Қазақстанның Премьер-министрі Серік Ахметов ресми жұмыс сапары ауқымында Киевте өзінің украиндық әріптесі Николай Азаровпен кездесті. Шағын құрамдағы келіссөздер барысында тараптар екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылап, халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасты. Серік Ахметов қазақстандық делегацияның Киевке келуінің маңыздылығын атап көрсете отырып, «бұл сапардың екі елдің игілігі жолындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қосымша серпін беретініне» сенім білдірді. Украина премьері Н.Азаров өз кезегінде екі ел арасындағы қарым-қатынас деңгейін жоғары бағалады және қатынастардың барлық қыры бойынша өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуды ұсынды. Атап өтер болсақ, қазіргі таңда екі ел арасындағы сауда айналымы 5,5 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға ұлғайды. –Біз жақында мемлекеттеріміздің дипломатиялық қатынастары орнатылғанына 20 жыл толуын атап өттік. Көріп отырсыздар, уақыт зырылдап өтіп жатыр, 20 жыл өтті, дегенмен Қазақстан мен Украина таңдаған бағыт тұрақтылықты сақтап қалды, – деп атап көрсетті С.Ахметов. – Жыл өткен сайын экономикалық қатынастар нығаюда, тауар айналымы өсіп келеді, бизнес, ғылым, мәдениет және білім салаларындағы байланыстар жандана түсуде. Біздің елдерімізді ортақ тарихымыз бен экономикалық міндеттер байланыстырады. Қазір де өз құқықтарымызды жаңартумен айналысудамыз және жаһандық экономикалық қауіптерге бірлесе жауап табамыз, – деп атап көрсетті Николай Азаров. Азаровтың пікірінше, Қазақстан мен Украина арасында авиация-ғарыш, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және ғылыми-техникалық салаларда ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар. Сапар қорытындысында Қазақстан Премьер-министрі Серік Ахметов пен Украина үкіметінің басшысы Николай Азаров Қазақстан мен Украина арасындағы іс-қимыл жоспарына (2013-2014 жылдарға арналған 4-Жол картасы) қол қойды.Бұдан басқа Білім және ғылым министрлігі мен Украина ғылым, инновациялар және ақпараттандыру мәселелері бойынша Мемлекеттік агенттігі арасында 2013 – 2017 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол жеткізілді. Өз тілшімізден |