АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Сирияда ресейлік төрт әскери қаза тапқан[:]

[:kz]

Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясындағы ресейлік әскери техника. (Көрнекі сурет.)

Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясында ресейлік төрт әскери қаза тапқан. Бұл туралы Ресей қорғаныс министрлігі мәлімдеді деп хабарлады бүгін ресейлік «Новости» ақпарат агенттігі. Министрлік екі әскери кеңесші шабуыл кезінде қаза тауып, екеуі – ауруханада қайтыс болған деп хабарлаған. Жараланған тағы үш әскери қызметкер ауруханада жатыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскерилер бірнеше қарулы топтың шабуылын тойтармақ болған кезде оқ астында қалған. Ресей әскери басшылығы шабуылдаған қандай топтар екенін нақтыламаған, тек қана шабуылдаған 43 ықтимал содырдың көзі жойылғанын айтқан.

Қаза тапқан әскери қызметкерлерді басшылық мемлекеттік наградаларға ұсынды деп хабарлайды «Новости» ақпарат агенттігі.

2014 жылдан бері Сирияда радикалдық исламшыл топтарға қарсы АҚШ бастаған халықаралық коалиция күрес жүргізіп жатыр. Коалиция сириялық демократиялық оппозиция күштерін қолдайды. Ресей Сириядағы әскери операциясын 2015 жылғы қыркүйектің 30-ында бастаған. Ресейлік әскери базалар президент Башар Асадтың армиясына қолдау білдіреді. Мәскеу Дамаскіге «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы мен өзге де радикалдық күштерге қарсы тұруға көмектесіп жатқанын» айтады. Ресей қорғаныс министрлігінің дерегі бойынша, Сириядағы операция басталғалы 80-нен астам ресейлік әскери қаза тапқан.

Батыс елдері коалициясы Сирияда адам құқықтарын өрескел бұзып отыр деп білетін Башар Асад режиміне қолдау танытқаны үшін Мәскеуді талай рет айыптаған.

.azattyq.org

[:]