[:kz]
Қазақстанда азық-түлік бағасының күннен-күнге шарықтауы тұрғындардың артық салмақ жинауына әкеліп жатыр. Өйткені, пайдалы тағамдарды қалтасы көтере бермейтін жұрт, арзан әрі зиянды өнімдерді көптеп пайдалануға көшкен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
«Денсаулық» қауымдастығы жүргізген зерттеу нәтижесінде елдегі 18 бен 25 жас аралығындағы азаматтардың 22 пайызында, ал 50 жастан асқан адамдардың 62-64 пайызында артық салмақ бар екені анықталған. Ауру-астан. Дегенмен қазір көпшілік құнары бар тамақ жеуден қалдық дейді.
Өйткені айлығы шайлығынан артылмайтын жандар, денсаулыққа пайдалы жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін тұтынуды азайтқан. Оның орынына жұрт амал жоқ қалтаға салмақ салмайтын азық-түлікті сатып алуға тырысамыз дейді. Алайда мұндай өнімдердің көбі ағзаны әлсіретіп, түрлі ауруларға шалдықтыранын тұрғындардың өздері де біледі.
“Қазір бәрі қымбаттап кетті. Дүкендерден арзандау өнімдерді іздесең, бәрі Қытайдікі. Студент балаларымыздың бәрі Қытай лапшасына құмар. Соның кесірінен асқазан ауруын тауып жатыр”, – дейді тұрғын.
“Күнде фаст-фуд жейміз. Роллтон өнімін жиі қолданамыз. Ал сүт өнімдері студенттерге қымбат”, – дейді студент.
Соңғы кезде азық-түлік бағасының аспандап бара жатқаны халықтың табысына ғана емес, денсаулығына да кері әсерін тигізіп жатқанын мамандар да растайды.
Мәселен «Денсаулық» ұлттық қауымдастығы еліміздегі ірі емханалардың бірінде зерттеу жүргізіпті. Оған қатысқан респонденттердің басым бөлігі табысының жартысын азық-түлікке жұмсайтындарын айтқан. Соның кесірінен ересектер бағасы қолжетімді, бірақ тез семіртетін картоп, күріш, макарон өнімдерін, ал жастар фаст-фут, газдалған сусындар мен кондитерлік өнімдерді шамадан тыс пайдаланып жүргендері анықталған.
“Зерттеу кезінде бізді әсіресе жастардың тамақтану мәселесі алаңдатты. Олар қазір денсаулықтарын күтіп жүрген жоқ. Не болса, соны ішіп-жейді. Ондайлар болашақта жасына жетпей ауру табатындары анық қой”, – дейді «Денсаулық» қауымдастығының басшысы Бақыт Түменова.
Зерттеу нәтижесінде еліміздегі 50-ден асқан азаматтардың көбінде жүрек, қатерлі ісік, диабет, созылмалы аурулары бар екені белгілі болған. Мамандар мұндай кеселдер көбіне дұрыс тамақтанбаудың кесірінен болатынын айтады.
Сондықтан халықтың денсаулығын жақсарту үшін пайдалы азық-түліктің сапасын арттырып, бағасын қолжетімді етуге көңіл бөлу керекпіз, дейді қауымдастық өкілдері.
[:]