«Қазақтүрікмұнайды» торқалы тойымен құттықтауға Мұнай және газ министрлігі, «Казэнерджи» қауымдастығы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы сынды мүйізі қарағайдай мекемелердің басшылары арнайы келді. Бірінші бірлескен кәсіпорынның мерекесінде еліміздің өнер жұлдыздары да ән-жырдан шашу шашты. Салтанатты шарада «Қазақтүрікмұнайдың» шежіресінен сыр шерткен бейнефильм көрсетілді.
Мерейтойға келгендер алдында сөз алған «Қазақтүрікмұнай» ЖШС бас директоры Нұрпейіс Мақашев компания тарихынан тәбәрік болар деректерге тоқталды. «Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері қазақ даласы мен Түркия арасында барыс-келіс пен алыс-беріс тоқтаған емес. 1992 жылдың 1 мамырында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстан мен Түркия арасында ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылдың 9 қаңтарындағы қаулысымен бекітілген «Инвестицияны өзара қолдау және қорғау туралы» Мемлекетаралық келісімшартқа
қол қойылды. Осы құжаттың негізінде 1993 жылдың 4 ақпанында құрылтайшылары Түрік ұлттық мұнай компаниясы мен Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің «Қаззарубежгеология» РМК болып табылатын «Қазақ-түрік бірлескен кәсіпорыны – «Қазақтүрікмұнай» компаниясын құру туралы келісімшарт тіркелді. Содан бері 20 жыл уақыт өтті. Компаниямыздың 20 жылдық тойы – бірінші кезекте құрылтайшыларымыз «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ пен Түрік ұлттық мұнай компаниясының мерейлі мерекесі. Бұл орайда кәсіпорынға көрсетілген жан-жақты қолдау үшін құрылтайшыларымызға зор алғысымызды білдіреміз»
деген Нұрпейіс Мақашұлы халықаралық ұжымның қол жеткізген табыстары кәсіпорынның ең алғашқы басшылары Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Илькер Түксал мырзаның есімдерімен де тікелей байланысты екенін атап өтті. Айта кетерлігі, Илькер Түксал мырза компания тойына сонау Түркия елінің ыстық ықыласын арқалай келіпті.
Компания құрылған кезден бастап 3 млн 780 мың тоннадан астам мұнай өндірді. Ал 2012 жылы мұнай өндіру 230 мың тоннаны құрады. Үстіміздегі жылы мұнай өндіруді
233 мың тоннаға жеткізуді межелеп отырған компания мемлекет қазынасына 35 млн АҚШ доллары көлемінде салық төлегенін де тілге тиек еткен жөн. «Қазақтүрікмұнай» ЖШС ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламасын орындауды Қазақстанда бірінші болып аяқтағанын осы саланың өкілдері өте жақсы біледі. Ал әлеуметтік жауапкершілік тұрғысындағы қайырымдылық істері жөнінде көп айтуға болады. Соның дәлелі, 2011 жылы компания «Парыз» сыйлығына ие болды. Компания мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы серіктестіктің жемісті жұмысын жоғары бағалап, ұжымға құттықтау хатын жолдады.
Компания басшысы өз сөзінде жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың қордаланған мәселелерін шешуге атсалысып отырған Мұнай және газ министрлігі, «Казэнерджи» қауымдастығы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына алғысын білдірді. Ал Мұнай және газ вице-министрі Берік Толымбаев сала министрінің «Казақтүрікмұнай» компаниясына жолдаған құттықтауын жеткізді. Осы кеште «Қазақтүрікмұнай»
ЖШС еліміздің мұнай және газ саласының дамуына қосқан зор
үлесі үшін Мұнай және газ министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Казэнерджи» қауымдастығы өкілдері де «Қазақтүрікмұнай» қызметкерлеріне алғысхаттарын табыс етті.
«Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның Түркия тарапынан құрылтайшысы «Туркие Петроллери Аноним Ортаклыгы» АҚ бас директорының орынбасары Ахмет Аданыр компанияны кадрлар ұстаханасына балады. «1993 жылы 5-10 кісімен басталған жұмыс қазір 400 кісімен жалғасуда. «Қазақтүрікмұнай»
ЖШС тек мұнай өнеркәсібі ғана емес, оқу орнының да міндетін атқаруда. Қазіргі таңда «Қазақтүрікмұнайдан» қанат қаққан мамандар Қазақстан мен Түркияда табысты қызмет етуде» деген ол осы табысқа екі мемлекет халықтары арасындағы тығыз достықтың арқасында қол жеткенін атап өтті.
«Бауырластық пен достық туралы айтқанда атақты қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлының «Алыстағы бауырыма» атты өлеңі еске түседі. Мағжан ақын 1918 жылдары Түркияны дұшпандар жаулап жатқанда түрік бауырларының бостандық үшін күресін және қиыншылығын бөлісе алмағаны үшін атажұртта қайғы жұтқан қазақ бауырларының сезімдерін «Алыстағы бауырыма» деген өлеңімен білдіріпті.
Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.
Қамаған қалың жаудың ортасында,
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым, – деп жырлады Мағжан ақын.
Дәл сол секілді түрік ақыны Абдурахим Каракоч та 1980 жылдары әлі тәуелсіздік алмаған түркі бауырлары үшін «Мейрам болсын мейрамдарыңыз» атты өлеңінде сезімдерін былай жеткізіпті:
Зындан – медресе, қайғы – жайлау болсын Сіздерге!
Мың жыл мен бір айдың айырмасы жоқ қой Сіздерге!
Періштелер де көктен қызыға қарап Сіздерге
Мейрам болсын мейрамдарыңыз!
…Қазақ, Ұйғыр, Қырғыз, Әзірбайжан,
Бауырластық көзден таса қалмасын.
Залымдар өз зұлымдықтарын қайтарып,
Мейрам болсын мейрамдарыңыз!» деген ақындарымыздың армандары бүгін орындалды» деді Ахмет Аданыр ағынан жарылып.
Иә, ақындар аңсаған, бабалар қалаған байланыс ұзағынан болғай.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,
Астана
http://www.aikyn.kz