[:kz]
Алматыда 12 жасынан 18 жасына дейін құлдықта болған қыз өзінің оқиғасын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Немолчи» қоры 6 жыл бойы құлдықта болып, азаптың барлығына шыдаған қыздың оқиғасымен бөлісті.
Анасы қызды Ташкенттен Алматыға алып келген кезде ол 11 жаста болған. Олармен бірге Қазақстанға әжелері де еріп келген. Қыздың анасы жұмысқа тұрып, күн көруі керек болған. Жұмысқа орналасу үшін әжелерінің құжаттарын кепілдікке берген. Бірақ құжатты алып алған келіншек өзінің қарт анасы мен туған қызын далаға қуып шығып, өзі жоғалып кетеді. Бастапқыда олар келіншектің құрбысының үйінде тұрып жүреді.
«Сол кезде А. есімді ер адам далада қалғандарға жұмыс ұсынып, оларды сауда-саттықпен айналысуға шақырған. Амалдың жоғынан кейуана бұл ұсынысты қабылдаған. Бастапқы бір айда олар пәтер жалдап тұрып жүрді. Кейін қожайыны екеуін ата-анасының үйіне көшірген. Ол жаққа көшкеннен кейін екеуі бірден тазалық жұмыстарын жасап, тамақ әзірлеп, үйдің барлық шаруасын мойындарына алған. Оған қоса, алабай тұқымды он бес итке тамақ беріп, баққан. Мұнымен қоймай, 12 жасында қожайыны қыздың етеккірі келмегеніне, жыныстық мүшелерінің жетіліп үлгермегеніне қарамастан зорлаған. Мұны білген ер азаматтың анасы жеткіншек пен әжейге олар қоқан-лоқы көрсетіп, біреу-міреу естіп қойса, жазалайтынын айтыпты», — деп жазады қор өкілдері.
Кейіннен әжесін үйінен қуып жіберіп, қызды құлдықта ұстаған. Көп ұзамай қыз А.-дан жүкті болады. 14 жасында ол өте ауыр жағдайда қыз босанады. Тіпті, дәрігерлер қыздың жатырын алып тастамақ болған. Перзентханадағылар да бұл жайтты жасырып қалған. Артынша қыз бен оның баласын аналар үйіне жіберген. Бірақ енесі қамқорлық танытамын деп үйіне қайта алып кетіп, тағы да бүкіл отбасы білгендерін істеп, қорлық көрсеткен екен.
«16 жасында қыз А.-дан екінші баласын босанады. Бірақ олар қыздың Өзбекстанда өз қалауымен белгісіз бір азаматпен қатынасқа түскенін, сол кезде жүкті болып қалғанын айтып мәселені шешкен. Бұл іске қыздың анасының да қатысы бар. Қыздың екінші баласы үш ай өткеннен кейін қатты ауырады. Үйіндегілер тіпті жедел жәрдем шақыруға рұқсат бермеген. Нәтижесінде нәресте көз жұмды. Қазір ер адам қамауға алынған. Бірақ отбасы мүшелері жазаланбады», — деп жазды қор өкілдері.
Кәмелеттік жасқа енді толған қыздың жағдайы қазір ауыр көрінеді.
[:]