АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақтың келіні — ұлттың ұйытқысы

Келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, оны әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы деп тани білген атамыз қазақ тура осылай деген! Дәл тауып айтқан! Одан әрі «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Абысын көп болса, ас көп» деген де біздің қазақ. Көпті көрген көнекөз қариялар неліктен бұлай деген?.. Әрине, бұл — келінге берілген тамаша баға және салауатты һәм парасатты тәрбие бастауы.

Міне, мәселенің басты мәні де, маңызы да осында! «Малдың аласы — сыртында, адамның аласы — ішінде» демекші, өмір болған соң келіннің сан алуан түрінің (мінезіне қарай) кездесетіні — дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Жалпы, қазақтың келіні, ол кім? Келіннің отбасындағы (қоғамдағы) рөлі қандай? Жаңа заман келіні сен, қандайсың? Келін тәрбиесімен кім айналысуы қажет? Міне, бүгін біз осындай сұрақтарға жауап іздей отырып, қазақ халқының келіндері туралы ой-пікірімізді ортаға салмақпыз.

Жалпы, қасиетті «Құран кәрімде» Алла тағала қыз баланы бойжетіп, балиғатқа толғаннан кейін тұрмысқа шығып, өмірге ұрпақ әкелумен қатар бір әулеттің үрім-бұтағын көбейту үшін жарат­қандығы туралы айтылады. Демек, келін боп босаға аттау бұл — үлкен қуаныш, зор мәртебе! Мұ­нымен қоса, жас келінге жүктелер міндет те аз емес. Шындығын айтсақ, келінге қайын ата мен қайын ененің көңілінен шығып, олардың «қас-қабағын бағудың» өзін былай қойғанда, сол әулеттегі абысындарымен тіл табысып, ең алдымен, ағайындардың арасындағы тату-тәтті жара­сымдылыққа ұйытқы болу, тіпті бір әулеттің қана емес, ұлт ұрпағын тәрбиелеу міндеті де жүк­телген. Міне, сондықтан да ата-бабаларымыз ежелден келінді ұрпақ жалғастырушы жан ретінде бағалап қана қоймай, оны сол әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы ретінде қабылдаған. Бұл орынды да. Шын мәнінде, бүгінгі келін — ертеңгі ана, ұрпақ жалғастырушысы. Ал енді халық мақалында айтылғандай, келіннің «келсап» болмай, елгезек жақсы адам болып қалып­тасуы көп жағдайда қайын ененің тәлім-тәрбиесіне байланысты. Өйткені жас келін үшін қайын ене тәлімі — маңызы зор тәрбие мектебі. Ең бастысы, қайын ене өзінің өзегін жарып шыққан ұлының жарын өз баласындай бауырына баса білуі тиіс. Жақсысын асырып, жаманын жасырып, келіннің абырой-беделін асқақтата білуі шарт. Десек те, қазіргі күні дәл осы мәселеде кейбір қайын енелердің ұтылып жүргенін, мұның соңы жас отау шаңырағының шайқалуына әкеп соғып жүргенін әсте жасыруға болмас.

Егер халқымыздың арғы-бергі тарихына зер салсақ, халқымызда бір өзі бір ауылды басқара білген адуынды да парасатты бәйбіше, ауылдағы қайсыбір тентек қайныларын бір ауыз сөзбен илан­дырып, тезге сала білген көркіне ақылы сай келіндер аз болмаған. Мысалы, ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың бас кезінде қыпшақ руының қызы Тәттібике апамыз шымыр руына келін болып түскен кезінде ел ішіндегі дауға түсіп, билік айтып, ел-жұрттың ынтымағы мен тыныштығын сақтай білген бидің бірі болыпты. Ал ХІХ ғасырда дүркіреген бір әулетке келін боп түскен Құдайбайдың қызы Бидаш есімді әйелдің ақылдылығы мен кемеңгерлігі нәтижесінде ел арасында «Бидаш би» атанып кеткені туралы деректер жазба әдебиетінде бар. Ал бір аңыз-әңгімеде әйгілі Төле би ба­бамыздың келіні Данагүлді алғаш көргенде, бұрымы тізесіне түскен бойжеткеннің сонадай жерден тоқтап, үлкендерге жол бергені, осы ілтипаттың өзінен ғана дана бидің дана қызын ешкім айтпай-ақ танығаны айтылады. Осылайша, келіні Данагүлдің ақыл-парасатын таныған Төле би қырық қарақшының қолына түсіп қалғанда ұлына емес, келіні Данагүлге хат жазып, көмек сұрайды. Сонда Данагүл астарлы сөзбен жазылған хаттың мәнісін ұғып, қайын атасы — Төле биді құтқарып алады. Бұл, әрине, Төле бидей қайын атаның келінді бағалай білгендігінің бір көрінісі!

Құдайға шүкір, одан кейінгі жылдарда да халқымыз парасат-пайымы жарасқан келіндерге кенде болған емес. Мысалы, халқымыздың күміс көмей әншісі Кенен Әзірбаев ұлы Көркемжан үйленіп, жеке шаңырақ көтергенде келіні Динаға арнап, «Келінжан» әнін шығарды. Бұл әнінде қарт әнші өзінің осынау бақытты сәтті ұзақ уақыт күткенін айта келіп, ендігі жерде «әулеттің ұйытқысы да, ақылшысы да өзің бол, Динажан, өзіңе арнап мал-мүлік жинап едім, қабыл ал» деген тәрізді аталық лебізін тебірене жеткізеді. Бүгінде «Келінжан» әнін сол Кенен ауылының тумалары әнші Саят Медеуов пен Айгүл Иманбаева секілді өнер иелері тамылжыта орындап жүр. Сондай-ақ қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының келіні — Зейнеп Ахметова, барша алаш жұртының асыл азаматы Иманғали Тасмағамбетовтің анасы — Ділдә Тасмағамбет келіні де бүгінгі күні келіндердің көш басында келе жатыр. Тіпті билік басында жүрген ханымдарымыздың арасында да өзінің «келін» деген қасиетті атауына кір келтірмей жүрген Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиеваның, өзінің өмірлік жарының ата-анасын айрықша құрметтей білген көрнекті режиссер һәм актер, марқұм Райымбек Сейтметовтің келіні, танымал актриса Данагүл Темірсұлтановалардың, т.б. есімдерін ілтипатпен атасақ артықтық етпес. Бұл, әрине, бір әулет үшін ғана емес, барша қазақ жұртшылығы үшін үлкен абырой, зор мәртебе!

Бір ерекшелігі, кешегінің келіндері аталары мен қайнағаларына жарастықпен иіліп сәлем сала білген. Бұған қоса, халқымыздың салт-дәстүрлеріне сәйкес келін атаулы қайнағаларының есімін тіпті де атамаған. Қажет болған жағдайда оларға «Төре аға», «Мырза аға» секілді жанама есімдерді бере білген. Сондай-ақ бұрынғының келіндері қайын інілеріне де жарасымды аттарды таңдап, қоя білген. Бір өкініштісі, қазіргі күні кешеден бүгінге жеткен осындай салауатты әрі тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрлеріміз жаңаның қалтарысында қалып барады.

Осы тұста Алматыда болған бір оқиғаны айтқан жөн болар. Нұржау және Роза есімді курстасымның Әділет есімді ұлдары сонау Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында тұратын Жанар есімді қызбен отау құрды. Дүркіреп той етті. Тойдың ертесінде ағайын-тума, дос-жаран «келін шайға» шақырылды. Сонда босаға аттаған жас келін Жанар өзінің туған анасы Түйме құдағидың сонау Жаңаөзеннен арнайы тігіп беріп жіберген қазақы бүрмелі көйлегі мен камзолын киіп отырып, келген қонақтарға қаймақ қосылған қызыл күрең шайды ілтипатпен ұсынды. …Шоғы сөнбей, ызыңы естілген жез самаурын, бүрмелі көйлек, қарақаттай көздері мөлдіреген пәк сезімді келін. Қандай керемет десеңізші!.. Суреттеп жеткізу тіпті қиын. Ең бастысы — қандай жарасымды! Мұны айтып отырғаным, соңғы уақытта біздің жаңа қазақтарымыз мейрамханаларда думандатып той өткізіп, тек ішіп-жегенге мәз. Міне, солардың тәрбиелік мәні зор кешеден бүгінге жеткен ұлттық салт-дәстүрлерімізге тіпті де мойын бұрмайтыны қынжылтады. Ол ол ма, қайсыбір жерлерде «әйтеуір қазақтың салты ғой» деп үйлену тойларында келіннің бетін ашамыз. Жөн! Бірақ «келіннің бетін ашып, сәлем салдырғанның жөні осы екен» деп жасы үлкен аталар мен қайнағаларды айт­пағанның өзінде, үйленіп жатқан жігіттен жасы әлдеқайда кіші бала-шағалардың атын атап, түсін түстеп айтып, жаңа түскен келінді иілдіріп, сан мәрте сәлем салдырамыз. О заманда, бұ заман келіннің жұбайынан жасы әлдеқайда кіші қайын інілеріне сәлем салғанын кім көрген?.. Біле білсек, атамыз қазақтың арғы-бергі тарихында жасы кішіге келін әсте сәлем салмаған. Ал бұл — бүгінгі заманның қалтақағар той жүргізушілерінің көбірек ақша табу мақсатында ойлап тапқан бір амалы. Тағы бір жайт, қазақы салт бойынша келін сәлем салғанда, оны екі абысыны қолтықтап, демеп тұрады. Сонда қарасаңыздар, бүгінгінің «тәжірибелі» келіндері елдің алдына ұялмай-ақ шалбармен немесе шолақ шалбармен шығатын болды. Бұл не сонда? «Тәжірибелі» абысын­дардың жаңа ғана келін болып түсіп жатқан «су жаңа» абысындарына көрсетіп жатқан үлгі-өнегесі ме? Қалай десек те, ерсілеу көрініс, жабайы әрекет… Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жаңа түскен келінге ескінің естісін үйретіп, жаңаның жаманынан жирендірейік, ағайын! Сонда ғана келініміз «келсап» болмай, ақылды да парасатты, жұрттың көңілінен шығатын келін болатыны даусыз!

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

www.kuttybolsyn.kz