АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Жаңа Қазақстан» форумы неге тарады?[:]

[:kz]

Оппозициялық көзқарастағы бірқатар азаматтың басын қосқан «Жаңа Қазақстан» форумы тарады. Бұл туралы «Жаңа Қазақстан» форумы өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.

    Форумның Facebook-тегі парақшасында 20 маусым күні жарияланған мәлімдемеде «Жаңа Қазақстанның» не себепті тарағаны анық айтылмаған. «Жаңақазақстандықтар» бұл мәлімдемеде осы күнге дейін атқарған істерін тізіп, сайлау нәтижесіне де тоқталған.

    Осы форумның мүшесі Әміржан ҚОСАНОВ сайлауға «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық қозғалысы атынан түскен болатын. Мәлімдемеде Тоқаевтың жеңісін мойындаған Ә.Қосановқа реніш табы байқалады: «Өткен президенттік сайлау және азаматтық қоғам кандидаты Әміржан Қосановтың оған қатысуы қоғамның саясатқа деген қызығушылығын айтырлықтай көтеріп, жұрттың азаматтық белсенділігін оятты… Өкінішке қарай, сайлау екінші кезекпен жалғасады деп байқаушылар сенімділікпен болжаса да, жаппай фальсификация орын алып, халықтың қолындағы жеңіс тағы да жымқырылды. Біздің кандидат та күдікке толы экзит-полдың көрсеткішін тез арада қабылдап, сайлау бойынша бәсекелесін артық асығыстықпен құттықтады. Тәуелсіз байқаушылар бізге бар ақпаратты бергеннен кейін, осы сайлаудың легитимдігі жоқтың қасы және халықаралық демократиялық стандарттарға сәйкестігі жоқ деп біз мәлімдейміз».

    Форум мәлімдемеде халық үмітін орындамағаны үшін кешірім сұраған: «Сіздер күткен үміттің барлығы осы күнге дейін орындалмады деп біз қылжынамыз, сол үшін де кешірім сұраймыз. Дей тұрғанмен біздер атқарған істер мен қадамның барлығы құқықтық алаңда болды және еліміздің саяси конфигурациясын өзгертуге үмітіміз бар. Солай болса да, Ақордамен жасырын байланыс бар деген сылтаумен біздің атымызға жалған айыптаулар келіп түсуде. Біз үшін оларды жоққа шығару қиынға түседі. Тарих бәрімізге өз бағасын берер, нәтиже қорытындысын шығарар деген үміттеміз».

    Мәлімдемеге қарағанда, тараған форум мүшелерінің бір бөлігі саясатқа белсенді араласуын тоқтатса, енді бір бөлігі Ермурат Бапи мен партия саяси келісімі болған жағдайда «Ақиқат» ЖСДП-ға қосылуы мүмкін.

    Былтыр сәуір айында Брюссельге барған бір топ белсенді елде сырттай сотталған бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин және Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросының жетекшісі  Серік Медетбековпен кездесіп, «Жаңа Қазақстан» форумын құрғанын мәлімдеген. Форумға саясаткер Әміржан Қосанов, Ермұрат Бапи, Серікжан Мәмбетәлин, Дос Көшім, Дәурен Бабамұратов, саясаттанушылар – Расул Жұмалы мен Айдос Сарым, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов, журналистер – Назира Дәрімбет пен Мирас Нұрмұхамедов және тағы басқа белсенділер мүше болған. 

Жас Алаш

[:]