Мәскеуде өтіп жатқан арулар байқауы өз мәресіне жетті. «Ресей аруы – 2013» атағын қазақ қызы Эльмира Әбдіразақова жеңіп алды, деп жазды «Айқын» басылымы. Бүкіл халықтың назарын аударған он сегіз жастағы қандасымыз Междуреченск қаласының тұрғыны екен. Ол Новосібірдегі Сібір Жол қатынастары университетінің студенті. Туған жері – Қазақстан. Үш жасында шешесімен Ресейдің Кузбасс өлкесіне қоныс аударған. Алғашында өзі оқитын Новосібір қаласында болған арулардың бәйгесінде көрермен көзайымына айналған сұлу Мәскеуде өтетін бүкілресейлік арулар байқауына жолдама алған-ды. Оның басына кигізген тәжі таза ақ алтын, жақұт, бриллиантпен апталған, құны миллион доллардан жоғары екен. Оған қоса, 100 мың АҚШ доллары және Hyundai Solaris жеңіл көлігіне ие болған ару алдағы уақытта Ресей атынан «Әлем аруы» және «Ғаламшар аруы» байқауына қатысуға мүмкіндік алған.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: itar-tass.com
http://massaget.kz/alemtanu/zhahan/8826