[:kz]
Алматы облысында бірнеше жазасын өтеуші Ұлттық ұлан сарбазын жабылып ұрып тастады. 22 жас шамасындағы жауынгер қазір аса ауыр жағдайда ауруханада жатыр. ЛА 155/14 жабық мекемесі ішіндегі төбелеске есірткі себеп. Атап айтқанда, белгісіз біреулер дуалдың арғы жағынан сотталушыларға героин лақтырыпты. Сәлемдемені алмақ болғандарды сарбаз тоқтатуға талпынып, соңы төбелеске ұласқан.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, тыйым салынған затты түрме аумағына тастауға мекеме қызметкерлері рұқсат берген көрінеді. Қазір прокуратура мен Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізуде.
Мәліметтерге қарағанда, сотталушылар сарбазды тепкінің астына алып қана қоймай, оның резеңке таяғын тартып алып, сонымен де оңдырмай ұрған көрінеді. Қазір таяқ жеген жауынгер ауыр жағдайда Қапшағайдағы ауруханада жатыр.
Түрме ішіндегі сұмдық жайтқа қатысты тергеу басталып та кетті. Оқиға қас қарайғанда болған. Әлдебіреулер арғы беттен есірткі лақтырған. Алайда онысы түрме аумағына жетпей, жазасын өтеушілердің баруына тыйым салынған аумаққа түсіпті.
Сол себепті де, олар тікенек сымнан секіріп өткен. Бұны көріп қойған Ұлттық Ұлан сарбазы олардың алдын кеспек болады. Алайда,арада қып-қызыл төбелес басталған. Осы оқиға бойынша арнайы құрылған комиссия құрамындағы құқық қорғаушы сотталғандардың бұйрыққа бағынбауы бекер емес деп отыр.
Оның айтуынша, жазасын өтеушілер есірткіні еш кедергісіз алып өту үшін түрме бастығының көмекшісіне ауызбастырық берген көрінеді.
Константин Гудаускас, Қамауға алынғандардың құқығын қорғау мәселелері бойынша коалиция төрағасы:
— Заплатили денежные средста дежурному помощнику начальника колонии, для того чтобы он закрыл глаза на то, что в колонию будет переброшен очередной груз. В этот момент должна была среагировать вся дежурная смена, но она не была среагирована.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл түзету мекемесінде есірткі заттары дуалдың арғы бетінен жиі жауып жатады екен. Бұл жолы 7 грамм героин мен екі стақан марихуана жазасын өтеушілерді қарық қылуы тиіс болған. Ал бұл заттардың мұнда қалай тап болғаны тексеріліп жатыр.
Нұрділдә Ораз , ҚР ІІМ ресми өкілі:
— Ұлттық Ұланның кезекшісі заңсыз әрекетті кеспек боп, ескерту жасаған. Сотталушылар бағынбай, қызметкерді жаралады. Қызметкер медициналық мекемеге жеткізілді. Көмекке келген жасақ арнайы күш құралдарын қолданып, сотталғандарды ұстап, тәртіптік изоляторға қамады.
Министрлік пен комиссия мүшелерінің мәліметі де екі түрлі.
Тексерушілер 5 адам жабылып ұрған десе, тергеушілер 3 адамның болғанын айтады.
Одан қалды, бесеудің үшеуі төбелес кезінде есірткі қабылдап алған екен.
Тергеу құпиялығын алға тартқан тергеушілер ол туралы тіс жарған жоқ. Түрмеге есірткі лақтырғандар да ұсталмады. Көлікке мініп, із суытқандардан қарауыл көз жазып қалған.
Естеріңізге сала кетейік, нақ осы түрмеде былтыр тамызда ауыр соққыдан сотталушы көз жұмған болатын. Жанжалдан соң түрме басшысы орнынан алынған. Енді абақтыны орынбасарлардың бірі уақытша басқарып отыр.
alashainasy.kz
[:]