АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Құзыры кеңейген Ердоғанның жеңіске жеткені жарияланды[:]

[:kz]

Түркияның қазіргі президенті Реджеп Тайип Ердоғанның өзі — президент сайлауында, ал ол басқаратын партияның парламент сайлауында жеңіске жеткені хабарланды. Тиісінше, сайлау екінші турға жетпей аяқталып, Ердоған бұрынғысынша билікте қала бермек. Елдегі сайлау мерзімінен бұрын өткізіліп отыр.

Түркияның іс басындағы президенті Реджеп Тайип Ердоған елдегі президент сайлауының бейресми нәтижесі бойынша өзінің бірінші турда жеңіске жеткені жайлы мәлімдеме жасады. Ердоған өзі басқаратын Әділет және даму партиясының да парламент сайлауында көпшілік дауысқа ие болып, жеңіске жеткенін айтқан. Бұл партияның — 42 пайыз, ал оның одақтасы — Ұлттық қозғалыс партиясының 11 пайыз дауысқа ие болғаны айтылады.

Сайлаудан кейін күшіне енетін жаңа Конституция бойынша президенттің құзыры кеңейе түспек. Былтырғы сәуірде өткен конституциялық реформа Ердоғанға 2029 жылға дейін билікте отыруына мүмкіндік береді.

«Халық маған президенттік міндетін атқаруға жауапкершілік жүктеп отыр,-» деген 64 жастағы Ердоған Стамбулда теледидар арқылы сөйлеген сөзінде. Оның айтқандарына қарағанда, Түркия халқының 90 пайызы сайлауға қатысып, «әлемге демократиядан үлгі көрсеткен». Ресми мәлімет бойынша, президент пен парламент сайлауына дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 87 пайызы қатысты.

Мемлекеттік теларна Ердоғанның 52,5 пайыз жеңіске жеткенін хабарлаған. Бұл — 99 пайыз дауыс есептелгендегі жағдай. Мемлекеттік Anadolu ақпарат агенттігі де парламент сайлауына берілген дауыстың 88 пайызы есептелген жағдайда Әділет және даму партиясының 43 пайыз дауыспен алда келе жатқаны жайлы мәлімет таратты.

Ердоғанның басым дауыспен алда келе жатқанын айтқан Түркия сайлау кеңесінің төрағасы Сади Гювен сайлау нәтижесінің нақты сандарын келтірмеген. Сайлау қортындысы бүгін, 25 маусымда жариялануға тиіс. Мәліметтерге қарағанда Ердоғанның басты бәсекелесі Мухаррам Индже 31 пайыз дауысқа ие болған.

Мухаррам Индже басқаратын Республикалық халықтық партиясы парламент сайлауында 23 пайыздық дауысты иеленген. Күрдтердің Демократиялық партиясы 11 пайыздық дауыспен парламентке өтуге тиісті 10 пайыздық кедергіні еңсерген. Ал оппозициялық «Жақсы партиясы» мемлекеттік БАҚ мәліметінше 10 пайыз дауыс алған.

15 жылдан бері саясатқа араласып келе жатқан Ердоған бұрын премьер-министр болған. Ол — 2014 жылдан бері президент. Ердоған Неджметдин Ербакан басқаратын исламдық партияға тыйым салған соң өзінің Әділат және даму партиясын құрып алды. 2016 жылы 15 шілдеде елде мемлекеттік төңкеріс жасау талпынысы болып, оны басып, соңынан көптеген адамдарды қуғындаған Ердоғанды батыс саясаткерлері жиі сынайды.

Германияда тұратын Германия-Түркия парламенттік тобының төрайымы, этникалық күрдердің өкілі Севим Дагделен DPA агенттігіне берген сұхбатында сайлаудың еркін болмағанын және әділетті өтпегенін айтқан. Оның айтуынша, Ердоған сайлауға дейін қолға алған манипуляциялық құралдар арқылы авторитарлық президенттік жүйеге қол жеткізіп үлгерген.

azattyq.org

[:]