[:kz]
Әне-міне дегенше жаңа, 2017-жыл да таяп қалды. Ал әрбір жаңа жыл қарсаңында астрологтардың түрлі болжамдар жасайтыны белгілі.
Осы орайда біз алматылық кәсіби астролог Бақытжан Ақанованы (суретте) әңгімеге тартқан едік.
– Бақытжан, астрологияға қашаннан қызыға бастадыңыз? Оған не себеп болды?
– Бұл менің бала кезден қатты қызығатын, сыры мен құпиясын терең меңгерсем деп алдыма мақсат етіп қойған арманым болатын. Кішкентайымда бронх астмасымен ауырдым. Астманы білесіздер, әсіресе түнде тұншықтырғанда ұйқы қашады. Ондайда аспандағы жұлдыздарға қарап отырушы едім. Олардан бойыма тылсым сыр құйылып жатқандай әсер алатынмын. Осы сезім менің аспан әлеміне деген қызығушылығымды үдете түсті. Он екі жасымнан бастап осы саладағы кітаптарды оқитын болдым. 9-шы сыныпта біз телескоп арқылы айға қарадық. Осы кезде мен өзімнің астроном болатынымды ұқтым. Обсерватория туралы кітаптарды іздеп жүріп оқыдым, Самарқандағы Ұлықбек обсерваториясын көруді армандадым. Қазір сол арманыма жеттім дей аламын, бүгінде мен көпшілік мойындаған кәсіби астрологпын.
Астрология – түпсіз терең ілім, ол үнемі ізденіс үстінде болуды талап етеді. Сондықтан мен 38 жасымда Қытайдың астрология мектебінде оқыдым. Алматыда батыс астрологиясы бойынша білім алдым. Үнді астрологиясы, Рейка ілімі, эзотерика, медитация сынды адамның болмыс-бітіміне аспандағы жұлдыздардың әсер етуі, ықпалынан хабар беретін қосымша қажетті салалардың бәрін зерделедім. Психология курстарынан өттім. Жинақтаған тәжірибем бойынша бронх астмасынан айықтым. Осылай алғашқы сынақты өзіме жасадым.
– Жұлдыз белгілері бойынша қандай мәселелерді анықтай аласыз?
– Барлық нәрсені. Адамның жеке қызығушылығын, денсаулығын, қандай ауруларға бейім келетінін, күш-қуатын, өмір ұзақтығын, қай мамандықты таңдаса асығы алшысынан түсетінін, әлеуметтік жағдайы қандай болатынын, қиындыққа тап болса, оны қай уақытта, қалай шешу керектігін, тіпті қай кездерде қуанышқа кенеліп, қандай жағдайларға қателік немесе өкінішке ұрынатынын да білуге болады. Әулеттік мәселелер, оның себептері, ата-анасы, бауырлары, бала-шағасының мінез-құлқына дейін тап басып айтып бере аламын. Жұлдыздар отбасылық үйлесім, кіммен бақытты жұп болатыны, қай кезде некелескен дұрыс екенін де анық көрсетеді. Баланың жынысы мен оны қалай тәрбиелеу керектігін де анықтауға мүмкіндік бар. Аспан әлеміне адамның алыс не жақын жаққа жол жүруі, оның қанша уақытқа созылатыны мен сәтті-сәтсіз болатыны да белгілі. Арманыңыз бен тілегіңіздің орындалу-орындалмауын да болжауға болады. Кімге қандай спорт түрімен айналысқан тиімді, атақ-абырой мен қызметтік мансапты өсіру үшін не істеу керектігі де көкке әйгілі. Адамның қандай табыс тауып, қалай жұмсайтынын да біле аламын.
– Қызық екен. Ал енді осы болжамдар қаншалықты дәл келеді? Жаңылысуыңыз мүмкін бе?
– Бала кезгі тоқтаусыз ізденуімнен бөлек, он екі жыл бойы әлемді шарлап, озық ілімді адамдардан білім алуым мен бұл салаға деген шексіз қызығушылығымды есепке алғанда, қателесуім мүмкін емес. Сенбесеңіз, сынап көріңіз! Маған келгендер көбіне осылай күдіктеніп отырады да, жауапты естігенде айтарға сөз таппай қалады.
– Ал бұл қызметіңіздің ақысы қанша?
– Толық, жан-жақты, ұзақ мерзімге арналған бағыт-бағдар түзу ақысы 21 мың теңге. Дегенмен келушілердің жағдайына қарай жеңілдіктер жасап тұрамын. Ал мамандық таңдау, қиын жағдайдан жол табу, бизнесті неден және қашан бастау керек дегендей жеке сұрақтар болса, оның күрделілігіне қарай бағасы келісімді.
– Мұндай мәселелерді анықтау үшін нені басшылыққа аласыз?
– Маған адамның толық аты-жөні, қай жерде туылғаны туралы нақты мәлімет, туылған сағаты керек. Қалғанын астрономиялық есеп пен астрологиялық белгілердің түйісуі, әсер етуші және жебеуші жұлдызының белсенділігі бойынша өзім анықтаймын. Мұның бәрін дәлдікпен анықтап, есептеу үшін геометриялық нақтылық пен азырақ уақыт керек. Қажет болған жағдайда адамның алақан сызықтарына қараймын. Хиромант емеспін, әйткенмен алақан сызықтарынан да адамның бүкіл тағдырын анықтауға болады.
– Әулетіңізде сізден басқа мұндай кәсіппен айналысатын адам бар ма?
– Әжем құмалақпен пал ашқан екен. Биыл 88 жасқа келген анам тамыр ұстайды. Менің бұл салаға қызығып, белгілі бір жетістікке жетуімде осының әсері бар деп ойлаймын.
– Өзіңіздің жеке отбасылық мәселелеріңізде де жұлдыздарды басшылыққа аласыз ба?
– Әрине. Жұлдыздар ешқашан жаңылыспайды. Бұл ретте жұлдыздар менің бағдаршамым десем жарасады. Бүгінде мен клиникалық психолог қызметін атқарамын. Алматыдағы бір оңалту орталығында ауыр халдегі науқастардың жан-дүниесін, өмір сүруге деген үмітін, қызығушылығы мен ықыласын ояту бойынша жұмыс істеймін. Бұл жұмысым өзіме өте ұнайды, әрі астролог ретіндегі қызметімде көмегі көп.
– Қажет еткен жандарға алдағы жылға жұлдызнама жасап бере аласыз ба?
– Жасап беруге болады.
– Ал қызметіңізді, көмегіңізді қажет еткендер сізге қалай хабарласа алады?
– Мен жайлы «www.Astropsycholog.kz» сайтынан оқып-білуге болады. Ал байланыс телефоным – 8-701-218-38-89.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК
www.zamana.kz
[:]