АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қарағанды әкімі есеп берем деп елді ұйықтатып тастады [:]

[:kz]

Бүгін Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ қала халқы алдында есеп берді. Былтырғы жылы «Қ» әріпін жатырқаған қала басшысы  биыл «о» әріпін «а» — ға шатастырып сүрінді. Нұрлан Әубәкіровтың халық алдындағы сөзі былай басталды.  

«Осы арайда пайдала отырып, Тәуелсіздігімізді алғанан бері елдін ертэні, ултын болашағы урпақтын деген басты бағдар кун тәртибінен тусуп корген жоқ» (әкім сөзі қаз-қалпында беріліп тұр)

Дегенмен, қала тұрғындарының алдына 2 минутқа кешігіп келген шаһар басшысы 50 минут сөйлеген баяндамасының  4 минут 11 секундын ғана мемлекеттік тілде жасады. Және сөз соңында 1 минут 6 секуд қазақ тілінде сөйлегендей болды.Қызық, мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді қаншалықты оқып жүргенін осыдан- ақ байқауға болады. Тіл үйретуде аз қаражат жұмсалып та жатқан жоқ.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғанда 16 жаста болған әкім мырзаның содан бері мемлекеттік тілді меңгере алмай жатқаны қиын-ақ.

Қош, әлі де кеш емес. Үміт те жоқ емес. Енді есептік жиынға тоқталсақ. Әкімнің есебін тыңдауға әдеттегідей мұғалімдер, студенттер, басқа да мемлекеттік қызметкерлер «келді».Әкімнің есебіне келгендіктен олардың жұмыстарында да, оқуларында да проблема болмайды деп ойлаймыз. Алайда,әкімнің баяндамасы жиналғандардың барлығына қызықты болды деп айта алмаспыз. Кейбіреулер тәтті ұйқыға кетті.

Ұялы телефонын шұқылап, өзара әңгіме соққандар да болды.

Арнайы орын дайындалса да келмей қалған «қонақтардың» да орны ойсырап тұрды.

Шындығында түрлі көрсеткіштер, цифрлар арқылы Нұрлан Ерікбайұлы қаланың дамып келе жатқанын дәлелмен айтты. Алайда, былтырғы жылы халық алдында берілген уәделер әлі де орындалмағанын әкімнің бетіне айтқандар болды.

«Қаламыздағы Бобруйская көшелерімен бірге бес көшеде орталықтандырылған жылу жоқ. Оны сіздер білесіздер. Халық пешпен жылынып отыр. Менің шағымым мынадай, былтыр ғана облыс әкімі халық алдындағы есебінде қала әкімшілігінде қаражат бар екенін айтқан еді. Бірақ, міне бір жыл болды. Жылу сол күйі жоқ. Екінші сұрақ, иесіз қалған электр жүйелері . Бұл мәселені былтыр да, оның алдыңғы жылы да шешеміз деп уәде берген едіңіз?» — деді Бейбіт ЖҰМАБЕКОВ.

Әкім сасқан жоқ. Тағы да уәдені үйіп төкті.

«Кез-келген мәселені ақылдаса, кеңесе отырып, іске асыратын болсақ. Барлығымыз болып белгілі бір нәтижеге қол жеткізетін боламыз. Еліміз бірлік пен антымақтың арқасында табысқа жететініне сенемін», — деп қала әкімі Нұрлан Әубәкіров өз сөзін аяқтады.

Фотолар автордікі.

zhasalash.kz

[:]