АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Алматыда тоғыз жасар қызды жездесі мен нағашы атасы қорлап келген [:]

[:kz]

Алматыда қайын әпкесінің кәмелетке толмаған қызын зорлап, азаптаған жігіт жазасыз қалуы мүмкін. 2015 жылдың жазында жазылған шағым бойынша еш нәтиже жоқ. Қылмыстық істің жабылу қаупі бар, деп хабарлайды NUR.KZ.

Алматыда тоғыз жасар қызды жездесі мен нағашы атасы қорлап келген

Бұл туралы портал тілшісіне жәбірленген қыздың туған әжесі мәлімдеді. Жасы алпысты алқымдаған Айжан Әмірсанқызы Семей полигонының зардабын шеккен екінші топтағы мүгедек. Ол немересінің зорланғанын естісімен әділет іздеп, заң орындарына жүгінген. Алайда бір жарым жыл ішінде жүргізілген тергеу-тексеріс амалдары еш нәтиже көрсетпеген. Зейнеткер немере қызын жәбірлеген адамның өз жазасын алуына құзырлы органдар тұрмақ, қыздың туған анасы да құлықты болмай отырғанын алға тартады.

Айжан Әмірсанқызының айтуынша, оқиға осыдан жеті жыл бұрын немересі тоғызда болғанда орын алған.

— Ұлым мен келінім ажырасып кеткен соң, келінім екі баласын алып төркініне кетті. Шынын айқанда келінім жеңіл жүрісті. Құдам — біздің көршіміз, алыс тұрмайды. Бір жылдан соң ұлым қайтыс болды. 2014 жылы қаңтар айында тоғыз жастағы үлкен немерем келіннің қолынан киім-кешегін арқалап біздің үйге қашып келді. Дереу келініме хабарласып, себебін сұрадым. Оның айтқан жауабы жағамды ұстатты. Ол өз қызын ұрлықшы, өтірікші деп атады. Оның айтқанына сенбеуімді өтінді.

Сол күні кешке қызымды жуындырайын деп киімін шешсем, денесінде көгерген іздер бар екен. Неде болса сол үйде біреу қол жұмсаған деп ойладым. Бір аптадан соң ұлымның жылдық асын беруге дайындалып жүргенбіз. Сондықтан бірден шағымданбаған едім.

Анасы қызымен мүлде араласпайды, жақын тұрса да келіп қал-жағдайын сұрамайды. Содан баламды өз қамқорлығыма алуды шештім. Анасы ойлана келе құжатын дайындауға келісті. Сөйтіп мен немеремді заңды түрде қамқорлығыма алдым. Келінім шақырсам келеді, шақырмасам ат ізін салмады. Бір күні менің екінші топтағы мүгедек ретінде жылына бір рет ем қабылдайтынымды білетін келінім, аяқ астынан маған қызық талап қойды.

«Егер ауруханаға жатсаңыз, қызымды бірге алып жатыңыз, мен қайын атама сенбеймін, — деп қойып қалды. Осыны тағы немереме де үйретіп қойыпты. Мұнда бір шикіліктің барын сездім, бірақ мән бермедім, — деп баяндады оқиғаны Айжан Әмірсанқызы.

Немересінің зорланғанын әжесі гинекологиялық кабинетте бір-ақ білген.

 

— Төменгі жағы мазалайтынын айтқан соң, үйдің жанында орналасқан жекеменшік емханаға гинекологқа апардым. Гинекологиялық кабинетте қызымның өз аузынан болған жайтты естігенде, шынымды айтсам, не істерімді білмедім. «Мені анамның сіңлісінің күйеуі зорлаған. Сол жағдайдан соң, анам маған екі рет екпе жасады, түрлі таблеткалар берді. Мұны ешкімге айтпа деді. Біреумен бөліссем, мені бәрі жек көріп кететінін айтты, — деп немерем ашық баяндады.

Онымен қоймай, немереме сол үйде нағашы атасы да тиісіп жүріпті. Ол қызымның әлі жетіліп үлгермеген төсіне қолын салып, шалбарын шешпей, нəпсісін қанағаттандырған. Не сұмдық? Соның бәрін қызымның шешесі қорғаштап отырса, қалай жүрегің ауырмайды», — деп көз жасына ерік берді зейнеткер.

Заңгер Кәмшат Есмұхамбетқызының айтуынша қылмыстық істі тергеу 2016 жылдың басынан бастап әлі созылып келеді. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің тергеу бөлімі заңгерге қылмыстық істі жабатындықтарын айтқан.

Алматы қаласы, Жетісу аудандық сотына түскен шағымды алғаш болып Жетісу аудандық ішкі істер басқармасы қарайды. Ондағы тергеушілер сот медициналық сараптама тағайындаған. Сараптаманы жүргізген жалғыз дәрігер жәбірленуші қызды қараудан бас тартқан. Өйткені сол уақытта оның жыныс мүшесінен ірің кетіп жатқан. Сот сараптамасында қызды зорланбаған деп көрсеткен. Оған шағымданушы келіспейтіндігін айтып, сараптаманы бірнеше дәрігердің қатысуымен жүргізуді талап етеді. Сол екі ортада бұл іс аяқасты жоғалып кеткен. Сондықтан екінші сараптаманы арада үш ай өтіп барып тағайындаған. Сонша уақыт «жоғалған» істі аудандық прокуратура тауып, Түрксіб аудандық прокуратурасына жіберген.

— Олар айыпталушының Түрксіб ауданында тіркелгенін алға тартып, істі сол жаққа аударды. Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасы істі аудандық полиция бөліміне берді. Сөйтіп мұнда тұрақты тергеуші болмаған соң, Айжан Әмірсанқызы біздің орталықтан көмек сұрады. Осы іске мен былтыр мамыр айында кірістім. Мұнда екінші рет сот сараптамасы жасалынды. Оның қорытындысы бойынша қыздың нақты зорланғаны белгілі болды. Аудандық деңгейде нақты нәтиже болмаған соң, былтыр қыркүйекте қалалық ішкі істер департаментіне шағымдандық.

Міне наурыз болды. Жеті айда тергеуші өз бетінше психологиялық сараптама тағайындады. Екінші сот сараптамасы қарама-қайшылық туғызған соң, нақты зорланғанын растау үшін үшінші рет Астанадан қайтадан сараптамадан өтуге мәжбүрледі. Оның нәтижесі қыздың зорланғанын растады. Енді соны біле тұра, қылмыстық істі жапқалы жатыр. Келтірген уәждері – уақыты өтіп кетті. Іс созылып кетті. Күйінетін себебіміз, аудандық полиция бөлімінде тоғыз ай жатқан істен тоғыз түйін де шықпағаны. Алматы қаласы ішкі істер департаментінде істі жүргізуге құлық танытпағаны.

Бір қызығы, кәмелет жасқа толмаған қызды екі рет психологиялық, үш рет гинекологиялық сараптамадан өткіздік. Осылайша онсыз да жаны жаралы қызды психологиялық қыспаққа алдық. Тергеушілер өз бетінше еш қимылдағысы келмейді. Бәрін өзіміз жазамыз. Үнемі жалынып тұрамыз, — дейді заңгер.

Айта кететін тағы бір жайт, заңгердің айтуынша, айыпталушының анасы Айжан Әмірсанқызына арызды қайтарып алуын сұрап, ақша ұсынған. Сондай-ақ, мектеп психологы арқылы қыздың әжесін зорлаған жігітті жазалау туралы ойынан бас тартуға ықпал еткен көрінеді. Айыпталушының жақындары психолог арқылы қыздың әжесіне егер арызданбаса, оның денсаулығын қалпына келтіруге, өмір бойы материалдық жағынан қамтамасыз етуге уәде ететіні туралы сәлем айтқан.

Қазіргі таңда анасының күйеу баласынан жәбір көрген қыз он алтыда. Зорланғаннан кейін қыздың ағзасында түрлі патологиялық өзгерістер болған. Әжесінің айтуынша, дәрігерлер тіпті қыздың аналық жатырын алып тастауға кеңес берген. Алайда әжесі шетелден дәрі алғызып, беті бері қарапты. Ол қазір гинекологиялық орталықта есепте тұр.

Айжан Әмірсанқызының ендігі мұңы әділет орнаса деген ой.

«Немеремнің хақын алып берсем деп қанша жүгірдім. Осы іс жабылады дегенде маған бір күлген сияқты көрінеді бұлар», — дейді жарымжан зейнеткер.

Дереккөз: Nur.kz

[:]