АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Апа, кешірші[:]

[:kz]

Тойдан тойып шықтық. Жеңіл машинаның ішінде жеңіл бас айналумен масайрап отырмыз. Мен алдындамын. Не дегенмен бір ауылдың бас дәрігері атым бар емес пе? Күйеуімнің қайтыс болғанына алты ай. Бүгін бірінші рет тойға баруым. Көптен бергі сыртқа шығуым. Құрбым бізбен бірге жүретін серіктердің дәл ортасынан ойып тұрып орын алмақшы. Қанша дегенмен бойдақ аты бар. Әрі әкімшілікте білдей бір нұсқаушы. Неғып тұрмыз деп сұрағанымызға, жүргізуші «той иелері тағы екі кісіні ала кетерсің» дегенін айтқан. Құрбым екеуміз той шаттығы әлі жалғасарына мәз болдық. Е, мейлі. Шалдау болса шалқып, жастау болса әзіліміз жарасып жетерміз. Ауылға дейін қанша бір жер бар. Өз қиялыма семіріп, тойдан сарқытқа деп берген жуан бөтелкені сыртынан бір сипап өттім. Басытқы да дайын. Қазы-қарта, піскен ет.

Көңілімізді нілдей бұзып, машинаға бір ақсақ шал мен бүкшиген кемпір жақындады. Қап! Онымен тұрмай кемпірдің шырылдақ дауысымен «әй, қызым, мына шалдың жамбасында темір бар еді. Алдыңдағы орынды берсең қайтеді? дегені, мәссаған! Жетпегені осы еді. Қиналсам да сыр бермей созалаңдай түсіп, орын бердім. Не бар екен, сүйегін саудыратып, той деп, отырмай ма үйлерінде! Құрбым да қиялдағы жігіттердің елесі көкке ұшқанына қырсығып «ну, и народ!» деп нығырлады. Маған орын босатқан болып шүйкедей кемпірге аяғын тарбайта ысырып, шынтағын тіреп қояды. Орысша боқтайтын әдеті бар еді. «Ев» дей бере шашалып қиқылдады да қалды. Кемпір шүкаттай болып салмақты ма немене, машина солай қарай еңсеріліп бір басылды.

Піссімілла Рахман Рахым! Е, Алла, жолымызды оңғара көр! деп қояды өзі ап-анық етіп. Әншейінде үлкендер салт бойынша ерінінің үшін ғана жыбырлатқанына үйренген басымыз, мына  Кемпірдің бар дауысымен айтқанын ерсі көріп қалдым.

Жүріп кеттік. Құрбым әлі жөтеліп отыр, әлі жөтеліп отыр. Кемпір де қарап отырмай:

          – Деміңді аузыңмен алып, мұрыныңнан сыздықтатып шығар, деп указание беріп қояды еще! Оған болатын жөтел жоқ.

Су бар ма дейді тағы тақылдап. Құрбым суды бөтелкенің аузынан ішті. Жоқ, қояр емес. Кемпір де жағаласып, «суды шайнаған құсатып асықпай ұртта деп қоярын қайтесің. Тиылатын жөтел көрінбейді.

Енді кемпір еңсеріле бұрылып, дөңкиіп отырған құрбымның нақ желкесіне өзінің кішкентай алақанын қойды. «Өзіңнің оң алақаныңды жалаңаш етіңе тигізіп алқымыңнан ұста» деп бұйырды.

Сол кезде шалы бұрылып, жайсыз отырдың-ау деп аяп қояды. Қара бұларды, «Қозы Көрпеш – Баян» бола қалуын!

          – Ештеңе етпес, мына бала қиналып келеді, –  дейді кемпір. Өзі бір қолымен алдыңғы креслодан мықтап ұстап алған. Жол шоқалақ, жайсыз. Бірін-бірі қамқорлауын!

Кейін құрбым еске алады. Титімдей қолын салып жібергенде жалаңаш етіме көлбақа салып жібергендей дір еттім. Содан кейін алақаны ып-ыстық болып жаным жайланды.

Бірақ мен боқтай бергенімде, жұдырықтай бірдеңе аузыма кіріп кеткен сияқты болған. Сол барып жатырыма солқ ете түсті. Әлгі кемпір дұға оқығанда біртіндеп көкірегіме келді.  Секіріп-секіріп алқымыма көтеріледі. Бірақ шықпады.

Теңселіп-теңселіп асқазанымда қалып қойғандай. Енді міне, неше апта болды, асқазаным күйеді де тұрады.

Екі рет менің  ауруханамда жатып емделді. Анализдерінің бәрі дұрыс. Бірақ тамақ батпайды. Зонд жұтқанда асқазан күлдіреп күйіп қалғандай болып көрінеді. 

Болмаған соң халық емін жағалады. «Біреуді оңдырмай ренжітіпті. Кешірім сұрасын» деді. Не хикмет? Кімнен кешірім сұрамақпыз? Дәу де болса сол ападан шығар? Тегін кісі емес. Емшісіз бе дегенімізде, «қайдағы. Өздерің жас бала ауырса өтекпен матаны қыздырып баспайсыңдар ма? Бұл да сол сияқты. Тек мына қызым менің айтқанымды тыңдамай, өз алақанын көкірегіне баспай келеді. Ауру ішке түсіп кететін болды» деген. Біз соған сендік.

Сол апа осы жазғанымызды оқып, біз сияқты шалқып сөйлеп, есіріктенген бейшараларды кешірсе екен дейміз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет еткенді ұмыттыратын жынды суды енді ұрттап алмайтын болдық. Мен тек науқас жандарды емдеп ел алғысын алуды ғана мақсат тұттым. Екі қарғамның тілеуін тілеп қана отырамын. Құрбым болса инеліктей бүгіліп жанымен қайғы. Ол әлі тұрмыс құрып үлгермеген еді. Апа, кешіріңізші. Сіз кешірсеңіз Алла кешіреді дейді. Кешіріңізші, апа!

Құрбылардың өтінішін қағазға түсірдім.

Маркиза БАЗАРБАЕВА

«Қамшы» сілтейді

[:]