АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz] » Скандал, Алла разы болсын!»[:]

[:kz]

1943-жылы қазақтың бір топ әнші-ақыны Мәскеуге концерт қоюға барады. Бір күні әлдебір қорғасын зауытында өнер көрсетіп кештеу шығады. Мәскеу қонақ үйіне дейін жететін арнайы көлік болмай барлығы трамвайға бөлініп-бөлініп мінбек болады. Қатар келген екі-үш трамвайға жапатармағай мінгенде адамның көптігінен Кенен атамыз симай қалады. Даланың қазағы ойламаған жерден далада қалады. Орыс тілінен жұрдай, аялдамада тұрып-тұрып көліктің келеріннен күдер үзген соң таяу маңдағы үйлерден жөн сұрайын деп есігін қағады. Есік ашқан кезде «Скандал» деп айқайлап жіберіпті. Үйде бір бойжеткен айнаға қарап шашын тарап тұр екен, шамасы жігітін күтіп тұрған болу керек. Жігітінің орнына арт жағынан ақ сақалды, қолында шоқпары (домбыраны шоқпар деп ойласа керек) бар шал кіріп келгенде есі шығып шалқасынан түсіпті. Кенекең сасқанынан қыздың басын сүйеп, таңдайын көтерейін десе ана қыз одан бетер шыңғырып қашыпты. Айқай-шу, нағыз «скандал» енді басталады. Көршілер оянып, бір кекселеу әйел әйтеуір атамыздың жағдайын түсінеді. Қазақстаннан әртістер келгенін, олардың Мәскеу қонақ үйінде жатқанын біледі екен жарым түнде жетелеп алып барыпты. Өз бөлмесінде теңселіп жүрген делегация бастығы Есмағамбет Ысмайыловты көргенде, Кенен атамыз балаша шаттанып қуаныпты. Ертіп келген әйелге концерттен алған үш метр матасын беріп » Скандал, Алла разы болсын!»-деп шығарып салыпты. Атамыздың «Скандал» (Адасқанда) деген күлдіргі өлеңі осыдан кейін туған екен.

Есболат Айдабосын

Фейсбуктегі парақшасынан

 

 

[:]