[:ru]
Өткен сенбі күні Алматы Энергетика және байланыс университетінің футбол алаңында 1986 жылғы «желтоқсан» оқиғасының 30 жылдығына және желтоқсандық Ербол Сыпатаевтың құрметіне арналған «Ер есімі – ел есінде!» атты жоғары оқу орындары мен дене шынықтыру ұйымдары командаларының арасында шағын футболдан жарыс өткізілді. Іс-шараға 1986 жылғы «желтоқсан» оқиғасына қатысушылар, қала жастары және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.
Биыл 1986 жылғы «желтоқсан» оқиғасына 30 жыл толуына байланысты Алматы қалалық әкімшілігі осы датаға арналған бірқатар спорттық шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сенбі күні Энергетика және байланыс университетінің футбол алаңында өткен шағын футбол жарысы осы бағдарламалардың бірі. Іс-шараның салтанатты ашылуына Алматыдағы «желтоқсандықтардың» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
1986 жылғы «желтоқсан» оқиғасының 30 жылдығына және желтоқсандық Ербол Сыпатаевтың құрметіне арналған «Ер есімі – ел есінде!» атты шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Желтоқсан жалауы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Азат Көкен «Біз 1986 жылы 16 желтоқсанда Алматының орталық алаңына наразылық шеруіне шыққанда отыз жылдан кейін осылай сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеп тұрамыз деп ойлаған жоқпыз. Артынан не болатынын да білген жоқпыз. Сол күндері алаңға барған көптеген жастарымыз жазықсыз күйіп кетті. Ербол Сыпатаев сол алаңда қаза тапты. Одан да басқа қаза болған желтоқсандықтарды бүгінде біз құрметпен еске аламыз, мына өткізіліп жатқан шара соларға арналады», деді. Бұдан басқа да «Желтоқсан» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері сөз сөйлеп, осындай іс-шараларды ұйымдастырып отырған қала әкімшілігіне алғыстарын білдірді.
– Қалалық әкімдіктің бастамасымен Желтоқсан оқиғасы кезінде қаза болған Ербол Сыпатаевтың құрметіне арналған «Ер есімі – ел есінде!» атты жарысты ұйымдастырып жатырмыз. Бұл жарысқа оқу орындары және дене шынықтыру ұйымдары қызметкерлері мен студенттерінен құралған командалар қатысады. Мини футбол жарысында жалпы саны 10 команда өзара жарысқа түсіп, алдыңғы үш орынды алған командалар әкімшіліктің арнайы дипломымен, кубоктарымен марапатталады. Сонымен қатар әрбір ойыншыға арналған жеке сыйлықтарымыз бар. Аладғы уақытта осы Алматы Энергетика және байланыс университетінің спорт залында үстел теннисінен, спорттық тағы басқа түрлерінен жарыстар ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Біз 1986 жылғы «желтоқсан» оқиғасының 30 жылдығын осылай атап өтпекшіміз, — дейді Алматы қалалық әкімшілігіндегі Спорт басқармасының бөлім басшысы Алмас Махамбедьяров.
Мини футбол жарысының ашылу рәсімі әрі қарай өнерпаз жастардың концертімен жалғасты. Содан кейін 1986 жылғы «желтоқсан» оқиғасының 30 жылдығына және желтоқсандық Ербол Сыпатаевтың құрметіне арналған «Ер есімі – ел есінде!» атты шараның негізгі бөлімі — жоғары оқу орындары студенттерінен құралған футбол командалары мен дене шынықтыру ұйымдары командалары алдын ала жасалған жеребе бойынша ойын алаңына шықты. Алматы қалалық әкімшіліктің тіккен жүлделері ойынға қатысқан он команданың ішінен үздік шыққандарына берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы мақтау қағаздармен, төс белгілермен және жүлделермен марапатталды.
[:]