Алматы қаласындағы 74 базардың 30-ы мемлекеттің меншігіндегі «қызыл жолақтың» бойына орналасқан, сондықтан оны жалға алғандар қала әкімдігімен келісімді бұзып, базарды басқа жерге көшіруі тиіс. Бұл туралы Алматы қалалық әкімдігінде кеше өткен жиында айтылды.
«Денсаулық сақтау басқармасы базарларда жұмыс істейтін әйелдердің арасындағы жұқпалы аурулар қала бойынша орта есеппен жеті есе көп екендігін анықтады» деп мәлімдеді кеше Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов базарларды жаңарту жөніндегі кеңесте. Қала басшысының айтуынша, базарларда жұмыс істеуге ешқандай жағдай жасалмаған, жылу, жарық, әжетханалар жоқ, сондықтан тазалық та сақталмаған. Көптеген саудагерлер салық та төлемей, зейнетақы қорларына ақша да аудармай, көшеде сауда жасап жүріпті. Базарларды өз салалары бойынша тексерген Салық департаментінің мәліметтерінше, базарларда сауда жасап жүрген 12 мың адамның зейнетақы қорларымен келісімге отырмағандығы, ал екі жарым мың адамда ешқашан әлеуметтік жеке код болмағандығы анықталған. Алматы қалалық салық департаментінің бастығы Бейбіт Қарымсақовтың айтуынша, базарларға тексеру жүргізген салықшылармен бірге «Халық банк», «Республика» және «Ұлар Үміт» зейнетақы қорларының өкілдері ере шығып, саудагерлермен зейнетақы келісімшарттарын солардың жұмыс орындарында жасаған. Кешегі жиында негізінен, Алматы базарларын жаңарту туралы әңгіме болды. Базарларды қайта құру бағдарламасы 5-6 жылға арналған. Қалада қазір 74 сауда орны жұмыс істеп тұр. Олардың барлығында дерлік санитарлық жағдайлар өте нашар, орналасқан жерлері де ыңғайсыз, соның салдарынан көлік кептелісі жиі болады. Сондықтан оларды қайтадан жаңартып салу және кейбіреулерін басқа жаққа көшіру туралы қала әкімдігі шешім шығарған. Қазір Алматыдағы «барахолка» деп аталатын ең үлкен киім-кешек базары орналасқан Розыбақиев көшесімен, «Солтүстік шеңбер» айналма жолымен өту өте қиын. Жол бойына қойылатын автокөліктерден үнемі кептеліс пайда болып, қозғалыс тежеледі. Осындай жол тораптарында қозғалысты реттеу және сауда жасаушыларға жайлы жұмыс орындарын жасау үшін қала әкімдігі жаңа жол салмақшы. – Алматыдағы 74 базардың 30-ы мемлекеттің меншігіндегі «қызыл жолақтың» бойына орналасқан, сондықтан ол жерлер жекеменшік мақсатында пайдаланылмайды. «Солтүстік шеңбер» төтенше жағдайлар кезінде қала тұрғындарына эвакуация жасауға арналған. Сондықтан біз «Солтүстік шеңбер» айналма жолын босатып, шығыс жағынан транспорттық дәліз жасаймыз. «Барахолка» орналасқан «Солтүстік шеңбер» айналма жолын жеңілдетсек Сейфуллин мен Сүйінбай көшелеріндегі көлік кептелістерінен құтыламыз. Қаланың батыс бөлігіне жол ашылып, Алматы-1 вокзалына, әуежайға баратындар және Қапшағай даңғылына шығатындар осы жолмен жүрер еді. Жолды жеңілдету үшін Рысқұлов көшесінен Алматы каналына дейін, шығыс жақтан ұзындығы 2,4 шақырым жол салынады. Осы жерде болатын 16 сауда орталығы тауарларын осы жолмен жеткізетін болады, сондай-ақ тұтынушылардың көліктері тұратын орындар, қоғамдық көліктер тоқтайтын аялдамалар салынады, – дейді Алматы қаласының бас сәулетшісі Сайран Фазылов. «Бұл тек «барахолка» ғана емес, базарлардың барлығы сәулеттік келбетіне сәйкес келуі керек. Бірақ жұмыстар заңға сәйкес жүргізілуі керек, егер бұл «қызыл жолақ» болса, онда сөз жоқ, барлығы тәртіпке бағынуы керек» деді қала әкімі А.Есімов. – Біздің «СтройСити» сауда орталығымыз Алатау ауданындағы Рысқұлов көшесінің бойына орналасқан. Жаңа талаптарға сай заманауи ғимараттар салынып бітті. Әрбір бутиктің ішіне қалалық телефон, интернет жүйесі кіргізілген. Сауда жасауға барлық жағдайлар жасалған, іші жылы, күндіз-түні бейнебақылау, күзет қызметі жұмыс істейді. Жалға беру бағасын да көтерген жоқпыз, шаршы метрі 1 мың теңгеден 3,5 мың теңгенің арасында, – дейді «СтройСити» сауда орталығы бас директорының орынбасары Шаймардан Оспанов. Сонымен, қала әкімдігінің шешімімен Алматыдағы бұзылуға жататын мемлекет меншігіне қарасты жерлерде тұрған базарлар бұзылады. Ал бұзылмайтындары «СтройСити» сауда орталығы сияқты ғимараттарын жаңартып, қайтадан салады. Нәтижесінде үлкен жолдардың бойына орналасқан, кең көшелерді тарылтқан базарлардан 120 гектардан астам жер босайды. Алматыдағы 74 базардың 53-і жоғарыда айтылған «Солтүстік шеңбер» айналма жолының бойынан орын тепкен. Ең алдымен осы «барахолка» маңайындағы жол кептелістері азаятын болады. Қайыржан ТӨРЕЖАН |
Предыдущий
Следующий
Бүгінде жұрт тың назары… Алматының базары
Алматы қаласындағы 74 базардың 30-ы мемлекеттің меншігіндегі «қызыл жолақтың» бойына орналасқан, сондықтан оны Continue reading «Бүгінде жұрт тың назары… Алматының базары« → |
Предыдущий
Следующий