АЛТЫНОРДА
Новости

Бакуде өткен ғылыми-шығармашылық фестивальде қазақстандықтар үш аталым бойынша жеңімпаз атанды

АСТАНА. 8 сәуір. Baq.kz — 2013 жылғы 1 сәуірде Әзірбайжан Республикасының астанасы Баку қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің «Идея бар!» атты II ғылыми-шығармашылық фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Оған Қазақстан Республикасының делегациясы қатысты.  Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

 

Аталмыш Фестиваль Әзірбайжан Республикасы Жастар және спорт министрлігінің бастамасымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі халықаралық жастар ынтымақтастығы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2012-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілді.

Фестивальдің негізгі мақсаты — студенттердің шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыру үшін жағдай жасау, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ТМД кеңістігінде жастар саясаты саласындағы халықаралық байланыстарға қолдау көрсету.

Конкурсқа қатысу үшін 8 аталым бойынша 300 жұмыс ұсынылды: «Ауыл», «Технология және прогресс», «Қоршаған орта және даму», «Тұрғын үй және жұмыспен қамту», «Салауатты өмір салты», «Әлеуметтік сала», «Білім беру», «Басқалар».

Соның ішінде ең көп сұраным біздің елден тапсырылды — жалпы саны 277 жұмыстың ішінен 86-сы Қазақстан Республикасынан болды.

Конкурстың нәтижелері бойынша 3 қатысушы 1-ші орынға ие болды:

— «Технология және прогресс» аталымы бойынша — Молдабеков Марғұлан, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті;

— «Қоршаған орта және даму» аталымы бойынша — Ишанғалиева Сәуле, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ;

— «Тұрғын үй және жұмыспен қамту» аталымы бойынша-Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ PhD 1 курсының докторанты Салиева Динара.

М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенттері Асығат Архат пен Торайғыр Мерхат «Қоршаған орта және даму» аталымы бойынша 2-ші орынға ие болды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды.

http://www.baq.kz/kz/news/26027