АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақ тіліне үйрететін маман таппай жүр

Астана. 12 наурыз. Baq.kz- «Болам деген баланың бетің қақпа, белін бу!» демекші, кей-кейде қазақша үйренгісі келетін азаматтардың қызығушылықтарын құзырлы органдардың өздері өшіріп алатын сияқты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның жеке блогына Сәуле атты «қыз-келіншектен» келіп түскен хат осы ойымызды айғақтай түсетіндей. Өкінішке қарай, арызданушы қай өңірден хат жазып отырғанын көрсетпепті.
Азаматша министрге «бірнеше айдың жүзі болды, тиісті ақысын төлеп қазақ тілінде сапалы оқытатын маман таппай жүрмін» деп мұңын шағады. Осы тілегін айтып жеке курстарға да, жергілікті әкімдікке де барыпты. «Өкінішке қарай, маған кездескен жеке курстардың барлығында білім сапасы нашар. Ал әкімдіктен репетитор тауып берулерін өтінгем, олар өтінішімді қабыл алып, менің байланыс телефонымды жазып алған. Сол беті хабарласқан жоқ. Өзім бірнеше рет хабарластым, бірақ еш нәтиже жоқ. Шаршадым: Жартасқа бардым, Қатты айғай салдым, Одан да шықты жаңғырық – жабық есікті қаға-қаға шаршадым»,– дейді Сәуле.
Өз азаматтарының мемлекеттік тілді игеруіне қолайлы жағдай жасау, тегін курстар ұйымдастыру мемлекеттің бірінші кезекті міндеттерінің бірі болуы тиіс. Және осыған орай жер-жерде мемлекеттік тілді оқытудың тегін курстары жұмыс жасауы тиіс. Сөйте тұра, бұл азаматша неше айдан бері қалтасындағы ақшасына қазақ тіліне сауатты үйрететін тәлімгер таппай жүр. Осыдан кейін «е, тілді оқыту дегеніңнің өзі – тілазарлық» болды ғой деп налисың.
Мұхтар Абрарұлы арызданушының аты-жөні, тұрған қаласын толық көрсетілмегендіктен нақты жауап беру мүмкін еместігін айта келіп, елімізде республика бойынша 100-ден астам тіл орталықтары бар екенін айтады. Сондай-ақ , төмендігі телефон бойынша Тіл оқыту ісіне байланысты қажетті мәліметтер ала алатындығын жеткізген. Тел:8(7172) 74-05-09 (Кубашева Г.М.) .
Дәулетқали Асауов

 

http://baq.kz/news/24630