АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]“Ешқашан жеңіліп көрмедім”. Ұлдармен де күрескен спортшы қыздар қалай джиу-джитсу шебері атанды?[:]

[:kz]

Жібек Құлымбетова: Ауылымда мені “спортшы қыз” деп атайды

Алматы облысы, Іле ауданы, М.Түймебаев ауылында өстім. №20 орта мектептің 5-сыныбында оқимын. Оқу үлгерімім жақсы. Бос уақытымда анам мен әпкеме үй шаруасына көмектесіп, ініме сабағын оқытамын. Бұрын банктің басшысы болуды армандайтынмын (күліп). Әлі де арманымның болашақта орындалғанын қалаймын.

атарластарым секілді киімге, қуыршаққа, ойындарға қызықпаймын. Ән айтып, би билеген ұнайды. Бірақ бәрінен де жаныма жақыны  – спорт! Ауылымда мені “спортшы қыз” деп атайды. Маған ол қатты ұнайды.

Спортқа бала кезімнен бейім болдым

Спортқа бала кезімнен бейім болдым. Жүгіруді жақсы көремін. Сыныпта спортқа байланысты көрсеткіштерім бәрінен жоғары болды. Шыны керек, кішкентайымнан тұйық болып өстім. Сабақ оқып барсам да, мұғалім сұрамаса айтпайтынмын (күліп). Спортпен шұғылданып бастаған соң, мінезім ашылды.

Джиу-джитсу спортына анам екеуміз інімді апарып жүретінбіз. Ол жерде бапкерім Нұрсұлтан ағай тек ұлдарды ғана жаттықтыратын. Мен олардың дайындықтарына қызығып қарап отыратынмын. Содан анам менің де бұл спорт түріне қызығатынымды біліп, дайындыққа інім екеумізді бірге апаратын болды. Осылайша спортқа алғашқы қадамымды бастым .

Біздің командада балалар өте көп. Жаттығуларымыз өте қызықты өтеді. Жаттығудан бөлек, кейде ойындар ойнаймыз (жымиып).

Джиу-джитсу мені ерекше шабыттандырады

Спортпен айналысып жүргеніме бір жарым жыл болды. Джиу-джитсу мені ерекше шабыттандырады. Бапкерімнің командасындағы алғашқы қыз – мен. Кейін осы бағытта айналысып жүргенімді көрген қыздар да топқа жазыла бастады.

Қазақстандағы спортшы қыздардың ішінен Мөлдір Мекенбаева ұнайды.

Бір жарым жыл ішінде көп жарыстарға қатыстым. Әр жарыстың алдында қобалжу деген болады. Жекпе-жек алдында бапкерім маған “өзіңе сен” деп айтады. Анам: “Қиналсаң, бір жерің қатты ауырса немесе бір жеріңе зақым келсе, бірден беріле сал. Әлі талай жарыстарға қатысып үлгересің,” – деп айтып, мен үшін қатты уайымдап отырады. Бірақ осы күнге дейін жарыс барысында жараланып көрмедім.

25-ке жуық медалім бар

Қатысқан жарыстарымның бәрінен жеңіспен оралдым. Қазір 25-ке жуық медалім бар. Жарыстарда бақ сынасқан қарсыластарымның ешқайсын да мықты деп айта алмаймын (жымиып). Бапкерім Абу-Дабиге жарысқа баратынымды айтқанда, қатты қуандым. Бұл менің шетелдегі алғашқы жарысым болмақ. Сол үшін қазір бос уақытымның барлығын дайындыққа арнап жүрмін. Бірақ бойымда еш қорқыныш жоқ. Жеңіспен оралатыныма сенімдімін.

Ұлдардан жеңіліп көрмедім

Халықаралық турнирде 10-11 жас аралығында 27 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. Бұл салмақта қарсылас болатын қыздардың болмауына байланысты ұлдармен күресуіме тура келді. Финалға дейінгі қарсыластарымды айқын басымдықпен жеңіп, ақтық сында Тәжікстанның намысын қорғап келген Мансурджан Сабуровпен жекпе-жекке шықтым. Ұпай саны бойынша басымдыққа ие болып, күресудің соңғы минутында тәжікстандық спортшының қолына ауырту тәсілін жасау арқылы жеңіске жеттім. Осылайша халықаралық турнирде ер балалар арасында сынға түсіп, чемпион атанып, көпшіліктің көзайымына айналдым. Бұған дейін де жарыстарда ұлдармен күресіп жүрдім. Бірақ ешбір ұлдан жеңіліп көрмедім.

 

[:]