[:kz]
AzattyqLIVE хабарында көп балалы аналардың Астана мен Алматы әкімдігіне жолдаған талабын талқыланды. Хабарға көп балалы аналар мәселесін көтеріп жүрген азаматтық белсенді, журналист Сәуле Әбілдаханқызы және көп балалы ана Ақмарал Басирова қатысты.
Ақпанның 6-сы күнгі Астанада аналар жиылып, билікке қоятын талаптарын жария етті. Олар «Астана» концерт залында жиналды. Жиын әуелде концерт залында кездесу түрінде басталған. Алайда жиналғандар билік өкілдеріне өз мәселелерін жеткізу үшін бірінен соң бірі сахнаға шығып, сөйледі.
Жиналған адамдар кезек-кезегімен өз талаптарын білдірген. Олардың кейбірі өздерін көп балалы ана ретінде таныстырған. Арасында өздерін «Алтын алқа», «Күміс алқа» иесі екенін айтқандар бар. Шығып сөйлегендердің кейбірі мүгедек балалары бар екенін айтқан.
Көп балалы аналардың мәселесі Астанада бес бала өрттен қаза тапқан оқиғадан кейін қозғалып отыр.
Алматыда да аналар өз мәселесін көтеріп қала әкімдігіне барған. Әкімдік ғимаратына келген бірнеше адамды шенеуніктер ішке кіргізгенімен журналистердің кіруіне рұқсат етпеген.
Азаттық тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, шенеуніктер ішке кіргізіп алғандардың арасында бұған дейін Астанада бес баланың ажалына себеп болған жеке үйдегі өрттен кейін әлеуметтік желіде ана мен баланы қорғау туралы акция өткізу туралы бастама көтерген белсенділер де болған.
Аналар Шымкент қаласы әкімдігіне де барғанымен, әкімдік рұқсат етсе де ішке кірмей жарты сағаттай сыртта тұрып тарап кеткен. Мұнда қала әкімдігін полицейлер күзетіп тұрды. Алайда бұл шараның қандай мақсатта жүргізіліп жатқаны айтылмады
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді. Жергілікті биліктің дерегінше, өрт балалардың ата-анасы жұмысқа кеткен кезде болған. Отбасы көпбалалы шаңырақ ретінде тіркеуде тұрған.
Қазақстанның әр аймағында болған көп балалы аналар шағымынан соң Үкіметте арнайы жұмыс тобы, кейбір облыстарда комиссиялар құрылғаны хабарланды.
Тікелей эфирде өткен AzattyqLIVE хабарында «көп балалы аналардың талабы қандай, бұл бастаманы көтерушілердің мақсаты не, мәселелерді шешу үшін билік не істеп отыр?» деген сұрақтар қойылды. Хабар қонақтары — билік өкілдерімен келіссөз жасап жүрген белсенділер Сәуле Әбілдаханқызы мен көп балалы ана Ақмарал Басирова.
[:]