Өз-өзiне қол жұмсау, яғни суицидтен әлем бойынша екiншi орынға көтерiлген Қазақстан арақ iшуден де алға шықты. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының спирт iшiмдiктерiн тұтынуға қатысты әлем бойынша жүргiзген арнайы зерттеуiнде Қазақстан 188 елдiң арасынан 34-орыннан көрiнген. Орталық Азия елдерiмен салыстырсақ, бұл тiзiмде Қырғызстан – 106, Түрiкменстан – 114, Өзбекстан–131, ал Тәжiкстан –134-орыннан көрiнген. Тiптi 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың өзi жүргiзiлген мониторингiде 95-орында тұр. Бұл ненi көрсетедi?
Ұрпақтың азғындауына, ұлттың тамырына балта шабуға – арақ таптырмас құрал десек, қателеспеймiз. Елiмiздегi әрбiр азамат жылына шамамен 30 литр сыра, 11 литрге жуық спирт тұтынады екен. Кез келген мейрамхана, кафелердiң есiгiн ашып қарасаңыз, сыраны судай сiмiрiп, арақты аранына ақтарған жастарды байқайсыз. Алайда тек қана жастар емес, шашына ақ кiрген ата-апаларымыз да бұл жерлерден көптеп кездесетiнi өкiнiштi. “Арақ атаңнан қалған ас емесiн” бiлсек те, осы жындысуға қазақстандықтардың үйiрсектiгi алаңдатады. Қолжетiмдi бағамен сатылатын сырадан көңiл көтерудi бастайтын азаматтарымыздың соңында отбасыларын ойрандап, шаңырақтарын ортасына түсiргендерi қаншама. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының қағидасы бойынша iшiмдiктiң зияндылығы темекiнiң адамға тигiзетiн зиянымен пара-пар, ал есiрткiнiң зияндылығымен салыстырғанда, бес есе артық екен. Себебi орын алатын қылмыстардың 40-50 пайызы iшiмдiк iшу салдарынан жасалады. Соңғы бес жыл көлемiнде iшiмдiк кесiрiнен 12 мыңға жуық адам қайтыс болса, 210 мыңға жуық адам маскүнем ретiнде наркологиялық диспансердiң есебiне алынған. Жалпы, дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда алкоголь тұтынуының шектi деңгейi жылына сегiз литрден аспауға тиiс деп есептейдi. Ал одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, тiптi құрып кетуiне әкелiп соғады дейдi мамандар.
Соңғы бес жылда арақтың кесiрiнен болған қылмыс саны екi есеге өсiп,13 мың фактi тiркелген. 330 мың жүргiзушi мас күйiнде көлiк тiзгiнiн қолға алса, олардың қатысуымен 1814 жол-көлiк оқиғасы тiркелiп, соның салдарынан 494 адам қаза тапқан, 2,5 мың адам әртүрлi жарақат алған. Қарап отырсаңыз, осы бiр бөтелке арақтың кесiрiнен елiмiзде әрбiр сағат сайын бiр қылмыс тiркелетiн жағдайға жеттiк. Iшiмдiкке сылқия тойып алып, өз баласын өлтiрген, мас күйiнде өз ата анасына күш көрсеткендер саны артпаса, кемiмей отыр. Теледидарды қоссаңыз, күнделiктi ақпараттар ағынынан қазақ елiндегi әрбiр екiншi қылмыстың арақтың “араласуымен” жасалатынын мойындайсыз. Осыған қарап, жоғарыдағы шендi-шекпендiлердiң жайбасарлығына ерiксiз қынжыласыз. Осыған дейiн бiрнеше рет арақ-темекiге қатысты мәселе мiнберлерде көтерiлгенiмен, сол күйi қалып қойды. Ұлттың ертеңiн қалыптастыру бүгiннен басталатынын ескерсек, қоғамда қолына стақан ұстап тәлтiректегендердiң саны артқан сайын ертеңiмiз де сағымға айнала бермек.
С.ДӘУРЕНБЕК.
http://zhasalash.kz