АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Төртінші күн комада жатыр: Алматыда қоқыс тазалап жүрген жұмысшыларды өлімші етіп сабап тастаған[:]

[:kz]

Алматыда ішімдікке сылқия тойып алған зіңгіттей жігіттерден таяқ жеген коммуналдық қызмет жұмысшысы әлі комада жатыр. Төрт күн бұрын қаладағы жәшіктердің бірін қоқыстан тазартпақ болған бригаданы тұрғындар көкала қойдай сабап, бірін есінен тандырғаны желіде тарады. 

Оқиға осыдан тура төрт күн бұрын, Мұстафин және Рысқұлбеков көшелерінің қиылысында болған. Тар ауланың кіреберісінде қоқыс жәшігі орналасыпты. Жәшіктегі қоқысты тиеу үшін көлігін жұмысшылар сол маңға қойған. Ол бейтаныс адамдарға ұнамай, бірден соққыға жығыпты, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы«. 

Таңғы жетілер шамасында болған төбелесті жаяу жүргіншілер видеоға түсіріп алған. Бірақ ешқайсы көмекке жүгірмепті. Төрт жігіт әуелі бір жұмысшыны жағынан қойып қалып, жерге құлатады. Содан кейін оның еш қимылсыз қалған. Артынан ұзын таяқ ұстаған екіншісі ұрмаққа ұмтылғанда қызметкердің бірі араша түседі. Бәрі сол қоқыс жәшігін жауып тастаған автокөліктерден басталыпты. 

Әбден ішімдікке тойып, күштері сыртына тасыған төрт бұзақыға үш қызметкердің әлі келмеген. Әртүрлі жарақатпен ауруханаға түсіпті. Ал құлаған күйі орнынан тұрмаған үшінші коммуналдық қызмет маманы әлі есін жимаған. Бас сүйегі сыныпты. Жағдайы ауыр, дейді дәрігерлер. 

«Науқастың жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Төрт күннен бері комада. Бас сүйегі сынған. Арнайы аппарат арқылы түтікшемен демалуда», — дейді №7 аурухананың 3-нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Валерий Тян.

Қаланың тазалығына жауапты компания мұндай жағдайлар екі күннің бірінде болатынын айтады. Кей тұрғындар қоқыспен арпалысқан жұмысшыларды келеке етумен әлекке түседі. Намысын таптап тұрса да, жұмысшылар көбінде сабырлық сақтауға тырысады, дейді. 

«Біздің экипаж таң атпай жұмысқа шығады. Ол кісілерге де күнде қоқыспен алысу ауыр. Сол үшін тұрғындардан түсінікпен қарауын сұраймыз. Осы жағдайға байланысты құқықтық органдар тиісті жазасын береді деп ойлаймыз», — дейді «Тәртіп» АҚ коммуналдық мекемесінің төрағасы Айбек Рахымов.

Мекеме басшылығы зардап шеккендердің жасы, отбасы жайында тіс жармады. Тек тәртіп сақшылары сөз көтере алмаған төрт жігіт заң алдында жауапқа тартылады деп сендірді. 

 «Олардың барлығы ҚК-ның екі бірдей бабы бойынша жауапкершілікке тартылуда. Бұзақылық және адамға қасақана дене жарақаттарын келтіру бабы бойынша», — дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Полициядағылар жаза тағайындар кезінде ауруханада жатқан қызметкердің жағдайы да ескерілетінін айтты. Ал коммуналдық шаруашылық мамандары комадан оянған қызметкердің қайта жұмысқа оралуы екі талай дейді. Өйткені дәрігерлер есін жоғалтуы әбден мүмкін екенін айтыпты.

stan.kz

[:]