АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Еуропалық иммундау апталығы:Инфекциялық аурудың алдын алу[:]

[:kz]

Ағымдағы жылдың 23 – 29 сәуір аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасында «Сізді және сіздің айналаңыздағы адамдарды ауыр түрде өтетін аурулардан қорғау үшін вакциналар әрекет етуде!» ұранымен Еуропалық иммундау апталығы өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Нүкенова Гаухар баяндады.

Иммундау апталығының мақсаты иммундау арқылы барлық жастағы адамдарды сырқаттанушылықтардан қорғау болып табылады. Ал негізгі міндеті арнайы алдын алу шараларымен  әрбір адамның сырқаттанушылықтан қорғануға қажеттілігі және оған құқығы бары туралы түсінігін қалыптастыру.

«Аталмыш акция Қазақстанда биыл 12-ші жыл өткізіліп отыр. Шара жыл сайын сәуір айының аяғында өтеді. Екпе 21 жұқпалы ауруға қарсы. Оған республикалық және жергілікті бюджет есебінен арнайы қаражат бөлінеді. Айта кету керек, жаңа вакциналар енгізілді. Олар: Қызамық — 2005 жылдан бастап, гемофилді инфекцияның түрі b-с 2008 жылдан бастап және тағы да басқа», — дейді Г.Нүкенова.

Сонымен қатар, баспасөз-мәслихатында безгек инфекциялық ауруының таралу жолдары мен оның алдын алуы жайлы сөз қозғалды.

«Безгек — адамға масаның белгілі бір түрінің шағуынан берілетін инфекциялық аурулардың түрі. Сырқат, әдетте, қызбамен, тоңазумен, бауыр және көк бауырдың ұлғайуымен сипатталады. Жыл сайын әлемде 350-500 миллион адамға дейін безгекті жұқтырып, олардың ішінде 1 миллионнан 3 миллионға дейін көз жұмады. Сырқаттану жағдайларының 90%-ға жуығы Африкадан келеді. Сонымен қатар, Азия, Латын Америка, Таяу Шығыс және Еуропаның кейбір аймақтарының тұрғындары инфекцияны жұқтырады. Аса ерекше тәуекел тобына 5 жасқа дейінгі балалар кіреді. Сондықтан шет елге саяхатқа шықпас бұрын алдымен сол жерде жеңіл таралатын ауруларды біліп, сақтанып шыққан жөн», — деп қорытындылады Г.Нүкенова.

Алтынорда

[:]