АЛТЫНОРДА
Новости

Петрдің Кунсткамерасы – Ресейдің бірінші музейі

1714 жылғы 31 қаңтарда Бірінші Петр ел орталығын Мәскеуден Санкт-Петербургке көшіру туралы жарлығын бере отырып, өзінің коллекциялары мен кітапханасын жаңа астанаға жеткізуді, оларды Фонтанкадағы Жазғы сарайдың қызмет баспанасына орналастыруды тапсырды. Ол кейін еуропалықтардың үлгісімен сирек кездесетін заттар кабинеті – Кунсткамера атала бастады. Ресейдегі бірінші музей осылай пайда болды.

Кунсткамера-1

Берілген тапсырмаға орай барлық заттар мұқият оралып, Жазғы сарайға жеткізілді. Ал Бірінші Петрдің Кунсткамерасына қойылған мүкәмалдың көптігі сондай, олар үшін бірден арнайы баспана бөлуге тура келді. Коллекциялардың сақталуына Дәріханалық ведомствоның басшысы, лейб-медик Р.Арескин жауап берді. Кейірінек ол «сирек кездесетін мүліктерді бақылаушы» деген лауазым алды.

Бірінші Петрдің Кунсткамерасы государьдың бұдан да басқа барлық бастамалары тәрізді өте мұқият да ыждағатты орналастырылды. 1717 жылы патша Воронеж губернаторына жабайы аңдар мен құстарды аулауды тапсырды. 1718 жылы ол әлдекім әлдеқалай жолмен сирек кездесетін заттарды (тастар, сүйектер, ыдыстар, қарулар) тауып алып жатса, оларды міндетті түрде государьға әкеліп тапсыруы тиіс екенін айғақтайтын жарлық жариялады. Осыдан кейін Ресейдің барлық түкпірлерінен табылған ерекше заттар Петербургке жеткізіле бастады. Мәселен, Выборг аумағынан төрт көзі мен екі тілі бар қой жіберілсе, Тобольскіден бірінде – үш, тағы бірінде сегіз көз бар тоқтылар әкелінді. Сол сияқты шет елдерге шығатын барлық саяхатшылар алуан түрлі жабайы заттарды өз отандастарынан да, жатжұрттықтардан да сатып алып келуге тиісті болды. Бірінші Петр табиғи қалыптағы және жасанды жолмен жасалған минералдық, зоологиялық, анатомиялық және басқа да раритеттік бұйымдарды жинай отырып, олардың көмегімен тарихи ұғым жүйесін қалыптастыруға ұмтылды. Бұл құралдар, түптеп келгенде, ғылым мен көркем өнерді өркендетуге серпін береді деп есептелді.

Государь сарайында бұл коллекцияларға орын жетпей жатты. Мұндай бағалы бұйымдарды жалпы бұқараға ашық аспан астында көрсете беруге болмайтын еді. Нәтижесінде экспонаттардың орнын ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. 1718 жылы Бірінші Петрдің Кунсткамерасы патша қаһарына ұшырап жүрген бір вельможаның иелігіне көшірілді. Міне, тап осы тұстан бастап қана өзіндік музейде сақталып тұрған бұйымдар жұрттың бәріне қолжетімді бола бастады. Ол кездегі музей дәл қазіргі кейпіндегі Кунсткамераға мүлдем ұқсамайтын. Оның бөлмелерінде шыны ыдысты жабдықтар тұрды. Оларда голландиялық анатомия мен ботаника профессоры Фредерик Рюйштің коллекциялары сақталды. Ол эмбриология мен анатомия бойынша ерекше коллекция жасаған екен. 1717 жылы айрықша тұрпаттағы заттарды құрметтейтін орыс государы 937 экспонаттар жиынтығын сатып алды. Бұл коллекцияны елу жылға жуық уақыт жинаған Рюйш оларды тек орыс патшасына ғана сатуға келісті. Ол бұл адамның өзі жинаған заттарға екінші өмір беретініне, бұларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін ерекше сақтай білетініне имандай сенді. Дегенмен, ол қателеспеген еді, сол Бірінші Петрдің талабы мен тәртібі арқасында Кунсткамера заттары осы заманға дейін ешбір бүлінусіз аман-есен жетті. Әлбетте, содан бері оның экспонаттары саны жыл сайын өсіп отырды.

Кунсткамера-2

Кунсткамераға Ресейдің барлық мүйісінен жаңа заттар ағылып келіп жатты. Олардың арасында көне және археологиялық заттар да аз болған жоқ. Айталық, Астрахань түбіндегі қазба жұмыстары кезінде табылған алтын және күміс бұйымдар, түрлі діни нанымдағы заттар, ескі теңгелер мен көне қолжазбалар музейдің төрінен орын алды. Кунсткамерадан сондай-ақ кішкентай балалар бастарының үлгілері, адам денесінің әртүрлі бөлшектері, алуан түрлі құстар мен ұсақ жануарлардың қаңқалары секілді нәрселерді де көруге болатын. Мұнда гербарий мен көптеген көбелектерге орын бөлінді.

1719 жылы Кунсткамера жалпы көпшілік үшін есігін айқара ашты. Музейге жұрттың көптеп келулеріне мүмкіндік жасау үшін Петр оған ақымен кіру жөніндегі ұсынысты қабылдамай тастады. Керісінше келген әрбір адамды бір шыныаяқ кофе немесе шәй бір рөмке арақ түрінде сый-сияпат күтіп тұрды. Ал мемлекет Кунсткамераны ұстап тұру үшін жыл сайын 400 рубль шамасында ақша бөлетін еді.

Петербургтегі Кунсткамера күні бүгінге дейін сол қалпында жұмыс жасап тұр.

Құрыш НҰРЫМБЕТ.

http://www.egemen.kz