[:kz]
Талдықорғанда өгей әкесі аяусыз ұрып тастағаннан кейін комаға түсіп, кейіннен реанимацияға жатқызылған 8 жастағы бала айығып келеді. Бұл туралы «Балалар қорғауда» жекеменшік қорының жетекшісі Жанна Ахметова мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Кеше облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерімен кездестік.
Бала сауығып келеді. Дәрігерлер іс жүзінде мүмкін емес нәрсені жасады, оның өмірін ғана емес, сонымен бірге оның болашағын да сақтап қалды. Бала әлі де ауыр жағдайда болса да, сөйлейді, өз бетінше тамақтанады, бәрін түсінеді, отырады», — деп жазды Facebook-тегі парақшасында ол.
Дүйсенбі күні баланы реанимациядан бөлімшеге ауыстыру жоспарланып жатыр екен.
«Ақ дақтар туралы. Баланың анасы 18 жасқа дейін психоневрологиялық диспансерде «ДЦП» және ақыл-ой кемістігі диагнозымен есепте тұрған. Бірақ жеңіл формада және әлеуметтік жағынан әрқашан бейімделген. Кәдімгі мектепті бітірді. Өкінішке қарай, оның барлық медициналық құжаттары жоғалған. Ал ересек өмірде ол диагнозсыз жүретін сияқты. Біздің заңымызға сәйкес, егер ол қылмыс жасауға қатыспаса, адамды сараптамадан өтуге мәжбүр ету өте қиын», — деді Жанна Ахметова.
Оның мәлімдеуінше, баланың өз атасы табылған. Ол қаладағы өте бай және танмыл адам екен.
«Біз онымен кездестік. Мен барлық әңгімені айтпаймын, бірақ шындығын айтсам, мазмұны жағымсыз болып қалды. Ол шарасыз балаға қамқорлық жасауға қатты ниет білдірмей отыр. Бірақ ауруханаға дәрісін сатып алады, денсаулығын бақылайды. Мүмкін, оның пікірі өзгерер», — деп сенеді «Балалар қорғауда» жекеменшік қорының жетекшісі.
Жанна Ахметованың жазуынша бала ақылды, өте тәуелсіз. Мектепке өзі барып, қайтады екен. Сонымен қатар, үйінде жиі жалғыз қалған,тамақ та пісіре алады.
Сонымен қатар ол қылмыстық істің жүргізілу барысына тоқталды.
«Қаланың ПБ бастығымен кездестік. Қызметкерлер, әрине, баланың жағында. ҚР ҚК-нің баптары сол оңбағанды жазалау үшін қатаң болады деп сенеміз. Әзірге ол сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл өте аз. Ол 4-5 жылдан кейін шығады, ал бала өсіп, өзін-өзі қорғайтын дәрежеге жете алмайды», — деді Жанна Ахметова.
Қамқоршылық бөлімі баланың анасын ата-ана құқығынан айыру мәселесімен айналысып жатыр.
«Олар бәрін біледі, бәрін заң аясында жасайды. Қазір ата-аналарды жарияланған «Қазақстан жетімсіз» ұранына байланысты құқықтарынан айыру өте қиын. Бүгінде елімізде тіпті алқаш және есірткіге тәуелділерден де балаларды алмайды. Себебі — ұранды ұстану керек», — деп жазды қор жетекшісі.
Сонымен қатар, балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық болғанына күдік бар. Себебі, өгей әкесін алып шыққан кезде ол жалаңаш болған.
«Бала да жалаңаш болды. Бірақ кеше бізді проктологтың тексерісі өтті және ешқандай жарақат, зорлық-зомбылық белгілері жоқ деп сендірді. Қалай болғанда да, бала қалпына келгенде, психологтар онымен сөйлеседі және бұл сұрақтар да көтеріледі. Қазір одан еш нәрсе сұрамайды, қазір оның аяққа тұруы маңызды», — деді Жанна Ахметова.
Оның жазуынша, балаға көмек көрсетуге ниет білдірген Талдықорған тұрғындарының саны көп. Тіпті, олар сот кезінде де қолдауға дайын.
«Келесі аптада кішкентай баланы көруге тырысамыз. Сондай-ақ, келесі аптада баланың биологиялық әкесімен байланысамыз», — деді «Балалар қорғауда» жекеменшік қорының жетекшісі.
«Бала реанимацияда комадан оянғаннан кейін, ең алдымен, дәрігерден ақырын «Ал менің анашым қайда?деп сұрады», — деді Жанна Ахметова.
[:]