АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Сара Тоқтамысова: Ер-азаматтарымыз жүкті әйелінің шермиген қарнын сипап, сүйіп суретке түсуге ұялмайтын бопты[:]

[:kz]

 

Сара Тоқтамысова гендер-пати жасайтын жастардың әрекетін сынға алды. Айтыскер бұл қазаққа жат, өзге елдің таңсығы деп ашынды. Желідегі кей оқырман оның сөзін қолдады.

“Қазіргі жұрт еліктегіш боп кетті ғой. “Біреудің қаңсығы басқаға таңсық” деп шетелдің түрлі дәстүрін сіңіріп алдық. Жапа-тармағай жасап жатырмыз. Ер-азаматтарымыз әйелінің шермиген қарнын сипап, сүйіп суретке түсуге ұялмайтын бопты. Оны жаханға жария қып, инстаграмға жариялауға да арланбайды да. Құдай-ау, еркектік намыс қайда? Жігіттеріміз не боп кеткен?

 

Ол мәселенің бір жағы болса, екінші жағы тағы бар. Қазақ әйелдің бойына бала біткенін жаханға жарияламаған. Жасырын ұстаған. Біріншіден тіл-көзден қорғанса, екіншіден “ұят болады” деген. Аяғы ауыр келіншек мол көйлек киіп, барынша ішін білдірмеуге тырысқан. Тіпті босанғанша төркініне бармаған. Әкесі мен бауырларының көзінше шермиген қарынмен жүруге ұялған. Жүкті әйелді сәлем салудан да босатқан. Сондағысы қайын ағаларынан ұялып қалмасын дегені”, – деп жазды айтыскер. 

Айтуынша, қазір жүкті екенін жер жаһанға жария етіп, көпшілік алдында баланың жынысын анықтау – қазаққа жат қылық. Әйел тіл-көзден қорғану мақсатында құрсағына бала біткенін жария етпеген деп ашынды. 

“Ал қазір ше? Бала құрсаққа біте салысымен атойлап, жаханға жар салады. Бірінші УЗИ, екінші УЗИ, бәрі инстаграмға салынады. Ол – ол ма, гендер парти деген шықты. Әйел баланың жынысын өзі біліп алады. Күйеуіне айтпайды. Күйеуі мен жұртқа жариялау үшін той жасайды. Мұндай тойды шала қазақ блогерлер жасағанға таңғалмаймын, ал елге танымал азаматтарымыз жасап жатқанда сөз таппайды екенсің.

Ау, баланың қашан құрсақта пайда болатынын да, қашан туатынын да, жынысын да білуші тек Алла емес пе? УЗИ көрсеткенімен, ол да қателесуі мүмкін. Осы жайлы гинеколог дәрігермен сөйлескенмін. Аналар бала жынысын айтпауын сұраса, қағазға ХХ немесе ХY деп жазып береміз дейді. Кейін тосын сый жасау үшін ғой”, – деп жазды Тоқтамысова.

Сара ханым баланың жынысы Аллаға ғана аян деді. Дәрігер мен медицина қателесетін жайттар аз емес. Одан бөлек қазақ нәрестені іште жатқаннан бөлек, қырқынан шыққанша ел көзіне көрсетпейді дейді. Бұл бала ет алғанша тіл-көзден аман болу үшін жасалатын әрекет. 

“Алайда АЛЛА да өзінше тосын сый жасауы мүмкін. Яғни, “ұл дегені қыз болып, қыз дегені ұл боп шығатын кездер көп болады” дейді дәрігер. Сонда жаңағы бәленбай адамды жинап ап, көгілдір немесе күлгін киім киіп той жасағандар қандай күйде болар екен? Ол аз дегендей балаға киім алып, бөлмесін жабдықтап қоятынын қайтерсіз? Алдын ала дайындауды жаман ырым демесе де, көгілдір түсті бөлмеге қыз, күлгін бөлмеге ұл келсе қайтеді? Қазақтың тіпті бала туылған соң да қырық күнге дейін көңілі күпті болған. Баланы қырқынан шыққанша жұртқа көрсетпей күтімде ұстамаушы ма еді? Не боп барамыз? Бұлай жалғаса берсе, қасиетті санап, жасырын ұстайтын ештеңеміз қалмайтын шығар”, – деп жазды ол. 

Желідегі оқырман айтыскердің сөзін қолдап шықты.

“Сара сіңілім осыны қолға алынызшы, керемет қолдаймын”, “Айтпаңыз, менің де көңіліме бір жақпайды. Ішін көрсеткен былай тұрсын, зәр құйылған ыдысқа салып көрген тесті көрсететіні тіпті”.

“Дұрыс айтасыз. Гендер пати бергі жағы ғой, қазір толғатып, алба-жұлбасы шығып, бала шығып жатқанын көбі видеоға түсіріп салады. Онысымен қоймай, толғақтың қалай басталғанын айтайын. Таңғы 5 те ішім жайлап ауыра бастады” деп жазады. Ондай сұрақты ешкім қоймайтын да шығар. Адамнан адам шығу оңай емес екенін көбі біледі, қазір тұрмысқа шықпаған жас қыздардың өзі бәрін біледі”.

“Жаратқан жарты бастарға сана берсін деп тілейік, әпке. Өзгенің салт-дәстүрін өзінікіндей көріп, соны дамытып жатқандар өздері де сондай болып кеткендерін байқамай да қалады. Асыл дінімізде не деді? Кім де кім қандай қауымға еліктесе, ол солардан деді. Ақыры соңы өз дәстүрін тілін, дінін, салтын білмейтін мәңгүрт болып қалғанында байқамайды”, – деп жазды желідегілер. 

[:]