекмамбетов жылына төрт кино түсіреді. Тимурды жақсы көремін. Мәскеуде жүргенде жақын араласатынбыз. Өте дарынды, мықты жігіт. Бірақ, оның кинолары жеңілтек. Көбінесе компьютерге сүйене отырып жасалады. Бұл адамның интеллектісіне байланысты нәрсе емес. Мұнда техникалық, технологиялық интеллект басымдыққа ие болып тұр.

Қазір кино түсіру еріккеннің ермегіне айналып кетті. Жақсы кино көргенде адам қуануы керек. Ал қазіргі біздің киноларды көргенде қуана алмайсың. Өйткені, деңгей түсіп кетті. Еліктеу көп. Өз ойымыз жоқ. Жұртты күлдіргіміз келеді. Күлкінің өзі де түкке тұрмайтын болып шығады. Ойсыз. Күлкінің өзінің ар жағында ой болуы керек. Ал қазіргі кинолардағы күлкі – «аха-ха, иха-ха». Бұл дүниелер, яғни соңғы жылдары кино деп түсіріліп, кино ретінде көрсетіліп жүрген дүниелер – кино емес. Баян Есентаева, Нұртас Адамбайлардың түсіріп жүргендері кино деуге келмейді. Мейлі ғой, түсіре берсін. Бірақ, басын ашып алу керек, олардікі ешқандай да кино емес. Басқа нәрсе. Жанрын өзгерту керек шығар, бәлкім. Бұлардың ең басты ойы – ақша жинау. Ал нағыз өнер адамы ақша үшін жазбайды. Мұхтар Әуезов Абайды ақша үшін жазған жоқ. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтар ақшаның құнын білетін, бірақ ақша үшін жазбайтын. Ал қазіргілер о бастан-ақ ақшаны бірінші орынға қояды. Қазіргі кинолардың кино дегеннен гөрі бизнес жобаға келетіні сондықтан болса керек. Киноның аты да өзгерді қазір. Кино түсіруге бел будың ба, бүкіл жан-дүниеңмен соған берілесің, үлкен дайындықпен кірісесің. Басында қорқасың. Ылғи сол. Ал кино біткеннен кейін ауырасың. Өзім әр кинодан кейін 3-4 айдай ауырамын.

 

«Шалдан» кейін қатты «ауырдым»

 

–Тура мағынасында ма, ауыспалы мағынада ма?

– Кейде тура мағынасында. «Келінді» түсіргеннен кейін жарты жыл ауырып жаттым. Тауда жүріп, суық тигізіп алдым. «Шалдан» кейін де «ауырдым». Ештеңе жаза алмайсың, әрі-бері сенделіп жүресің де қоясың. Бос кеңістікті сезінесің. Бірдеңеден айырылып қалғандай боласың. Материалдан өзіңді әзер ажыратасың. Жібергің келмейді. Кино да бір перзентің.

– Осы аралықта жүріп «Жатты» түсірдіңіз. Бір қарағанда қарапайым, бірақ айтары көп фильм ретінде бағаланды. «Кенже» арқылы виртуал өмір сүретіндердің бетін бері қаратқым келді дегендей пікір айтқансыз. «Жат» арқылы не айтпақ болдыңыз? Ойыңызды жеткізіп айта алдыңыз ба?

– Қазіргі кезде киноға адам көп бармайды. Соның ішінде менің киноларыма. Қазіргі көрермен «Трансформерге» барады. Немесе «Келинка Сабинаға» барады. Оны ескермесең болмайды. Қазіргі нарық заманы – менің жауым. Немесе осы заманға мен жаумын ба, білмеймін. Арамызда конфликт бар. «Жат» – менің дипломдық жұмысым. Ширек ғасыр бойы осы сценарийді сақтап жүрдім. Уақыты 25 жылдан кейін келді. Жалпы, ешқашан бүгінгі күннің өзекті мәселесін киноға арқау еткім келмейді. Егер жазсам, ұлттың тарихына сүйене отырып, бүкіл адамзаттық проблеманы көтергім келеді. «Жат» – адамның жалғыздығы. Адам мен қоғам, адам мен Құдайдың қарым-қатынасы. Адам жалғыздықты көтере ала ма, осы дүниеге сыйыса ма, соны көтергім келді. Өмірде болған оқиға, ауылымызда Жұмақан деген кісі болған. Елдің малын бағады. Айына бір рет таудан түседі де, аула-ауланы аралап, ақша жинайды. Үлкендер бізді бала күнімізде Жұмақанмен қорқытатын. «Тілімді алмасаң, Жұмақанға беріп жіберем» дегенді көп еститінбіз. Жұмақан таудан түсіп келе жатқанда бала біткен жан-жаққа қашып тығылатынбыз. Ал ол өзімен-өзі жүрген кісі. Үлкен малақайы бар, тон киіп жүреді. Ешқашан дауысын естіген емеспін. Ақшасын жинап, дүкенге барып керек-жарағын алады да, қайтадан тауға тартып кетеді. Кейде мен артынан аңдып жүретінмін. Бір құпия кісі еді. Кейін өскенде білдім, бұл кісі соғысқа қатыспай, тауға қашып кеткен екен. Өзі барымташы. Малды айдап кетеді де қырғызға сатады. Қырғыздың малын айдап әкетіп, мына жаққа саудалайды. Чекистер тау-тасты аралап, таба алмаған екен. Бала кезімнен есімде қалған көрініс. Сценарийді сол оқиғаға сүйене отырып жаздым. Ашаршылық кезі, бәрі коммунист болып, колхоздасып жатқанда ол кісі тауға қашып кетеді. Сол тауда қалады. Қоғам мен жеке адамның текетіресі. Ақырында бәрібір қоғам жеңіп кетеді. Бізде де солай.

Мен ешқашан ешқандай шығармашылық одаққа мүше болған емеспін. Ұжымдық хаттарға қол қоймаймын. Егер бірдеңе жазу керек болса, өз атымнан жазамын. Соған қарап біреулер мені оппозиционер деп ойлайды. Анда-санда саяси жағдайға үн қатып, қоғамдағы өзекті мәселелер туралы мақала жазатыным бар. Телевидениеде пікір айтып қаласың. Шу болады. Соны басқаша түсінетіндер болады. Бірақ, оның барлығы менің жеке түсінігім, өмірге деген көзқарасым. Мен «Нұр Отанға» да қосылмаймын, оппозицияға да қосылмаймын. Өзіммен-өзім, кісікиік болып жүре беремін. Айтпақшы, мені елге қарағанда, шетелде көбірек таниды. Әсіресе, «Келін» 12 гран-при алып, «Оскардың» ондығына іліккенде тани түсті. Шетелде көп жазылды. Мақтап жазды. Өз қазағым түсінбеді. Айтпағандары жоқ. Міне, әр адам өзінше жалғыз. «Жат» та сондай идеядан туды.

– Соғысқа бармады. Қашып кетті. Ұстатпады. Бірақ, онысы батырлық емес қой?

– Әрине, батырлық емес.

– Бірақ, сол кинода батырлық сияқты көрінбей ме? Бұғауға басы сыймаған дегендей көзқарас қалыптаспай ма?

– Бұл жерде екі нәрсе бар. Көпшіліктің көзімен қарағанда, әрине, ол сатқын. «Біздің байларымызды соғысқа аттандырып, өзің бұғып қалдым де!» деп оны бір кейіпкер айтады да ғой. Бірақ, меніңше, ол – батыр. Көпке қарсы шығып, билікке бағынбай, өзіндік жеке пікірін ұстануы нағыз батырлық емес пе?! Өзін-өзі қоғамға қарсы қойып отыр ғой. Егер қарсы келмесе, аттан түсіп қалса, ол өзінің болмысынан айырылар еді. Аттан түскелі қазақ қазақтықты жоғалта бастады. Болмысынан ажырады. Ал мынау аттан түспей жүрген кісі. Сондықтан да оны жақтадым. Жалпы, бала кезімнен қашанда әлсіздерге жақпын. Өйткені, көпшіліктің ісі әрдайым оң бола бермейді.

– Ал Ілиястың еркіндігі оның қалыпты тұрмыс салты ма, әлде арманы ма? Ілиясты қазақ деп алсақ, оның еркіндігі бар нәрсе ме, әлде арман ба?

– Арман шығар. Еркіндік, бостандық – халықтың арманы. Ілияс анда-санда елге түсіп, халыққа көмектеседі ғой. Ол да адам. Бірақ, осындай жолды таңдап алу арқылы ол бәрінен айырылған. Махаббатынан, достығынан айырылған. Өзінің шындығымен ғана қалған. Айтайын дегенім, ақиқаттың жолын қуған адам үнемі жалғыз. Абай да солай емес пе?!. Ілиястың оқиғасы тұтастай менің ойыммен сабақтасып жатыр. Оңбаймыз ғой…

 

Шалдарымыз адасып жүрсе, жастарға не жорық?!

– «Жатты» да, «Шалды» да көпшілік жақсы қабылдады. Дегенмен, басқа фильмдерге ұқсатушылар да болды. Мысалы, Аяған Шәжімбайдың «Қасқыр адам» фильмінің сценарийіне келеді деген пікір болды. Не дейсіз?

– Ондай пікірді оқыған жоқпын, білмеймін.

– «Шал» прокатта өте табысты болды. 53 миллион теңге тапты.

– Білмеймін, ол «Қазақфильмнің» табысы ғой.

– Жыл фильмі атанды. Ерболат Тоғызақов үздік әртіс атанды. Басқа қай фильм сізге осындай табыс әкелді?

– «Шалдың» оқиғасы өте қарапайым. Көпшілікке өте түсінікті болды. Соған қарамастан, кейін рецензияларды оқығанда таңғалғанымды жасырмаймын. Әркім өзінің көргісі келгенін көрген. «Шалдың» ойын түсіну соншалық қиын емес. Бізде шалдар көп те, ақсақал аз. Ақсақалдың соңы – Бельгер. Ақсақал деген үлкен ұғым. Жәй ғана қария емес. Ақсақалдық институттан айырылып қалдық. Ақсақал деп отырған адамымыз өзінің жерінде, бес саусағындай білетін жерде тұманға кіріп, адасып жүр. Егер шалдарымыз өз елінде адасып жүрсе, жастарға не жорық? Анда-санда келіп мазарға кіреді. Аруақ қолдайды. Жол көрсетеді. Адаса-адаса әулиеағашқа келеді. Бәрі жабылып, шалға көмектеседі. Ал қасқыр – ата тегіміздің белгісі. Ол шалдың жауы емес, рухы. Бір көріністе шал қасқыр болады да, қасқыр адам болып кетеді. Жалпы, ойы көп еді. Оны ешкім байқамады.

– Ерболат Тоғызақов сіздің фильміңізден кейін шын мәнінде жұлдыз болды. Көбіне тасада жүретін, шоуларға шықпайтын Ержан Нұрымбетов пен Қуандық Қыстықбаевтың кереметтей мүмкіндігін көрсеттіңіз. Бұлардың екеуінің де кәсіби деңгейі өте жоғары. Бірақ, олар Берік Айтжанов емес, Азамат Сатыбалды емес. Оларды көшеде көрген уақытта танымайсыз. Жалпы, актер таңдау кезінде қандай принципке сүйенесіз?

– Егер сен өзіңді кәсіби актер ретінде сыйласаң, онда ешқашан тойда асаба болмайсың. Академиялық театрда актер болып қызмет етесің бе, онда ешқандай жеңілтек сериалға түспейсің. Менің талабым осындай. Ержанға да, Қуандыққа да осыны ылғи айтамын. Ал Тоғызақовтың жағдайы сәл басқаша. Ол кісі алғашқы киноға түскенде 66 жаста еді. Үлкен кісі болғаннан кейін басқаша қарайсың. Соның өзінде де, айтатын жерде айтамын. Бір күні көшеде келе жатсам, Тоғызақов қолына микроволновка ұстап, жарнамада тұр. Қатты ашуландым. «Сен бүкіл халықтың «Шалы» емессің бе, ендеше мұндайға түсуге хақың жоқ!» деп өзіне айттым да. «Сериалдарға, роликтерге түсуден бас тартуың керек. Ол сенің деңгейің емес» деп айттым. Бұл ұстаздарымның маған қойған талабы. Мен де соны талап етемін. Егер Тоғызақов үлкен бір фильмдерге түсіп жатса, оған қарсы емеспін. Ал тапсырысты, науқаншыл дүниелерге түсуіне қарсымын. Қуандық пен Ержан ондайды жақсы біледі. Түсінеді. Олар кәсіби актерлар. Ал Тоғызақов актер емес. Ол – функция.

 

Асанәліге арналып жазылған еді…

 

– Белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай ағамыз сұхбаттарында, мақалаларында Ержан Нұрымбетов пен Қуандық Қыстықбаевты үнемі мақтап, жоғары бағалап жүретін еді. Сахнаға адал жігіттер деп аузынан тастамайтын. Сіз актер таңдағанда кіммен кеңесесіз? Кімдердің пікіріне құлақ түресіз?

– Актер таңдағанда Жанна Қуанышева жақсы көмектеседі. Жақын досым. Қазақтың белгілі актрисасы. «Қазақфильмде» актерлар бөлімінің меңгерушісі. Актерлардың бәрін біледі. Ең басында кастингті Жанна жүргізеді. 100 адамнан 5 адам қалғанда мен таңдаймын.

– Яғни, сіздің фильмдеріңізден ешқашан танымал шоумендерді көрмейміз ғой?

– Жоқ, көрмейсіздер. Жаннаға да үнемі осыны айтамын. Жүз жерден мықты актер болса да, сериалдарда жылтыңдап жүргендерді түсірмеймін.

– Сіздің фильмдеріңізге түсуге өзі сұранған актерлар болды ма?

– Ондайлар көп. Бірақ, актерді мен де таңдамаймын, материал таңдайды. Мәселен, Ерболат Тоғызақовты алайық. Негізі, сценарийді о баста Асанәлі Әшімовке арнап жаза бастағанмын. «Кто вы, господин Ка?» деген сценарийді де арнайы Асекеңе жазғанмын. «Атаманның ақыры» деген әйгілі фильмнің жалғасы ретінде жазылып еді. Фильм шыққаннан кейін көріп, көңілім қалды. Ойым мүлде басқа болатын. Сол фильм шықпай қалғаннан кейін Асекеңе арнап тағы бір сценарий жазатын болып келіскенбіз. «Шалды» ол кісімен ақылдасып отырып бастағанмын. Бара-бара қарасам, кейіпкер Асекеңнен алыстап бара жатыр. Онша ұқсамайды. Асанәлі ағамыз қазір гламурный шал ғой. Менің «шалым» басқа. Киноны түсіруге үш айдай уақыт қалды. Басқа шалдарды қарап жүрдік. Асекеңе айта алмай жүрмін. Нұржұман Ықтымбаевты қарадық. Облыстық театрлардан да іздестіріп жаттық. Бір күні «Қазақфильмге» келе жатсам, Тоғызақов алдымнан шықты. Сыпыртқы-күрек салған арбасын сүйреп келе жатыр екен. Амандастық. Тәшкісін сүйреп, өтіп кетті. Артынан қарасам, жас бала сияқты. Бойы да аласа ғой өзінің. «Қасымыч!» деп едім, жалт қарады. Керемет фокус болды. Беті әжім-әжім, жалт қарады. Тоқтатып алып, қасына бардым. «Кітап оқисың ба?» деймін. «Оқимын» дейді. «Хемингуэй деген жазушыны естуің бар ма?» деймін. Темекісін бұрқыратып: «Вообще-то он мой любимый писатель», – дейді. «Шал мен теңізді» де оқыған екен. Міне, ендеше! Бұл кездейсоқтық емес деп ойладым да, сценарийді оқуға бердім. 1-2 күннен кейін кездестік. Оқыпты. Қалай екенін сұрасам, «жақсы» деп ары қарай кетіп бара жатыр. Тоқтатып алдым. Сөйлестік. Өзі киношник. Тәжірибесі мол. Далада жүрген адамдар киноға түскісі келеді ғой. Ал мына кісі киноның табиғатын біледі, түскісі келмейді. Ат-тонын ала қашты. Әрең көндірдік. Кинопроба шыққаннан кейін қарасам, іздегенім осы шал. Тура сценарийдегі шал. Енді Асекеңе барып айту керек болды. Сүмірейіп бардым. «Асеке, ренжімеңіз. Бұл сіз емес, басқа шал», – деп түсіндіріп айттым. Асекең ашуланды. Бұл жерде көңілжықпастыққа салып, Асекеңді түсірсек, фильм шықпас еді. Соны түсіндіріп айтуға тілім жетпеді. Бірақ, фильм шыққаннан кейін Асанәлі ағамыз мойындады, ризашылығын білдірді. «Шалға» «Құлагерді» өзі берді.

– Неге интеллектуалдық кино шығару азайып барады? Мысалы, «Аманатқа» ешкім бармады деп айтуға болады. Әдетте бұрындары кітап оқитын адамдар киноға барады делінетін. Қазір киноға кімдер барады?

– Киноның табиғаты өзгерді. Кино өзгергеннен кейін көрермен де өзгерді. Қазір киноға баратындардың жасы 14-24 жас аралығында. Ең негізгі көрермен осы. Тинейджерлер барады. 12 жыл шетелде тұрдым ғой. Дамыған елдерде тек Феллининің, басқа да атақты режиссерлардың ғана киносын көрсететін арнайы кинотеатрлар бар. Ал көпшілік «Трансформерге» барады, «Аватарға» барады. Оларға не керек? Бір жарым сағат миын өшіріп тастауы керек. Кейбір режиссерларымыз бұрын 1 минуттық жарнама түсіріп жүрсе, қазір бір жарым сағаттық жарнама түсіретін болды. Ондайға мен бармаймын. Қазіргі киноны көре алмаймын. Өзімнің 150 кинодан тұратын тізімім бар. Соларды айналып келіп қарап отырамын. Оның ішінде шетелдің мықты дүниелерімен қатар, өзіміздің Шәкен ағамыздың фильмдері де бар, «Көксерек» бар. Сол арқылы өзімнің ішкі тазалығымды сақтағым келеді. Ал қоқым-соқымға бір кірсең, одан қайтып шыға алмайсың. Былғанып қаласың. Көзқарасың былғанады. Қазіргі заманның кітаптарын оқымаймын, қазіргі заманның киносына бармаймын. Классиканы оқимын. Ескі спектакльдерді көремін. Қазіргі заманның эстетикасын мүлдем қабылдай алмаймын.

– Балаларыңызбен отырып кино көрмейсіз бе?

– Жоқ, көрмеймін.

– Ал балаларыңызға қандай кітап оқып, қандай кино көру жөнінде өз пікіріңізді таңатын кезіңіз бола ма?

– Айтпаймын. Бір-екі рет қана болмайтын шоуларды көріп отырғандарында теледидарды өшіріп тастадым. Бар қарсылығым сол болды. Өздері кеңес сұрамаса, өзім ештеңе айтпаймын. Тіпті, балаларым менің немен айналысатынымды да онша түсіне бермейді ғой деймін. Өткенде көшеде біреулер менімен суретке түссе, кіші қызым «они чего от тебя хотят?» деп жатыр. Өз пікірімді таңбаймын. Интернетте көп отырмауды ғана өтінемін. Көбірек бірге қыдыруға тырысамын. Ауыл жаққа апарамын. Бір білерім, қазіргі заманның баласы мүлдем басқа.

– Дәл қазіргі жағдайда Білім министрі болсаңыз, не істер едіңіз? Мәдениет министрі болсаңыз ше?

– Асылып өлетін едім… Бізде мәдениет бар ма? Білім беру дейсіз, білімнің өзі жоқ қой бізде! Білім беру саласы тұралап тұр. Білімді жастар бар, бірақ жалпы көпшіліктің деңгейі өте төмен. Қазіргілер кез келген нәрсені Гуглдан іздейді. Бұл қорқынышты ұрпақ.

– Алдағы жоспарыңыз… Не түсіресіз?

– Бірнеше дайын сценарий бар. Бірақ, ақша жоқ. Қазір бізге министрлік ақша бермейді. Олардың жоспары басқа. Сол, қалдырып кеткен жерлерінде отырмыз… Болашақта кино түсіремін бе, түсірмеймін бе, білмеймін. Бәрі қирап жатса, неменеге жетісіп кино түсіреміз? Қазір «Осторожно, корова!» деген сияқты нәрселерді түсіру керек. Мен ондайды түсіре алмаймын. Ондайға «қабілетім жетпейді»…

 

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда

Дереккөзі: kitap.kz

[:]