[:kz]
«Әке мен бала» жобасының бүгінгі қонағы – Octagon promotion промоутерлік компаниясының негізін қалаушы, годзю-рю каратэ-додан әлем кубогының чемпионы, Qazaqstan fighter реалити-шоуының спорт кеңесшісі, спорт менеджері Нұраддин Садықовтың отбасы.
Нұраддин Садықов – үш ұл тәрбиелеп отырған әке. Тұңғышы Миғражаддин – ашық жарқын, еркін сөйлейтін, мейірімді бала.
Миғражаддин Рысбай: Үйдің үлкені болғандықтан інілеріме қарайлап жүремін
Менің есімім – Миғражаддин. Мен 9 жастамын. №42 жалпы білім беретін мектепте оқимын. 5-сыныпқа көштім. 6 жасымнан бастап каратэмен айналысамын. Каратедэн әртүрлі жарысқа бардым. Тіпті, бір рет шетел астық. 2017 жылы көктемде Украинаның Одесса қаласына барып, әлем кубогында бағымызды сынап көрдік. Сол турнирде мен 1-орын, інім Дінмұхамед 2-орын алды. Каратэден бөлек ағылшын курсына барамыз. Ал мектептегі сабақтардан дене шынықтыру мен қазақ тілі сабағы ұнайды.
Миғражаддин Рысбай. Фото: Айгүл Қожантаева/Baribar.kz
Кішкентай кезімізде әкеммен көп ойнайтынбыз. Өсе келе ойынды кітапқа ауыстырдық. Қазір бос уақытымызда кітап оқимыз. Мен үлкейгенде спортшы және өнертапқыш болғым келеді. Сондықтан өнертапқыштарға байланысты кітаптарды көп оқимын. Әкеміз бос болғанда бізді кітап дүкеніне апарады да, өзімізге таңдатып, әртүрлі кітаптар алып береді. Сол кезде үнемі қызықты энциклопедияларды таңдап аламын.
Үйдің тұңғышы болғандықтан артымнан ерген екі ініме қарайлап, әкем мен анама көмектесемін. Үлкен ініммен мектепке де, каратэге де бірге барамыз. Ол үнемі қасымда, өзімнің қарауымда. Дінмұхамедтің мінезі салмақты. Ол көп сөйлемейді, көп күлмейді. Кіші інім 2 жаста, ол балабақшаға барады. Сабақтан келгенде кіші інімізді ойнатамыз, сол кезде анамыздың үй шаруаларын істеуіне мүмкіндігі болады. Отбасымызбен киноға жиі барамыз. Кішкентай кезімізде тек мультфильмдер көретінбіз. Қазір түрлі жанрда кино көретін болдық, әсіресе, бізге комедия жанрындағы фильмдер ұнайды.
Әкеміз үйде қатал. Бұзық болсақ, ұрсады. Бірақ ол бізді қатты жақсы көреді. Үнемі «Өздеріңді қорғап жүріңдер және білімді болыңдар», – деп айтып отырады.
Нұраддин мырзаның екінші ұлы өте салмақты екен. Суретке түсерде көпке дейін жымия қоймады.
Дінмұхамед Рысбай: Өскенде зоолог болғым келеді
Балаларым шымыр болсын деп каратэге бердім. Кейде балалықпен жалқауланып, жаттығуға барғысы келмей қалады. Ондай кездерде жазалап аламын, менен қорыққанынан жаттығуға барады. Себебі ұлдарымды спортқа бейімдеу әкелік міндетім деп санаймын. Үлкейгенде спортпен айналыса ма, айналыспай ма өз еріктерінде. Адам үлкейген сайын оның ой, сана көкжиегі кеңейіп, армандары көбейеді. Әр салада өзін сынап көру арқылы дами түседі. Өзім де сондай адамдардың бірімін.
Бала кезімде домбырада, баянда ойнап жүріп, музыкант боламын дедім. Мектеп бітірген соң филологияны оқып, журналистикаға қызықтым. Кейіннен көлік сатып, кәсіппен де айналыстым. Қазір сол кәсібімді ауыстырып, промоутерлік компания ашып, ақырындап жүріп жатырмыз.
Компанияны ашудағы мақсатым – Қазақстанның түкпір-түкпірінен әуесқой жекпе-жекпен айналысатын жас жігіттерді жинап, спорттың бұл түрімен кәсіби түрде айналысуына мүмкіндік беру, осы арқылы сол жігіттерді әлемдік деңгейге шығару. Бір қараған адамға аралас жекпе-жектегі жігіттердің бір-бірінің бетін қанатып, аямай ұрып жатқаны қатігез көрінуі мүмкін. Көбі жекпе-жекті “Ұр да, жық” деген мағынада түсінеді. Бұл күресте ешқандай ереже жоқ деп біледі. Алайда бұл – әлемдік деңгейде дамып отырған спорттың бірі. “Неге бұл спортты өзімізде дамытып, қазақ жігіттерінің ер азамат ретіндегі бейнесін қалыптастырмасқа” дедім де, бастап кеттім.
Әкеден – ақыл, анадан – мейір
Жұбайым мені балаларына мейірімді деп айтып жатыр. Негізі мен қатал әкемін. Ер азамат соққы алмайынша есін жимайды. Ұлдарым айтқанды тыңдамай жатса, балалықпен өтірік айтса, міндетті түрде жазалаймын. Жазалау әртүрлі формада болады (күлді). Керек кезінде салып қаламын, айтып та жеткіземін. Ұл бала үшін әкенің беретін тәлімі бөлек.
Баланың бос уақыты болуы керек
Заманмен таласып, одан қалса, сәннің артынан еріп, балаларымды түрлі үйірмеге бере беруден аулақпын. Ер азамат ретінде спортпен айналысқанын дұрыс көремін. Білімді адам болуда әлемдік тіл – ағылшын тілін жетік меңгергенін қалаймын. Басқа уақытта сабағын оқиды, кітап оқиды, інілеріне қарап, анасына көмектеседі. Мектепке көлікпен апарып үйреткім келмеді. Сондықтан қазір екеуі мектепке де, каратэге де, ағылшын курсына да жаяу барады. Тек өздерінің жеке азамат болуына қажет нәрселерді біліп шыққанын қалаймын. Бала кезде олардың бос уақыты болғаны дұрыс.
Үлкен ұлыма қарап, өзімнің қазіргі кезімді көремін, ал екіншісі балалық шағымды еске түсіреді. Бала кезімде өзімен-өзі кітап оқып жата беретін бала болдым. Қазір Дінмұхамед сондай. Үлкенім елгезек, кез келген нәрсе айтсаң, жүгіріп кетеді. Осы қылығымен ол маған ұқсайды. Екі ұлым бір-біріне серік болып, бірге ойнап, бірге өсті. Келешекте үшінші ұлымды екі ағасына сеніп тапсыра аламын.
Өз басым балаларымның журналдағы, табельдегі бағаларының жақсы болуын талап етпеймін. Кей сабақтардан үшке шығып жатса да, ұрыспаймын. Себебі баланың оқу үлгерімі, журналдағы бағасы келешек өміріне ешқандай әсері болмайтынын білемін. Мен үшін саналы, ақылды, дұрыс шешім қабылдай алатын ер азамат болғаны маңызды.
Қызы қалғанның ісі қалғаны, ұлы қалғанның өзі қалғаны
Ұлдарымның ұлттық тәрбиені бойына сіңірген, нағыз ер азамат болғанын қалаймын. Қандай іспен айналысамын десе де, әкелік ақылымды айтып, қолдау білдіремін. Қай саланың маманы болмасын, ең бастысы қоғамға пайдалы азамат болса екен деймін. Болашақта өздерінің сүйікті ісімен айналысып, 25-30 адамды жұмыспен қамти алатын дәрежеге жетсе, осының өзі үлкен көрсеткіш деп білемін.
[:]