[:kz]
Жаңа ипотека «Орда» деп аталады. Қарыздың жылдық мөлшерлемесі — 12%.
“Қазақстан Ипотекалық Компаниясы” ИҰ” АҚ жаңа ипотекалық өнімді іске қосқанын хабарлады.
Ипотекалық ұйымның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа ипотека жеке тұлғаның атында басқа баспананың бар-жоғына қарамастан беріледі. Несиелеу тұтынушыға қарыз беру бойынша серіктес банктер арқылы іске асырылады.
Несие алушылар төлем қабілетін толық растаған кезде ипотекалық қарыз бойынша мөлшерлеме көлемі жылдық 12%, ал төлем қабілеті ішінара расталған кезде 14% болады. Ипотека Қазақстанның 16 қаласында беріледі. Оны еліміздің 21 жастан асқан кез келген азаматы ала алады. Қарыз алушының жасы несие өтейтін уақытта зейнет жасынан аспауы керек. “Орда” ипотекасы бойынша төлем қабілеті толық расталған кезде баспана құнының 30%-ы көлемінде және төлем қабілеті ішінара расталған кезде баспана құнының 50%-ы көлемінде алғашқы жарна енгізілуі тиіс. Алғашқы жарнаны қарыз алушыға немесе үшінші тұлғаға тиесілі жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша кепілмен алмастыруға болады.
Өз миссиямызды орындай отырып, әртүрлі ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру арқылы тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруда біз көптеген қазақстандықтың өз тұрғын үй жағдайларын жақсартуына мүмкіндік беретін ипотеканы әзірледік. Оңтайлы сыйақы мөлшерлемесі, реттелетін қарыз мерзімі мен бастапқы жарна мөлшері, кірісті ішінара растау мүмкіндігі, сондай-ақ қарыздың ең көп қомақты сомасы – бұл бүгінде нарықтағы қажет болатын икемді талаптар. Қарыз алушылар өздері үшін ыңғайлы бастапқы параметрлерді таңдап, ай сайынғы қолайлы төлемді анықтайды және өздеріне ұнаған кез келген тұрғын үйді сатып ала алады, – дейді “Қазақстан Ипотекалық Компаниясы” ИҰ” АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, қарыздың ең жоғарғы сомасы – 40 миллион теңге, ең төменгісі – 1 миллион теңге. Қарыз мерзімі – 20 жыл. Жаңа ипотеканы тұтыну үшін клиент пәтерді таңдайды, серіктес банкке өтініш білдіреді, банк тиісті құжаттарды қабылдайды, “Қазақстан Ипотекалық Компаниясына” қолдаухат жібереді. Содан кейін ипотекалық компания төлем қабілетін тексереді, шешімін шығарады. Өтініш үш жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде қаралады.
Біз Қазақстан қор биржасындағы облигациялық бағдарламалар есебінен 5 миллиард теңге тартып отырмыз. Инвесторлар – банктер, сақтандыру компаниялары. Бұл жылға біз тест режимінде 3-4 миллиард теңге жоспарлаймыз. Егер өнім халыққа ұнаса, келесі жылы 30-дан 40 миллиардқа дейін несие береміз, – дейді Әділ Мұхамеджанов.
baribar.kz
[:]