АЛТЫНОРДА
Новости

Хиджаб дауы енді дін ұйымы басшылығы мен министрлік арасында жалғасты

АСТАНА. 16 сәуір. Baq.kz — Қазақстанда көптен бері бір жақты шешілмей келе жатқан діни даудың бірі – хиджаб мәселесі. Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы хиджаб киетін мектеп оқушылары мен студенттердің жағына шықты. Ал ҚР БҒМ болса, біз зайырлы қоғамда тұрамыз, сондықтан оқу орындарында хиджаб киюге тыйым салынған деп, өз дегенінен қайтпай отыр.

 

Бас мүфти: «Біреулердің қыздарды бас орамалдарын шешуге мәжбүрлеуі, сол себепті сабаққа кіргізбей қоюы, заңды діни қызметіне кедергі жасау деген сөз. Ол адамның азаматтық құқын бұзу, олардың діни сенімдерін кемсіту болып саналады. Қыз баланың бас орамалын жұлып алу тек мұсылман әйелдерінің ғана, жалпы мұсылман қауымының діни сенімін қорлағанмен бірдей»,– деді.
Алайда ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева біздің қоғам зайырлы және білім беру жүйесі дінен бөлектенген деген пікірде. Ол: «Білім беру туралы» Заңға сәйкес оқушылар мен студенттер белгіленген оқу киімі үлгісін сақтау керек. Ал, оқушылардың киім үлгісін бекіту білім беру мекемелерінің құзырында», дейді.
Бұл келіспеушіліктің салдарынан, алдағы уақытта білім ошақтарының шәкірттері Бас мүфти айтқандай, өз еркінше киіне ала ма, әлде ҚР БҒМ-нің бұйрығы бойынша тек бекітілген «оқушылар формасымен» ғана жүре ме, осы жағы анықталмай қалды. Осыған қарағанда «хиджаб дауының» жақын арада шешіле қоятын түрі жоқ.
Дәулетқали АСАУОВ

http://www.baq.kz/kk/news/26456