[:kz]
Қазақстанда әр бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақ тағамтану академиясының нутрициолог маманы А.Чуенбекова мен денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы А.Иманалина баяндады.
«Қазақтың жаңа табағы» ұранымен дұрыс тамақтануды насихаттаушылар отандастарымызды майсыз етті тұтынуға, қорегіміздің құрамындағы қант мөлшерін шектеуге шақырып, көкөністер мен жеміс-жидектердің үлесін арттыруға үндеді.
Елімізде салауатты өмір салты орталығының 1998 жылдан бастап әр үш жыл сайын жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, адамдардың басым бөлігі күніне екі рет ыстық тамақ тұтынбайды. Ал 12 пайызы үш рет ас ішетінін айтса, 9 пайызы бір тәулікте бар болғаны бір рет қана қоректенеді. Тұрғындардың жартысына жуығы күнделікті асының 400 грамы жеміс-жидек болуы тиіс екенін білмейді. Көбісі тиісті мөлшерде ет өнімдерін пайдаланбайды.
Дәрігерлердің айтуынша, қазақстандықтар жейтін асына жиі зейінсіз қарайды Ал, ауырған кезде күнделікті жарнама беттерінен түспейтін ең жаңа препараттарды іздейді.
— Балалар арасында фастфуд өнімдерін тұтыну белең алып барады. Зерттеулерге сүйенсек, жасөспірімдердің 13,7 пайызы күніне бір рет фастфудты азық етеді. Сонымен қатар ұйқыға жатарда тамақтану, дене белсенділігінің аздығы, қимылдың жоқтығы жүрек-қан тамырлары ауруларына, семіздікке және тағы басқа да көптеген аурудың асқынуына әкеліп соғуда. Ал тиімді тамақтану кейбір созылмалы аурулары бар адамдардың денсаулығын жақсартуға негіз болады, – дейді Айгүл Жақыпқызы.
Қазақ тағамтану академиясының 2012 жылы жүргізген зерттеуінің нәтижесіне сүйенсек, Қазақстан халқының жартысынан астамы артық салмаққа және семіздікке шалдыққан.
— Бір және 14 жас аралығындағы әр бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді. Бұл – тұрғындардың 21,5 пайызы. Бұлардың жартысы семіздікке шалдыққан, – дейді Ардақ Байбараққызы.
jastar.kz
[:]