[:kz]
Алматы облысында тұңғыш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Рухани керуен» жобасы бастау алды. Алматы облыстық дін істері басқармасы ұйымдастырған игі шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар арнайы келіп, ақ жол тіледі.
«Рухани керуен» жобасы барысында облысымыздың зиялы қауым өкілдері жергілікті елді мекендерді аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады. Керуеннің құрамында әр түрлі саланың білікті де білімді 50 маманы бар. Аталмыш жоба 3 айға созылады деп жоспарлануда.
Керуен мүшелері өңірдегі қала, аудандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында орын алған «Рухани керуен» жобасының салтанатты ашылуында Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы шараның мақсаты мен міндетін айта келе, керуенге мүшелеріне ақ жол тіледі.
– Әлемдегі діни ахуалдың қиындығына өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Оның салқыны бізге де тиюде. Соған қарсы экстремизмді болдырмау және асыл дініміз бен ежелден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында осындай жобаны қолға алдық. Игілікті шара көпшілігіміз үшін өте маңызды. «Рухани керуен» мүшелеріне ақ жол және нәтижелі жұмыс тілеймін. Бұл керуен арқылы біз әсіресе, жас ұрпаққа дін мен салт-дәстүрдің егіз ұғымын екенін түсіндіруіміз керек. Ұлттық сана мен ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық сананы жеке дара бөліп қарау мүмкін емес. Мұның барлығы бір тамырдың өзегіндей дүние екенін көпшілікке түсіндіруіміз керек. Осы мәселеге оң нәтиже беру мақсатында облыс әкімінің қолдауымен, облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, облыстық дін басқармасы, кейінге таман дінді зерттеу орталығы құрылды. Осы сала мамандарының ұйымдастыруымен қолға алынған жұмыс нәтижесі берекелі әрі жемісті болады деп ойлаймын, – деп игі шара жайлы әңгімеледі.
Алматы облысында орын алған кез-келген шараның басы-қасында жүріп, ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп жүретін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жандандырып, жастардың жүрегіндегі Отанға, туған елге, жерге деген патриоттық сезімдерін ояту қазіргі күннің басты тақырыбы екенін тілге тиек етті. Алматы облысының Құрметті азаматы, киноактер Әлімғазы Райымбеков керуен мүшелеріне ақ батасын арнады.
«Рухани керуен» жобасы аясында құрылған жұмыс тобы елді мекендерді аралау барысында «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» тақырыбында зиялы қауым өкілдерімен келелі кездесу, «Денсаулық – болашақ кепілі!» тақырыбында діни себептермен екпе, қан құюдан бас тартқан азаматтармен кездесіп, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. «Рухани жаңғыру: туған жер – алтын бесік» атты сурет және кітап көрмесі мен «Ақпараттық түсіндіру жұмысы – діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейді» тақырыбында білікті дін танушы ғалымдармен дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Дескруктивті діни ағым ықпалына түскен азаматтарға оң жолды нұсқау мақсатында «Рухани мұра» атты концерттік бағдарлама, шығармашылық топтың «Дертке дауа – Хақ жолы» атты қойылымдары қойылмақ.
Әрбір Қазақстан азаматының рухани санасын жаңғырту, туған жеріне деген сүйіспеншілік және патриоттық сезімдерін арттыру мақсатында жолға шыққан «Рухани керуен» төмендегі бағыттар бойынша өз жұмыстарын жүзеге асырады.
- 4 – 7 қыркүйек: Жамбыл,Қарасай,Талғар
- 20 – 22 қыркүйек : Ақсу,Сарқан,Алакөл
3 4 – 6 қазан: Панфилов,Ұйғыр,Райымбек
4. 18 – 20 қазан: Енбекшіқазақ,Іле,Қапшағай
- 1 – 3 қараша: Көксу,Кербұлақ,Балқаш
- 8 – 10 қараша: Ескелді,Текелі,Қаратал
- . 17 қараша: Талдықорған қаласы
[:]