[:kz]
Режиссер Ақан Сатаевтың қызы Марйам Сатай карантин уақытында тұрмысқа шыққан болатын. Жас жұбайлар Сатаевтар әулеті сыйға тартқан жолдамамен бал айына аттанды.
Бұл туралы Марйам Сатай желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Біз қазір Түркиядамыз. Керемет қонақ үйге орналастық. Бұндай сыйды ата-анам жасады. Түркия халықаралық рейстерді ашып, карантин жүйесін жеңілдетті. Алайда шектеулер мен жауапқа тарту шаралары бар. Осы себепті бұл жақта туристер саусақпен санарлық. Есесіне қызметі жақсы. Ертең қыдырып, шоппинг жасаймыз. Ол жақта адам көп секілді. Келгенімізе үш-ақ күн болды. Сондықтан осыларды ғана айта аламын. Қойған сауалдарыңыздың бәріне жауап беремін», — деп жазды ол.
Марйам Сатай күйеуі екеуінің арасы 4 жас екенін айтып қалды. Желі қолданушылары екі жасқа тағы да бақыт тілеп, ақ тілектерін жазып жатыр. Енді бірі карантин уақытында сақтану керек екенін ескертеді.
«Бақыт тілейміз, үлкен шаңырақ иесі болыңдар», «Өте жарасымды жұпсыздар», «Сіздерге тек бақыт, зор денсаулық тілеймін», «Мұндай сақтық шараларын ескеру керек. Адам көп жерге бармаңыздар. Жалпы қыдыруды өзі орынсыз», — деп жазады желідегілер.
Айта кетейік, карантин уақытында мұсылманша некесін қиған екі жас жақындарымен атаулы күнді атап өткен болатын. Ақан Сатаев үлкен той жасамай-ақ қызын тұрмысқа берді.
Ақан Сатаев пен Назира Бақаеваның отбасында бес бала. Марйам — ең үлкен қызы. 28 мамырда ол 21 жасқа толды. Режиссердің күйеу баласы Nomad Stunts каскадерлер тобының мүшесі Есболат Әбдіберік.
[:]