Ел Парламенті, билікпен бірлесіп, «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы міндеттерді заңнамалық тұғырмен қамтамасыз ету ісіне белсене кіріскен. Осы орайда кеше Мәжілісте Президенттің сол Жолдауында белгіленген қос бірдей заң жобасының тұсауы кесілді. Естеріңізде болса, таяуда Ақордада өткен Кәсіпкерлер кеңесінің отырысында Қазақстан Көшбасшысы бизнесмендерге қайырылып, оларды енді өздерінің туған, кіндік қаны тамған жерге барып, қаржы салуға, өзін өсірген елмен енші бөлісуге шақырғаны бар. Кешегі жиында осы үндеудің сыры мәлім болды.
Ел Үкіметі Мәжіліске «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын енгізді. Бұл жобалар Президенттің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауын, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған. Қос жоба ауылдар, кенттер және аудандық маңызы бар қалалар халқының жергілікті мәселелерді шешудегі рөлін арттырады. Бұл үшін Үкімет жаңа тетікті – ауыл, поселке және аудандық деңгейдегі қала тұрғындарына «жергілікті қоғамдастықтың жиындарын (сход)» шақыруды ұсынады. Үкіметтің ұстанымынша, осы жиын-сходтар арқылы тұрғындар жергілікті мәндегі барынша маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатыстырылады. Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қ.Өскенбаевтың айтуынша,осы жиын-сходта тұрғындар сыйлы адамдардан 10-20 делегат таңдап, «Жергілікті қоғамдастық жиналысын» қалыптастырады да, соған туындаған ағымдағы мәселелерді шешуге өкілеттік береді. Бірінші вице-премьер осы 10-20 адамның жергілікті қазына қаржысының қалай жұмсалып жатқанына мониторинг жүргізе алатындығын айтады.
Әйткенмен, қалаулылар сол жиын-сходтарда елді мекендегі барлық тұрғындар пікірінің ескерілетіндігіне күмәнданады.«Бұл жергілікті жұртшылықтың жік-жік болып, араздасуына, рушылдық бөлінушіліктің күшеюіне ықпал етпей ме?» деп қауіп қылады олар. Осы күдікті заң жобаларындағы кейбір шикі тұстар күшейте түсті. Мәселен, әлгі «10-20 делегаттың» мониторингті қандай әдістеме негізінде жүргізетіндігі туралы сұраққа Үкімет өкілі мандытып жауап бере алмады. «Бұл жерде неден алаңдап отырмыз? – деді депутат Серікжан Қанаев. –Қазірден біз көріп отырмыз, бір ауылдың төрт бұрышында төрт бейіт бар! Бөлініп жатыр. Ертең қалай болады? Біз қазір заңмен осыған жол беріп, қырқыстырып, ары қарай бөлеміз. Осыны байқау керек. Елбасы ең бірінші кезекте бірлік-ынтымақ жайын ойлау керек деді» деген ол жергілікті өзін-өзі басқаруға ұсынылып отырған бұл тетіктерді жұмыс тобында пысықтауды ұсынды. Өз мәселесін өзі шешуі үшін ауыл басшысына төл бюджетін беру керек. Жолдауда Н.Назарбаев осыған міндеттеген болатын. Бұл тапсырманы орындау мақсатында заң жобаларын әзірлеушілер жергілікті ауылдық бюджетті толтырудың көздерін анықтапты. «Бұл ретте әкімдерге өз қарауындағы мүлікті жалға беруден түсетін табыс, тұрғындардан жиналатын ерікті алымдар, қайырымдылық және демеушілік салымдар, айыппұлдардың жекелеген түрлері, сыртқы жарнаманы орналастыру ақысы есебінен төл кіріс көздерін қалыптастыруға құқық берілмек» деді Қайырбек Өскенбаев. Ал бюджетке байланысты депутаттарда көп сауал туындады. – Ауыл әкіміне осы заңмен қазынашылық органдарында арнайы есепшот ашуға рұқсат етіледі, – деп түсіндірді Өңірлік даму бірінші вице-министрі. – Сол есепшотқа клуб, стадион сияқты мүліктерді концерт және басқаға жалға беруден, жарнама орналастырудан және басқалардан түскен ақшалар тегіс құйылады. Ауыл әкімі кейін сходта тұрғындармен ақылдасып, өздері шешіп, сол қаржыны жергілікті шараларға жұмсайды. – Ауылдың бюджеттен қазір алып отырған қаржысы ары қарай да қалады! – деп сендірді Қайырбек Өскенбаев. – Ауылдар оны толық ауқымда алатын болады. Атап айтқанда, әкім аппаратын және ғимаратын ұстап тұру шығындарының сыртында, мектепке дейінгі тәрбие және білім беру, оқушыларды мектепке және үйіне тегін жеткізуді ұйымдастыру, мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету, ауыр сырқаттарды таяу жердегі денсаулық сақтау ұйымына жеткізу, елді мекендерді сумен жабдықтау, мемлекеттік тұрғын үй қорын сақтау, көшелерді жарықтандыру, санитарияны қамтамасыз ету және басқалары орталық бюджеттен мақсатты түрде қаржыландырылады. Үкімет енді ауылдарға қайырымдылық және демеушілік көмектердің бет қоятындығына сенім артады. Оның үстіне Ақордадағы жиында Мемлекет басшысы қалталы кәсіпкерлерге осыны құлаққағыс еткен. Бұған қоса,осыған дейін бизнесмендердің мұны жасауға деген ынта-ықыласын жойып келген бір мәселе шешілгелі тұрған көрінеді. Әрине, бизнесменнің уақыты ақша, оны ауылға жиі баруға, не сонда жата-жастанып, құрылысты қадағалауға шығындай алмайды. Енді ауқатты азаматтарға қайырымдылық қаржыларын тікелей сол ауылдың есепшотына салуға мүмкіндік берілмек. «Енді ешқандай кедергі жоқ. Коррупциялық та, басқа да мәселе жоқ. Өйткені сайланатын ауыл әкімінің жұмысы жұртшылықтың көз алдында болады. Тұрғындар жиын-сходта келген қаржыны өздері жергілікті мәселелерді шешуге бөледі» деді Қ.Өскенбаев. Жобада ауылдарды оңтайландыру мәселесі қарастырылыпты. «Ол қандай өлшем-критериймен жүреді? Жерге ме, әлде адам санына қарай ма?» деп сұрады депутаттар. «Адам санына байланысты!» деді бірінші вице-министр. Министрліктің дерегінше, Қазақстанда 6 мың 936 ауыл бар екен. Соның 1 мың 310-ы – үлкен, 5 мың 192-сі – орта деңгейлі ауылдар көрінеді. 409 ауыл – кішкене ғана елді мекендер делінді. «Оның ішінде мысалы, разъездер, стансалар бар, – деді Қ.Өскенбаев. – Олар өз күнін өзі көреді. Оны Көлік министрлігімен, темір жолмен жұмыс істеп, орнына келтіреміз. Ал қалғандарымен не істеу керектігін қазір ойластырып жатырмыз. Мектеп, дәрігерлік амбулатория, асхана болуы қажет пе? Үлкен кісі бізге күзге дейін тапсырма берді, Экономика министрлігімен бірге біз 409 ауыл мәселесін біржақты етеміз». Айхан Шәріп |
Предыдущий