[:kz]
Ақтөбеде 9 жастағы жасөспірімді зорлады деп күдікке ілінген тұрғынның ауыр қылмысқа қатысы жоқ болып шықты. Сорақысы, ер адамның суреті қылмыскер ретінде желіге тарап кеткен деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Өзім вокзал жанындағы дүкеннен сағыз алып, сол жерден автобусқа отырып қарындасымның үйіне кетіп қалдым.
Түстен кейін ол жақтан шығып, телефонымды жөндеттім. Шаруаларыммен вокзал жақта жүргенімде 20-30-да полиция қызметкері ұстап алды.
Кешкілік ұстағаннан таңғы сағат 4-ке дейін қорқытты. Таңда «қателесіппіз, кешіріңіз» деп босатып жіберді.
Жарар дегенмін. Бірақ, Instagram парақшаларында қылмыскер ретінде жүрмін.
Мен жазықсыз адаммын. Әлеуметтік желіге қыз зорлаған айуан деп менің суретімді салып қойған. Бұл жағдайдан кейін сотқа шағым түсіретін боламын», — дейді тұрғын Нұрлан Шандин.
37 жастағы азамат — төрт баланың әкесі. Ер адам енді туысқандарын өзінің ауыр қылмысқа қатысы жоқ екеніне сендіре алмай, жылап жүр.
«Мені қылмыскер деп ақпарат таратып отырған кім? Дәлелденбеген мәліметті таратып жібергендердің жазалануын сұраймын. Шешем мен қызыма қарайтын бет жоқ. Жұмыстан келгелі үйге әлі бара алмай отырмын. Шешем әлі түсінбей «Мен саған сондай тәрбие үйреттім бе?» деп отыр», — дейді көз жасына ерік берген азамат.
Облыстық полиция департаменті дәлелденбеген ақпаратты таратқандарға қатысты тексеріс жүргізіп жатқандарын айтты.
«Осы жағдайға қатысты өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр. Мәліметтерді таратқан адам анықталған жағдайда шара қолданылатын болады»,-дейді облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.
Естеріңзіге сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде 12 желтоқсанда мектеп оқушысының зорланғаны туралы хабар тараған болатын.
[:]