АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Сарыағаштық Мақсат қарияға елден көмек керек[:]

[:kz]

 

Замана газетiнiн редакциясына Сарыағаш қаласынан мынандай  хат келiптi. Хат авторы – Мақсат Мұқанов қария (суретте) мынадай өтініштер білдіріпті:

Иманды, ибалы әйел болса…

Құрметті «Замана» газетінің патша көңіл оқырмандары! Республика аумағына таралатын газет ретінде «Заманадан» бір көмек болар деген үмітпен Сіздерге осы хатты жолдап отырмын.

Менің жасым – 70-те. Қарақалпақстанның Бируни ауданынан қоныс аударған оралманмын. Әйелім Ұрқия Шарапқызы осыдан 8 жыл бұрын қайтыс болған. «Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан» деген рас, әйелің болмаса қиын екен.

Үш ұл, бес қызым бар, бәрі үйлі-жайлы, әйелдері, күйеулері жанында. Әйел болмаған соң бәрібір де қиын екен.

Сондықтан өзіме ибалы, иманды, инабатты, ар-ожданды әйел іздеуді шештім. Біреуден екеу болған жақсы ғой, егер үйі бар, еркекті сыйлай білетін, қолынан іс келетін, жаман әдеттерден аулақ, қақ-соқпен ісі жоқ, адамгершілігі мол, адал мен арамды ажырата білетін әдепті әйел табылса, менімен немеремнің мына телефон нөмірі арқылы хабарласа алады: 8-775-605-49-20.

Таза бал қайда бар екен?

«Замана» ел газеті ғой, сондықтан біреудің білгенін біреу білер деген оймен тағы да бір мәселеде көптен көмек сұрауды шештім. Ол балға байланысты.

Қазір таза балды қайдан табуға болады?

Өзім балды емге көп қолданамын. Қажет еткен таныстарыма балдан емдік сусын, шөп дәрілермен қосып дәрі жасап беретінім бар. Бірақ соңғы бес-алты жылдан бері табиғи таза бал таба алмай жүрмін. Ташкенттен, Сарыағаштан, Шымкенттен, Шудан, Тараздан талай мәрте бал сатып алдым, бәрі де қант қосылған, таза емес болып шықты.

Сонымен менің айтарым: Құдайын ойлаған, адал, өзіне-өзі сенімді, Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын кәнігі омарташылар болса, газетке мекен-жайын, телефон нөмірін хабарласа екен. Өзім-ақ барып, таза, табиғи балды сатып алып қайтар едім.

Ешкілі бай Арыстанды іздеймін

Бірде Сарыағаштағы бір жиында: «Ордабасы ауданында Арыстан деген ешкілі бай бар екен. Ешкілерінің саны 2000-нан асыпты», – деген әңгіме естідім. Негізі біле білген адамға ешкінің сүті де, еті де денсаулық үшін пайдалы ғой. Мен сол ешкілі бай Арыстанмен кездесіп, әңгімелесуді көптен бері армандап жүрмін. Бірақ оның қай ауылда тұратынын анық білмеймін.

Мүмкін Арыстан Омаров деген кәсіпкер азаматты білетіндер бар шығар. «Заманада» ол кісі туралы көлемді мақала жарияласаңыздар екен. Сонымен бірге ешкі еті, сүті туралы тың деректер жазылса жақсы болар еді.

Егер Арыстан бауырым менімен кездесіп, сөйлесуге қарсы болмаса, мекен-жайын, телефон нөмірін айтса, өзім-ақ барып танысып қайтар едім.

…Осыны айтқан Мақсат қария хат соңында өзінің мекен-жайын көрсетіпті. Ол кісі Сарыағаш қаласындағы Мичурин көшесінде, №7-үйде тұрады екен.

Біз ол кісінің бірқатар өтініштерін орындадық, қалғанын алдағы уақыт еншісіне қалдырып отырмыз. Бұйыртса, ол жөнінде де оқитын боласыздар.­

Р. ҚЫДЫР

zamana.kz

[:]