Мереке күндері демалыс күндеріне жалғасып бүгіннен бастап алдағы дүйсенбіге дейін Қазақстан халқы төрт күн бойы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлайды. Қазақи дәстүр бойынша Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе, жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан бастаған екен. Бұрынғылар тазаланған арықтарға су жіберіп, ағаш отырғызған, гүл еккен. Той-думан одан әрі «Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан» сияқты ұлттық ойындармен жалғасады, ән салып, би биленеді, ақындар айтысы бір жақта, күрес, атжарыс, теңге ілу, қыз қуу сияқты спорттық ойындар екінші жақта қызып жатады.
Кешкісін жастар «Алтыбақан» айналасындағы тамашаға жиналады. Қызықтың барлығы осында болатын. Ал қазір ше? Бүгінде той-тамашаның барлығы үйдің ішіндегі «жәшікте». Мереке неше күнге созылса, соншама күн үйден шықпай, теледидардың алдында жататындар бар. Көпшілік теледидардың алдынан шықпайды, арасында бір-біріне қонаққа барып, наурызкөже ішіп келеді, қайтып келіп тележәшіктің алдына жайғасады. Орыстардың көктемгі «Масленница» мерекесі, татарлардың «Сабантойларына» қарасаңыз біршама белсенді түрде өтеді. Бұл кезде неше түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, жұрт соған жаппай қатысуға ұмтылады. Бізге де сондай жастар алқынып-жұлқынып, жарыса қатысатын спорттық ойындарды көптеп ұйымдастыру керек сияқты. Сырттағы әлемді компьютер, теледидар арқылы ғана танып, «үйкүшік» болып өсіп жатқан жастарды ұлттық мейрамдардың мән-маңызын үйретіп, бойларына сіңірмесек олардан да айырылып қалуымыз мүмкін. Теледидардың да, интернеттің де жақсы жақтары бар, бірақ олардың денсаулыққа, адамның ой-өрісіне, психикасына тигізетін зияндарын да ұмытпаған жөн.
Теледидар пайда болғаннан бастап ғалымдар оның адамдарға беретін пайдасы мен зияны туралы бір пікірге келе алмай, тартысып келеді. Сарапшылардың бір жағы теледидар пайдалы десе, екінші жағы пайдасынан зияны көп дегенді айтады. Сонымен, көгілдір экран жөнінде ғалымдардың не айтатынына құлақ салайық. Теледидардың әрбір үйдің төрінен орын алғанына ондаған жыл болды, бірақ оның адамдар үшін үлкен қатер әкелетінін ешкім айтпайды. Біз компьютер, микротолқынды пеш, электр пойыздары, күшті радиолокациялық стансалар, байланыс тораптары, қалта телефондары болмаған кезде көгілдір экранмен таныстық. Ол кезде планета жоғары вольттық желілер, ұялы телефондардың радиотрансляторлары сияқты ғаламат күші бар жүйелермен бүгінгідей оралып тасталған жоқ болатын. Қазір осының барлығы адамдардың жұмысын бір жағынан жеңілдетті, ал екінші жағынан денсаулығын құртып жатыр.
Теледидарды алысырақ отырып көретін болғандықтан денсаулыққа әсер етуі компьютерге қарағанда аздау, бірақ оның алдында біз көп уақытымызды өткіземіз, сондықтан көгілдір экраннан келетін кесел көп болмақ. Электрлік магнит өрістерінің әсерінен тез шаршау, ашушаңдық, ұмытшақтық, ұйқының бұзылуы деген кеселдер шығады. «Бұлар теледидардың әсерінен болады» деп адамдар ойламайды, өйткені көгілдір экранның әсері білдіртпей бойды алады. Америкалық зертханалардың біріндегі көртышқандар ұстайтын көрші бөлмеге теледидар қойып, ғалымдар бақылауға алған. Әдетте, орта есеппен 12 баладан табатын көртышқандар теледидар пайда болғаннан кейін бір-екі баламен ғана шектелген, олардың өзі өліп қала берген. «Сұйық кристалды немесе плазмалық экраны бар теледидарлардың денсаулыққа ешқандай әсері болмайды» деген қате пікір екен. Клиникалық зерттеулердің нәтижесі бұл экрандардың адам ағзасына әсері бұрынғылардан 2 есе көп екендігін көрсетті. Электромагниттік қауіпсіздік орталығының 1996 жылғы компьютерді пайдаланушының қызметтік жағдайын зерттеу нәтижесінде, тіпті аз уақыт (1 сағат) жұмыс істеген адамда монитордың электромагниттік сәулесінің әсерінен гармоналдық жағдайы әлсірегені және ми биотоктарының біршама өзгеретіні анықталған. Қанның құрамы онкологиялық ауруға шалдыққандардың қанына ұқсайды. Әйелдердің эмоциялық жағдайына және өтіне қатты әсер етсе, еркектердің гормондары әлсіреп, потенциясы төмендейді. Теледидар да осылай әсер етеді. Көрермендердің көздері шаршап, ауырады, бас ауруы пайда болады, ұйқы бұзылады, ағзаның психофизикалық жағдайы бұзылады.
Ғылыми-зерттеулер электрлік сәулелердің адам ағзасына жүздеген әсері бар екенін дәлелдеп отыр. Олардың әрбір клетканы қалай тесіп өтіп, бүкіл органдар мен жүйенің қызметтік жағдайын қалай өзгертетінін көзбен көретіндей жасап, адамдарға көрсететін болса, қазіргі кеңседегілер жұмысқа барудан бас тартар еді. «Қысқатолқынды пештің адам ағзасына қандай зиян екенін көрген адам оны лақтырып тастар еді» деп ескертеді неміс ғалымдары. Венадағы пациенттердің мүддесін қорғау жөніндегі халықаралық қауымдастықтың президенті, профессор Томас Тиль осы қысқатолқынды пештің зиянын алғаш шыққан кезден бастап зерттеп, өткен ғасырдың сексенінші жылдары оны қолдануға қарсы пікірлер айтқан. Қысқатолқынды пештің сәулесі көкөністің құрылымдағы өсімдік алколоидын өзгертеді екен. Химиялық өзгеріске түскен тағамнан лимфатиялық жүйенің қызметі бұзылады, оның арты ағзаның иммунитет жүйесін төмендетуге соқтырады. Ең бастысы, қысқатолқынды пештен сәулеге малынып шыққан тағамды жеу – ісік клеткаларының көбеюіне және қанның ұюына ықпал етеді екен. Статистикаға қарағанда, қысқатолқынды пешті көп пайдаланатын адамдардың асқазанында, өңешінде ісіктер пайда болған.
Қазіргі кезде теледидар үйіміздің әр бөлмесінде, тіпті ас ішетін бөлмеде де, автокөлікте де тұрады. Гастроэнтерологтардың мәлімдеуінше, көгілдір экранның алдында отырып тамақ ішу, әсіресе, балалардың денсаулығына өте зиян. Бұл асқазан жарасын, гастрит ауруларын қоздырады екен. Тамақтанып отырып теледидар көрген кезде асқазан секрециясы аз бөлінеді, ал бұл көптеген ауруларға себеп болады. Германиялық ғалым Манфред Спицердің зерттеулері теледидарға үнемі тесіліп отыратындардың көбі жүрегін май басып, қайтыс болатындығын дәлелдепті. Оларда диабет, жоғары қан қысымы, қанда холестериннің көбеюі пайда болады. Ғалымның мәлімдеуінше, көгілдір экранның алдынан шықпай, қатты берілудің нәтижесінде жылына 20 мың неміс жоғарыда аталған аурулардан қайтыс болады екен.
АҚШ-тың Оңтүстік Каролина университетіндегі ғалымдар «теледидар баланың когнитивтік қызметінің дамуына кері әсер етеді, сондай-ақ ойын жұмылдыруға кері әсерін тигізеді» деген тұжырым жасап отыр. Көгілдір экранның әсері ең алдымен көру мүшесіне емес, есту қабілетіне зиянын тигізеді. Ғалымдардың зерттеулерінше, бала теледидарды қарамай-ақ, маңында ойнап жүрген күннің өзінде назар аудару, принциптік ойды жұмылдыру қабілеті нашарлап, оның миында кереғар реакция жүреді. Тіпті теледидар басқа бөлмеде қосулы тұрса да бала оны естиді, сөйтіп ойнап жүрген, кітап оқып, үй жұмысын жасап отырған баланың миы тұрақты режимде керексіз ақпараттарды қабылдап, оны алаңдатады. «Көгілдір экран үйде күніне 90 минуттан артық қосылмауы тиіс» деген кеңес береді ғалымдар.
Әрине, бұл көгілдір экранға мүлде жоламау деген әңгіме емес, оны орнымен пайдалануда. Теледидар – адамзаттың ұлы жетістіктерінің бірі. Көпшілік жұмыстан кейін үйге келіп таңдаған бағдарламаларын, сериалдарын рақаттанып көреді. Бір жаман жері – ол адамдарды үйге жіпсіз байлап қояды. Уақытының бәрін алады, онымен қоймай, денсаулығына залал келтіреді екен. Соның арқасында біз «Наурыз» сияқты жаппай тойланатын мерекелерге қатысуды ұмытып барамыз, қоғамдық, саяси, спорттық, мәдени шаралардың қайнаған ортасында жүре алмаймыз. Айналамызда болып жатқан барлық жаңалықтар мен әртүрлі оқиғалардың барлығын теледидар арқылы үйімізге әкеліп бергенін қалаймыз. Бірақ одан бізге зиянынан басқа, ешқандай пайда жоқ екенін де түсінуіміз керек.
Ересек адамдарға пайдалы кеңес беру болмаса, үйреншікті әдеттерінен айыру қиын екендігін ғалымдар жақсы түсінеді. Алайда, өздерінің денсаулықтарын ойламаса да балаларының денсаулығына көңіл бөліп, көгілдір экраннан келетін кеселдердің алдын алған жөн. Ол үшін оның пайдасы мен зияндарына зерттеулер жүргізген ғалымдардың беретін кеңесіне көңіл аударайық:
1. Кейбіреулер үйіне келе салып, теледидарды қосуды әдетке айналдырған немесе оны жарық үшін (фон) пайдаланады, теледидарды қажеті болмаса қоспаңыз;
2. Көретін бағдарламаны мұқият таңдаңыз. Егер өзіңіздің көңіл күйіңіз қаламайтын болса, ашу-ыза шақыратын бағдарламаларды қарамаңыз. Балаларыңыз көріп отырған фильмдер мен бағдарламаларды және олардың көгілдір экран алдында қанша уақыт отыратынын қадағалаңыз;
3. Белгілі бір жасқа келгенше жасөспірімдер теледидар экранында болып жатқан оқиғаларды түсіндіруді қажет етеді. Теледидарға тегін тәрбиеші деп қарамау керек, баланы оның алдына жалғыз отырғызып қоюға болмайды. Балалар үшін тәрбиелік мағынадағы отбасылық бағдарламаларды таңдап көрсету керек. Егер бала тәулігіне екі сағаттай теледидар қараса, одан ешқандай зиян келмейді. Керісінше, ол бұдан өзіне пайдалы мағлұматтар алады, өзіне жаңалықтар ашады. Ал енді көгілдір экран оның жалғыз ғана досына айналса, одан келер қауіп бар. Оның кері әсерін көп ұзамай өзіңіз де байқайтын боласыз.
Қайыржан ТӨРЕЖАН
http://www.aikyn.kz