АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Сот Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанда қалдырды[:]

[:kz]

 

Сайрагүл Сауытбай сотта отыр. Жаркент, Алматы облысы, 13 шілде 2018 жыл.

Алматы облысы Жаркент кентіндегі Панфилов аудандық

сотында «шекараны заңсыз бұзды» деп айыпталған Қытай азаматы Сайрагүл Сауытбайдың ісі бойынша шешім шықты.

Тамыздың 1-күні түстен кейін Панфилов аудандық сотының судьясы Динара Құйқабаева Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайды Қазақстанда қалдыру туралы шешім шығарды.

«Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-тармағы бойынша Сайрагүл Сауытбайды кінәлі деп тауып, 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шартты жаза тағайындалсын. 6 ай мерзім пробациялық бақылау мерзімі тағайындалсын. Сот залынан босатылсын» деді судья шешімді оқығанда.

Судья «Сауытбайдың қылмысын онша ауыр емес» деп бағалады. Ол шешім шығарғанда БҰҰ балалар құқығы конвенциясы негізге алып, Сауытбайды екі баласынан, отбасынан ажыратпау үшін осындай шешім шығарғанын айтты.

«Этникалық қазақ ретінде, Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар азамат ретінде оны Қазақстаннан шығарып жіберу жазасы тағайындалмады» деді ол.

Судья Құйқабаева Сайрагүл Сауытбайдың пана іздеуші куәлігін алғанын, Алматы облысы көші-қон полициясына босқын мәртебесін сұрап, өтініш бергенін де айтты.

Сот аяқталған соң Сайрагүл Сауытбай сот залынан бостандыққа шықты.

ЖАРЫССӨЗДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?

Тамыздың 1-і күн таңертең өткен жарыссөзде Сайрагүл Сауытбай Қытайда саяси лагерьде жұмыс істегенін, сол қызметі Қазақстан азаматтығын алуға кедергі болғанын айтты. Ол кінәсін толық мойындайтынын тағы қайталап, соттан Қытайға қайтармауды сұрады.

«Қытайда төлқұжаттарымды алып қойды. Амалсыз осындай заңсыз әрекетке баруға мәжбүр болдым. Өйткені бұл [Қазақстандағы] балаларыма жететін соңғы мүмкіндік болатын. Қытайдың шекарасын кесіп өтетін рұқсат қағазын ақша арқылы заңсыз сатып алдым, Шекараны заңсыз кесіп өттім. Балаларыма жеттім» деді айыпталушы.

Ал прокурор Арзыгүл Имярова Сауытбайды Қазақстан аумағынан шығармауды, жазасын жеңілдетіп, сот залынан босатуды сұраған.

Арзыгүл Имярова, Сайрагүл Сауытбай ісіндегі айыптаушы прокурор. Жаркент, Алматы облысы, 13 шілде 2018 жыл.

«Іс-әрекетінде қылмыстық жазаны ауырлататын жағдайлар болмағандықтан, оны Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1 бөлігімен («мемлекеттік шекараны заңсыз қасақана кесіп өту» — ред.) кінәлі деп танып, алты айға бас бостандығынан айыру, бірақ оны шартты жазаға ауыстыру және алты ай пробациялық бақылауға алу жазасын кесуді және сот залынан босатуды сұраймын» деді прокурор.

Полиция Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың қолына кісен салып жатыр. Жаркент, 9 шілде 2018 жыл.

Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы («шекараны заңсыз бұзып өту») бойынша айып тағылған.

Ол мамырда Қазақстан шекарасын заңсыз бұзғаны үшін қамауға алынған. Сот процесі шілденің 10-ы күні басталған.

Сот тергеуі кезінде Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтып, прокурормен процессуалдық келісім жасасуды сұраған. Ол өзіне Қытайда «саяси қысым жасалғандықтан шекарадан заңсыз өтуден өзге жол қалмағанын» мәлімдеген. Сауытбайдың сөзінше, ол Қытайда құпия саналатын «саяси үйрену орталықтарында» жұмыс істеген, «мемлекет құпиясын әшкерелемеу» туралы қолхат берген. Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайтарылса, ол елде өзіне өлім жазасы кесілуі мүмкін екенін, Қазақстанда қандай жазаға да келісетінін мәлімдеген.

 

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм биыл мамырда әйелін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері «Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті» деген айыппен ұстағанын хабарлаған.

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен екі баласы Қазақстан азаматтығын алған. Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келмек болған.

Материал мен суреттер www.azattyq.org сайтына тиеселi

[:]