АЛТЫНОРДА
Новости

Қуанышымызға қонақтар да ортақ!

Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың түркі, парсы және бірқатар кавказ халықтарында Жаңа жылдың бастауы мен көктем мерекесі ретінде аталып өтетіні көпшілікке белгілі. 2010 жылдан бастап БҰҰ-ның Бас ассамблеясының арнайы қарарына байланысты 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні болып қабылданды. Бұл ризық-несібесі мол күнді бауырлас әрі көршілес қырғыз елі мен алыстағы ауған халқы да дүркіретіп атап өтеді. Қазақстанда наурызды 21-23 наурыз күндері аралығында үш күн тойласа, Ауғанстанда бұл мерекені 21 наурыздан бастап екі күн дүркіретіп атап өтеді екен. Қырғыз елі де Наурызға жаңа жылдың бастауы ретінде зор мән береді. Біз Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сохраб Әли Саффари мырза және Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Есенқұл Өмірәлиев мырзамен Наурыздың мән-маңызы жайлы әңгімелескен едік.


Сохраб Әли САФФАРИ, Ауған Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:  

Бұл күні жастар үлкендерді құттықтайды
– Елші мырза, ауған елінде Нау­рызды атап өтудің қандай дәс­түрі қалыптасқан?
– Наурыз бірнеше ғасырдан бе­­рі мұсылман мемлекеті – Ау­ғанс­танда дәстүрлі түрде екі күн бойы кеңінен аталып өтеді. Әдет­те мереке күні жастар үлкен­дер­дің үйіне құттықтап баруы керек, үлкен кісілер дастарқан жайып, ме­­рекелік ас мәзірін дайындай-ды. Бізде ересектер жеміс-жи­дек­ті қайнатып, мерекелік тағам әзір­леп, оны балаларға береді. Бір ай­та кетерлігі, үлкендер ал­ғыс ре­тінде жастарға «бақшиш» бе­ре­ді. «Бақшиш» дегеніміз – әдет­те ақ­ша немесе тәтті тағам түрі болуы мүмкін. Бұл да өзіндік сый-сыя­пат. Бұдан кейін барлығы мерекелік дастарқан басында жиналып, көңіл күй көтеріп, ар­қа-жарқа әңгімелесіп отырады. Мә­селен, қазақ елінде ұлттық та­ғам – ет-тамақ болса, ауған елін­де ұлттық тағам ретінде палау танымал. Наурыз отбасы көле­мінде аталып өткенде, дастарқан ба­сына бүкіл отбасы мүшелері жиналып, мәре-сәре күй кешеді. Ал көпшілік болып тойлағанда, ер­лер – бөлек дастарқанда, әйел­дер – басқа бөлмедегі бөлек дас­тарқан басында жиналады. Та­мақ желініп болған соң, бата бе­ріліп, жақсы тілектер айтылады. Атжарыс өткізіледі. Мерекеге орайластырылып «күшти» деген та­мақ әзірленеді. Осылайша мей­рамның бірінші күні аяқта­лады.

Image

Наурыздың екінші күні диқан­дар күні ретінде аталып өтеді. Диқандар аттары мен сиырларын алып шығады. Түрлі дәнді дақыл­дар­ды жұрт назарына ұсынады.
– Сіз үшін еліміздегі Нау­рыз­­дың тойлануы несімен ерек­шеленеді?
– Екі жыл қатарынан Қа­зақстандағы Ұлыстың ұлы кү­ні­не арналған ресми шараларға қа­тысып келемін. Өте жоғары дең­гейде өткен бұл шаралар ме­нің көңілімнен шығып отыр. Әсі­ресе, маған ет асылып, сыйлы та­бақтың тартылуы өте ұнайды. Бұл айтулы берекелі мейрамға жа­расымды салт-дәстүр деп бі­лем.
– Сіз ауған елінің елшісі ре­тін­де Ұлыстың ұлы күні – Нау­рызда қандай тілек білді­рер едіңіз?
– Жалпы, қазақ елінің де, ау­ған елінің де ғасырлар бойы ке­ле жатқан әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері бар. Бұл арада ортақ салттарымыз да жоқ емес. Мәселен, сіз де, біз де төрт түлік малдың қадір-қасиетін ықылым заманнан білеміз. Оның ішінде ауыл шаруашылығында жылқы мен түйені бағуда ешкімге дес бермейміз. Осындай ұқсастықтар бар. Жалпы, екі ел арасындағы мәдени байланыс та жақсы. Осы орайда мен бүкіл қазақстан­дық­тарға байлық пен береке тілей отырып, бұдан былай да өрлеп-өр­кендей беруіне ниеттеспін.
Есенқұл ӨМІРӘЛИЕВ, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Қанымыз бен ділімізге сіңген мереке
– Наурыз – жалпы түркі мен шы­ғыс елдеріне ортақ мейрам. Бұл – көктемнің бірінші күні. Ер­те­ден біздің ата-бабаларымыз бұл мерекені күн мен түннің теңес­кен күні деп есептеп келген. Қыстың кетіп, жаздың шығатын мей­рамы деп атап өткен. Наурыз мей­рамы барлық түркі елдерінде ұқсас тойланады, бірдей салт-дәс­түрлеріміз де баршылық. Біз 23 наурызда айтулы күнді ерекше атап өтеміз. Қырғыз елінде апа­ла­рымыз сүмәләк тағамын жа­сай­ды. Дастарқан жайылып, жер-жерде ұлан-асыр той бола­ды.
– Наурыздың Жаңа жыл дең­гейіне көтерілуі үшін не іс­теу керек?
– Меніңше, еш нәрсе жасау­дың қажеті жоқ. Бұл біздің қаны­мызда, ділімізде бар ұлттық ме­ре­ке. Қанша заман өтсе де, Нау­рыз қазақ, қырғыз халықтары мен жалпы түркі әлемі үшін көк­тем мейрамы болып қала береді. Оны күнтізбеге Жаңа жыл ретінде арнайы кіргізудің қажеттілігі ша­малы.
– Қырғызстанда жұманы де­малыс күні ретінде белгі­лейін деп жатыр ма?
– Бұл бастаманы көтерген бір­лі-жарым депутаттар бар. Бі­рақ қазірге біздің елімізде ондай өзекті  мәселе жоқ деп есептей­мін. Қырғызстан – зайырлы мем­лекет. Мұндай қадамға ешқашан бар­май­ды деп ойлаймын.
– Наурызда айтар тілегіңіз қан­дай?
– Бір туған, бауырлас қа­зақ халқына келер жыл жақ­сы­лық пен береке жылы болсын деп тілеймін. Ең бастысы,  елде­рі­мізде тыныштық болғай! Ты­ныш­тық болса, бәрі жақсы бо­лады!

Кәмшат ТАСБОЛАТ

http://www.aikyn.kz