АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Үміті мен күдігі тайталасқан Қызылжар[:]

[:kz]

 

 

Жолға шығарда…

Он екінші шілде күні Алматыдан Қызылжарға қарай жолға шықтық. «Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып, тағдыр теперішімен тарихи Отанынан жырақта қалған қазақтың жастары жиылып қарагөз қазағынан орысы көп мекенге барып доп тебеді екен» деген бір ауыз сөз мені кәдімгіндей толқытып жіберді. Біз пойызға аяқ артқан күні Қызылжарда Петр мен Павелді еске алу күніне орай «Крест шеруі» өтіп жатқаны турасында ақпар тарады. Кешегі Абылайдың ақ ордасын тіккен жерде, қазақтың Шоқан мен Мағжаны секілді алыптарын түлеткен құйқалы өлкеде өзгенің әулиесіне тәу етіп жатқан елдің санасына бір серпілістің қажет екенін, бұ жолғы «доп тебу» маусымы жылда өтетін «шіркеу шеруімен» іркес-тіркес қатар келуінің өзінде Құдайдың шеберлігі жатқанын ойладым. Бесік-пойыз санамды оймен құндақтап, теңселте-тербетіп, солтүстікті бетке алып жүйітки берді.

Астана мен Қызылжардың  арасы

Астанадан түсіп, шағын-автобусқа отырдық. Бізді «Ер-Жәнібек қорының» жігіттері қарсы алды. Биыл Сегіз сері Бахрамұлының туғанына — 200 жыл. Осы  атаулы  мерекеге орай  «Ер-Жәнібек қоры» бірқатар мәдени-шаралар атқарған екен. Бұ жолғы «дүниежүзі қазақ жастары арасындағы «ER JANIBEK CUP-2018» футфол турнирі сол бастаманың заңды жалғасы іспетті көрінедіі. Қазақ ән өнерінде өзіндік орны бар Сегіз сері Бахрамұлының 200 жылдығы деген соң, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі де атқа қонып, шараның дұрыс өтуіне білек сыбана кірісіп  кеткен жайы бар екен.

Жігіттердің бізге айтқаны осы.

Біз мінген көлік Астанадан да қиыр тартып, солтүстікті бас бағдарына алды. «Қазақтың көңілі де, жері де кең» деп жатамыз ғой. Ол кеңдікті көргісі, сезінгісі келген адам Қызылжарға жол тартсын. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын шексіздікті жүрегіне сыйғызғысы келген адам Қызылжарға жол тартсын! Желпілдеген көңілін шаттандырып, орманның шуылымен шат-шадыман болғысы келетін адам Қызылжарға жол тартсын!

Мидай жазық далада қайыңдар сыңсып ән салады. Басы көк тіреген самырсындары қаз-қатар тізіліп оңтүстікке көз тігіп тұрғандай. Айнала толқындана тербелген — көк теңіз. Көк теңіз дегенім — астықты алқап. Ұшы-қиыры жоқ дала төсіндегі қазақтың бар байлығын көріп тұрып, түбі қазақтың осы өңірге лек-легімен қоныс аударатынына сенімім беки түсті.

Көкке қараймын. Жөнкіле жылжыған бұлттар дәл төбеңе жеткенде  құйып  береді. Ол бұлттан өттің бітті, шайдай ашық. Тағы бір бұлт келеді, аптығып. Ол  да сені бір жуындырарын анық білесің. Сөйтесің де оның да құшағына құлай кетесің.

Осы көңіл күйді жол жиегіндегі жер атаулары нілдей бұзады. Отыз жылға жуық уақыт тәуелсіз ел бола тұра жеріміздің тарихи атауларын қайтара алмағанымызға  нала да боласың!

Мұндай атаулардың бәрінің суретін салу міндет емес  шығар. Сонда да қазаққа үш  қайнаса сорпасы қосылмайтын, сөзсіз атауы ауысуға тиіс солтүстіктегі елдімекендердің санынан адам жаңылады.  Молодая Гвардия, Черниговские, Ленинградские, Чкалова, Новоберезовка, Ясная Полина, Кирова, Котовские, Советское, Писаревка, Возышенка, Надежда, Успенка, Лебяже т.б жүздеген жер  аттарын қазақыландыру үшін  ол жерде қазақ  көбеюге тиіс. Алматыда отырып, ойбай салу оңай, көзбен көрсеңіз көзқарас өзгеріп сала береді екен.

Рас. Айыртау ауданынан бастап, Шал ақын ауданына дейінгі солтүстіктегі барлық 13 ауданның аты қазақша аталуының өзінде үлкен мән жатса керек. Бұл да бір үлкен  қадам, үлкен өзгеріс. Сол аудандардың атын өзгерткен  билік, ауылдар мен  бас қаланың (Петропавлдың) атына келгенде сипақтап қалуының тамыры тым тереңде  жатыр.  1970 жылдардың өзінде 870 мыңдай тұрғыны болған  облыста қазір 570 мыңның айналасында  адам тұрады. Облыстағы жалпы халық санының 49 пайыздан астамын орыстар, бар болғаны 34 пайыздан астамын қазақтар құрайды. Қазақ дегендеріміздің өзі орыстанып кеткен. Енді осындай мекенге барып, нұсқау беру  — онсыз да  тұтанғалы тұрған шоқты үрлеумен тең. Яғни солтүстікке революциялық емес, эволюциялық даму керек.

Ондай  даму жолына әлсіз де болса қадам жасалып жатқанын Қызылжардың көшелері-ақ  айтып тұр.

Аттаған жерде «Рухани жаңғыру» белгісімен қазақтың тұлғаларының суреті ілінген.  Қысқаша өмірбаяны, сол тұлға жайындағы мәліметті оқып, ырза болдық.

Қаланың басты көшелерінің де атаулары қазақшалана бастапты. Енді осы игі бастаманы жаңғырту үшін де ішкі көші-қон туралы іргелі бағдарлама жасалуы керектігін аңғарғандай болдық.

Біз мінген шағын-автобус «Қызылжар» қонақүйінің алдына келіп тоқтай қалды. Қонақүйдің емес, қаланың атауы болуға лайық мекен-жайға түсіп, қызметкерлермен тек қазақша сөйлесе бастадық. Тілін бұрап қинала сөйлеп тұрған көк көз қыздарды көріп, бұ өлкенің қазақылануға дайын тұрғанын түсіндік.

Түсіндік те бір күрсініп қойдық.

Біздің мемлекет бар көңілді солтүстікке бөлетін кез баяғыда жетіпті.

(Жалғасы бар)

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

 

[:]