АЛТЫНОРДА
Новости

Хан Кененің драматургиядағы бейнесі қандай?

Заңғар КӘРІМХАН

Қазақ көркем әдебиетінде соң­ғы хан Кенесары туралы жазылған шы­ғармалар аса көп емес. Кеңестік ке­зең­­нің аса ауыр жағдайында даңқты қа­зақ қаламгері Ілияс Есенберлиннің «Қа­һар» романы осы бір тұйықталған көш­­тің те­ңін бұзды, алға жылжытты. Өйт­кені, бұл шығарманың алдындағы ұлы Әуе­зов­тің «Хан Кене» пьесасының тағ­ды­ры ал­ма­ғайып болып, талауға түс­ті. Шы­ғарманы тал­дамақ түгілі атын атау­дың өзі қылмыс істе­генмен бірдей еді. Ал, кейінгі Есен­берлиннің шығармасы «жылымық» дейтін уа­қытта жазылып, қа­лың ұйқыдағы қа­зақты бір серпілтуге, намысты жануға ықпал етті.

Қойдың құнын беріп алатын, іздеп жүріп оқитын шығармаға айналды. Осыдан соң-ақ қат­қан сең бұзылып, Ке­несары туралы басқа да шығармалар жа­зылды. Солардың қатарында, тіпті, ал­ғашқы легінен табы­луға тиіс, табылатын көр­кем туындылар – белгілі жазушы Думан Ра­ма­занның шығар­малары. Хан Кенені әр қы­рынан танытып, суреттеп жүрген Думан Рамазан бұл жолы драматургияда бағын сынап көргісі келген сыңайлы. Былтырғы жылы талантты қаламгердің «Кенесары-Күнімжан» ат­ты пьесасы жарық көріп, Ас­та­надағы Қ. Қуа­нышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық дра­ма театрында сахналанды. Қоюшы ре­жис­­сері – Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Болат Ұзақов.

Бұл драматургиялық шығармада хан Кененің жастық шағы, ғашық жанға деген адал махаббаты баяндалады. Аталмыш спектакльде оқырманды қалай баурап аларын ойлаған болуы керек, автор өзгеге ұқсағысы келмей, өз пайымымен оқиғаны тосыннан бастайды.

Айлы түнде ақынның (Нысанбай жырау) бейнесі көрінеді алдымен, күбірлеп Құран оқиды, қолын жайып, Жаратқаннан медет тілейді. Сосын домбырасын қолына алып, ақырын ғана ыңылдап әлдебір әнді айта бастағаны сол еді, алыстан бір дүбір естіледі: тасырлата шапқан ат, ащы шыққан айқай, даланы жаңғырықтырған қиқу – барлығы да жай, сылбыр басталып келеді де, бірден құлақты тұндырардай қатты дауысқа ауысады. Сол заматта ас­пан­нан арқандар салбырап түседі. Бұ­ған дейін­гі драмалық туындылардағы оқи­ғалардың барлығы да бір сарынды басталып, содан барып баяу тартысқа түсетін еді ғой. Ал, «Кенесары-Күнімжан» пьесасын­да көктен ширатылған арқандарға жан­та­ла­са ұмтылған, таласқан, тартысқан адам­дар қимылынан оқиға ары қарай өр­би тү­седі. Мұның өзін режиссермен (Болат Ұза­қов), актерлермен көп ойланған, мол із­де­ністен туған дүние деп ойлаймыз. Осы арқан, оған таласқан адамдар сұл­ба­сы арқылы жазушы сол кезеңдегі қазақ тағдырын, өмірін паш етіп отырғаны кә­дік. Заман тарылып, жер қусырылып, қа­зақ­тың жаны шығардай болған көрініс көз алдыңызға келеді. Алаштың арысы Әли­­хан Бөкейхан айтушы еді ғой: «Жер – өмір сүру мәселесінің ең зоры» деп. «Өмір мен өлім мәселесі» деп. Сол айтқандай, шұ­­райлы жерден айырылып, бірлігі кетіп, ба­­сынан билігі тайған елдің бір-бірін тың­дау­ға мұршасы жоқ. Қалай болса солай жан сақ­тап, өлместің кебін кимекке ұмтылады. Сол топтың арасынан екі адам суырылып шығып, бір арқанды алма-кезек жұлқып, өзара сөз тартысқа түседі. Бір арқанның екі ұшындағы адамдар – Кенесары мен Қо­ңырқұлжа болатын. Тым тосын әрі ұрым­тал басталған пьесаның басталуын бірге оқиық:

«Қоңырқұлжа. Ей, Кенесары, ұлы им­пе­рия­ға жалаң қылышпен қалай қарсы тұр­мақ­сың?! Елді құр босқа дүрліктіріп, қанды қыр­ғынға бастағаннан не табам дейсің?! Ха­лықты орға апарып жығасың-ау, Кенесары.

Кенесары. Қоңырқұлжа, сен сияқты ақ патшаға қызмет етіп, күнің үшін жа­ныңды жалдап, сатылып жүргенше, азат­тық үшін күресіп өлген артық!

Қоңырқұлжа. Ау, мен ақ патшаға қыз­мет етсем, Ақмоланың аға сұлта­нымын.

Кенесары. Аға сұлтандығыңды алға тартып, ата-бабамыздан мұра боп қал­ған жері­мізді қарашекпенділерге таратып бе­­ріп жат­са да, қарап отыра бермек­пісің! Бұндай бассыздыққа сен көз жұма қарағаныңмен, мен жол бере алмаймын!»

Бір қарағанда пьесаның ең бір өзекті, ең бір маңызды тұсын автор бастамай жатып айтып тастағандай көрінеді. Алайда бұл тартыс бас кейіпкердің күрескерлік рухының бір ғана сипатын, бар болмы­сындағы ұстанымын айғақтайды, осы сөзі арқылы оқиғалардың шарпысуы әлі де алда болатынын көрсетеді.

Арқан жайындағы ойымызды сабақ­тай түссек, автордың көп нәрсені арқан ар­қылы айтып, тарих қалтарысында қалған мол жайттарды көрерменге таныстыруды мақсат еткені көрінеді. Байқап отырсаңыз, арқан Кенесары мен Күнімжанның қолын­да болса, уықтары шаншылған киіз үй бо­лып тігіледі; арқан Қоңырқұлжаның қо­лында болса, өзіне қараған қаншама елдің үдесінен шыға алмай, бірлік-берекесі ке­тіп, шашырай бастайды; ал егер арқан Кене­сарының ғана қолында болса, «уай, шіркін-ай, бар қазақтың басын қосып, жау түсіріп, ел етсем ғой» деген асқақ арманы айтыла жүріп, қалың жұртты бір жер­ге ұйыстырмақ мақсаты көрінеді. Ар­қан Кенесары мен Қоңырқұлжаның ара­сында болса, бірі өліп, бірі қалатын дар ағашының жібіндей елестеп, бір ата­ның баласының қырық пышақ болып қыры­лып, ажалға айдайтынын суреттейді. Ал, арқан қалың көпшіліктің қолында қалса, орда сыртындағы батырлардың найзасындай елестейді. Бұл режиссердің бір ға­на нәрсеге көп мағына сыйдыра білген ше­берлігін шынайы көрсетеді деп ойлаймын.

Екі мықтының арасындағы алғашқы сөз қақтығысынан кейін Кенесары Күнім­жанды кезіктіреді, сусын ұсынған қазақ қызының ибалылығы мен парасатына тәнті болады. Кейіннен екеуінің арасында шынайы сүйіспеншілік туындап, сол сезімнің арты Кенесары мен Қоңырқұлжа арасындағы бітіспес дауға, ашық жаулыққа жалғасады. «Екі қошқардың басы бір қа­зан­ға сыймас» деген қазақтың тамаша ма­қа­лы бар. Осы бір өмірдің тәжірибесінен алын­ған мақал қос билеушінің өміріне өте-мөте қатысты. Тарихқа қарап отырып, осы екеуінің бірін ғана жақтап, бірін ғана ақ­­тап алуға бола ма? Мұның өзі тарихи әді­леттілікке жата ма? Екеуі де мықты. Екеуі де ірі. Қазақ «шынжыр балақ, шұбар төс» деп әспеттейтін әулеттен. Екеуінің де артында қарақұрым халқы бар. Алдында әбден пісіп-жетілген, өздері ғана таныған ақиқат жолы жатыр. Сол жолдан таймайтын, таймауға қасарысқан серт бар, ант бар.

Әрине, біздің бүйрегіміз көбіне-көп Ке­не­сарыға бұрылатыны хақ. «Азаттық үшін, жер үшін орыс патшалығына қарсы шық­ты, көтерілісті бастады, соңына аламан ертті» деп. Сөйтеміз де, қарсы тараптың көзқарасын, ойын, идеясын, не себепті сондай қадамға барғанын ескере бермейміз. «Қараөткелді иен жайлаған Қоңырқұлжа қандай адам, нені көксейді, қазаққа жаны ашымастың бірі ме?» Міне, осындай ойлар сол кезеңді білгісі келетін кез келген оқыр­манды мазалауы бек мүмкін. Орта жүз ханы Сәмекенің ұрпағы саналатын Қоңырқұлжа біз ойлағандай осал адам емес екен. Оның да ойлағаны бар. Оның ойы да бір жағынан дұрыс та болар, кім білген?! «Таяқтың екі ұшы бар» екені рас болса, Қоңырқұлжаны тым біржақты етіп, қаралай беру қан­ша­лықты әділетті?! Бұлай айту арқылы біз сат­қындық пен жағымпаздықтың симво­лындай Қоңырқұлжа образын ақтап ала­й­ық деп отырғамыз жоқ. Ондай адамды сүт­тен ақ, судан таза етіп ешкім де шығара ал­мас. Алайда біз Кенесарыны білу үшін алдымен Қоңырқұлжаны тануымыз шарт. Аппақ қағазға ақ сиямен жазылған дүниені оқи аламыз ба? Жоқ. Қара тақтаға көмірмен сызған суретті көре аламыз ба? Жоқ. Олай болса, Қоңырқұлжа – Кенесарыны танудағы құрал, басты деталь ғой. Әдебиет пәні мұғалімдерінің «Абай жолын» оқытарда Құнанбайды қаралаған сайын, Абай биіктей түседі деп ескі түсінікпен талдайтынындай, Қоңырқұлжаны батпаққа батыра берсек, Кенесары асқақтай түседі деген қате ұғым. Адамның шын ниеті, ықыласпен кірісуі мен қандай да бір іске амалсыздан баруының айырмасы жер мен көктей. Сондықтан Қоңырқұлжаның өз бейнесін жасау, образын аша түсу Кенесарының тұлғасына да тікелей байланысты.

Ал, кейін ханға серік болған Күнімжан көркіне ақылы сай, қазақтың ерге бергісіз қызы еді. Ақмоланың аға сұлтаны Қоңырқұлжа дәулетін пұлдап, қызметін құндап Күнімжанға үйір-үйір жылқы беріп, тоқалдыққа алмақ болады. Осы тұстағы Кенесары мен Қоңырқұлжа арасындағы келіспеушілікті патша үкіметінің қазақ жеріндегі жандайшаптары өте тиімді пайдаланып, жіті қимылдап, «жабайыларды» бір-біріне айдап салып, қырғынға ұшыратуды көздейді. Алайда халықтың арманы, қазақтың аңсары, уақыт таразысы басқаша қаланып, әділдік, ақиқат алға шығады. Патшаның өкілдері мен Қоңырқұлжа соңында халықтың қаһарына ұшырап, бірін-бірі құрбандыққа шалады. Міне, біздің Кенесарыны жақсы көретініміз осы арадан көрінеді. Кенесарыны мойындайтын себебіміз – Ұлы Дала өркениетін сан мыңдаған жылдар билеген түркі жұртының құт дарыған көкжалындай болып соңғы рет аспанға қарап ұлуында, ұли алуында. Кенесарыны тұлға деп танитын себебіміз – қазақтай қайсар халықты құлақкесті құл етіп, аздырып-тоздырмау жолында басын берген жанкештілігінде. Біз жақсы көрсек, осындай іріні жақсы көруіміз керек, ғибрат алар болсақ, осындай мықтыдан ғибрат алуымыз керек. Өйткені, Кенесарыны толық танысақ, біз азаттықтың қадіріне шын мәнінде жеткен болар едік. Өзімізді шын мәнінде еркін, тәуелсіз ел санап, өзгелерден мойнымыз озық болар едік.

Пьесаның үш жерінде Құран сүресінің оқылатыны бар. Қасиетті сүренің үш рет те оқылуының өзіндік мәні бар, мен оны былайша бағамдар едім: 1) не нәрсені бастарда «Бисмилла рахман и рахим», яғни, «аса мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын» деп, оқылатын болса, барлық бастаулар адал, таза болсын деген ізгі ой, яғни істің берекесі кіреді, қайырлы болады деген сөз. Сондықтан қойылымның ең басында оқылған сүренің еш сөкеттігі жоқ. 2) Қасиетті сүренің екінші рет оқылуы – қазақ ауылын жазалаушы жасақ шауып кеткен көріністен соң орындалады. Бейбіт, жазықсыз халық қынадай қырылып қалды, бір-екеуі арқанға салбыраған күйінде тұр. Құран оқылуының ең жөн болатын жері осы. 3) Қасиетті Құран тек өлілерге ғана қызмет етеді деген қасаң түсінікті де мидан алып тастайтын уақыт жетті. Құран – тірілердің жолы, бағдары. Олай болса, пъесаның соңына қарай, яғни жау қолындағы Күнімжанды құтқарған Кенесарының өзі мен қалың қолының тарих тереңіне сүңгіп бара жатып, болашаққа емеурін білдіріп, көз тастауы сәтіндегі Құранның оқылуы да дұрыс жасалған қадам болмақ. Оның үстіне Кенесары сияқты жүздеген, тіпті, мыңдаған адамдардың жаназасы уақытында шығарылмай қалғаны – тарихи факті. Құранды өнер арқылы, өнерге кіріктіру арқылы оқудың жөні басқа. Не нәрсеге залалы, кесірі тимесе, зиян шектірмесе, онда Құран оқу әсерлі әрі, сауапты болады.

Пьесада көп көрінбей қалған образдың бірі – Наурызбай бейнесі. Наурызбайды ха­лық «Науан» деген. Осы Науан – ханның ту­ған інісі, өзі айтқандай «қайраты мен кү­ші». Оны, тіпті, Кенесарының жалаң қы­лышы деуге болады. Ашуы алдында жүретін хас батырдың өзі. Драманың екі-үш жерінде осы Науан ашумен жауға аттанып кетпек болады, бірақ жолын хан бөгейді. Маған осы жерін әлі де жетілдіре түссе қалай болады екен деген ой келеді. Себебі, Науан бейне жанып тұрған от, шарпып тұрған жалын ғой. Қазақ ауылдарын шауып, қырып келе жатқан жазалаушы жасақтың жолына тосқауыл қойған кім? Науан. Бұлғақты жылдар кезінде қазақ даласында партизандық шабуылдарды үдете ұйымдастырып, жауына қырандай шүйліккен кім? Науан. Ақмола бекінісін алуға зор үлесін қосып қана қоймай, өз серіктерімен жеке шауып қалаға кір­ген кім? Науан. Ендеше Науанның хан қаһа­рынан да қайтпайтын бірбет, асқан өжет етіп суреттеу жөн бе деп ойлаймын.

«Кенесары-Күнімжан» тақырыбына қа­рап жұрт бұл спектакльді махаббат дра­масы деп ойлайды, шынымен де солай көрінетіні бар. Ал, біз махаббат ұғы­мын адамдар арасынан ғана іздейміз де, мағынасын тым тарылтып жібереміз. Отан­ға, ел мен жерге деген махаббат ше, оны қайда қоямыз? Туған халқыңды шынайы жақсы көріп, қадіріне жетіп, бағалау да бар емес пе? Меніңше, осы «Кенесары-Күнімжан» спектаклі осы мүддеден, осы мақсаттан шығып отыр. Мұны енді Кенесарымен «ауыратын» шығармашылық адам­дарының, яғни драматург пен ре­жиссердің және актерлердің ортақ еңбегі, ұжымдық шығармашылығы деуге келеді.

Кенесары образының өнер сахнасына шығуы – үлкен жаңалық, тарихи оқиға. Басқыншыға бас имей, халқымның қайтсем азаттығын қорғап қаламын деп бүкіл өмі­рін бәйгеге тіккен ханды еш бүркемелеусіз, еш жалғансыз басты кейіпкер ретінде суреттеген шығарманың ғұмыры ұзақ, болашағы баянды, бәсі биік һәм солай бола бермек. Өйткені, бұл дүниедегі ең үлкен құндылық – Азаттықты ту еткен туынды ғой. Осы шығарманы қалың қазақтың рухани азығына айналдырғанымен қоймай, туысқан түркі жұртына да таныстырған жазушы Думан Рамазан мен ердің жасы елуге келген режиссер Болат Ұзақовтан барша алаш баласы айналып-ақ кететіндей.

http://www.ulttimes.kz