[:kz]
Ақтаудағы №55 балабақша тәрбиешісі мен екі күтуші балаларға ойыншықпен ойнауға тыйым салып, сағаттап орындықта отырғызған деп хабарлайды «Лада» сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Балабақшадағы бақылау камералары тәрбиешінің балаларды ұрған сәтін түсіріп алған. Арнайы комиссия құрылып, тәрбиешілер жұмыстан шығарылды.
Камера жазбасынан тәрбиешілердің балаларды орындықтан тұрса болды, ұратынын көруге болады.
«Неткен сұмдық. Балаларымыз қорқып қалған. Тіпті дәретханаға барған кезде тәрбиешініңжанынан сескеніп өтеді. Ойыншық та, ойын да жоқ. Біз екі сағаттық видео көрдік. Сол уақыт бойы балалар орындықта отырды, ал қызметкерлер соткаға үңіліп, біреуі тіпті ұйықтап жатты. Бала орнынан тұрғаны үшін оны басынан, қолынан ұрып, тіпті құлағынан тартқан. Ал біз келгенде күлімдеп қарсы алатын», — дейді наразы ата-аналар.
№ 55 балабақша директоры қазір демалыста. Ақпарат жария болғаннан кейін қалалық білім беру бөлімі арнайы комиссия құрды.
«Қазір бәрін анықтап жатырмыз. Әрбір видео зерттелді. Бұл топтың қызметкерлері жұмыстан босатылды. Бәрін анықтаймыз», — деді Ақтау қаласының білім бөлімі.
[:]