АЛТЫНОРДА
Новости

Шымкенттік студенттер түрлі-түсті құрт жасау технологиясын ойлап тапты

ШЫМКЕНТ. 18 сәуір. Baq.kz — Құрттың жаңа түрін Шымкенттегі аспаздар мен кондитерлерді даярлайтын колледж студенттері мен оқытушылары ойлап тапты. Бұл туралы Қазақпарат мәлімдеп отыр.  

Колледждің бірінші курс студенті Ажар Аштанның бұл ұсынысын педагогтар бір ауыздан құптап, әрі қарай жетілдіруді қолға алған. Колледж инновациялық көрмеге қатыспақ болып, жұрт назарын елең еткізетін жоба жасауға күштерін жұмылдырған болатын.
Құртты табиғи ингредиенттерді, атап айтқанда, қызанақ пен сәбіз шырынын, жаңғақтар мен ұсақтап туралған көкөністерді пайдалана отырып, түрлі түске бояған екен. Нәтижесінде өнім сары, қызғылт, жасыл, қызыл түсті болып шығыпты.

Жаңа өнімнің ЭКСПО-2017 көрмесінің ұлттық брендіне айналу мүмкіндігін алға тартқан колледж басшылығы  жақын арада оны патенттеуді жоспарлап отыр.

Оқу ордасының бастамасына Оңтүстік Қазақстан облысының ең ірі сүт өндіруші компаниялары қызығушылық танытып, бұл идеяны назарға алатындарын айтты. Ал колледж студенттері осымен шектелмей, келесі жылы өнімге лицензия алып, сүт өндіру факультетін ашпақ ниетте.
http://www.baq.kz/kk/news/26616