АЛТЫНОРДА
Новости

Халық театрлары бас қосты

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ақтөбеде Тахауи Ахтановтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Театр — өнердің ұлы көші» атты халық театрларының аймақтық фестивалі өтті. Осы кезге дейін ол облыстық деңгейде ұйымдастырылып келген болатын. Мәдени шараға Ақтөбе облысының халық театрларымен қатар, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарынан келген театр ұжымдары қатысты. Ақтөбе өңірінде қазір сегіз халық театры бар екен. Олардың кейбірі кәсіби театрлармен иық теңестіре алатын деңгейде жұмыс істеп жатыр деуге болады. Мұны жан-жақтан жиналған театр майталмандарының берген бағасынан байқадық.

Бұл басқосу тек сахнаға шығып, өнер көрсету емес, халық театрларының қазіргі жай-күйін саралау жөніндегі мәселелерді талқылау кездесуі болғандай. Аталған ұжым­дардың қатарында жарты ғасырдан астам тарихы бар, репертуары қалып­тас­қан ұжымдар да бар. Олардың басшы­ла­рының сөзіне сүйенсек, халық театр­лары­ның бар­лы­ғының басындағы хал ұқсас. Мәселелер баршылық. Мысалы, халық театрларында айлық тек режиссер мен оның көмекшісіне ғана төлене­тін­діктен, өнерге деген сүйіс­пен­шілік үшін ғана жұ­мыс жасауға келісетін актерлерді, басқа да техникалық кәсіп ие­ле­рінің басын қосу кейде қиындық ту­ғы­зады. Себебі дайын­далатын орын былай тұрсын, театрға ең керегі — сахна да жоқ кейбірінде. Репертуар мәселесінде де алысқа шабуға мүмкіндік бола бермейді, сондықтан қал-қадерінше қолдан келетін шағын дүниелерді сахнаға алып шығуға мәжбүрлік басым. Себебі сахнаға қажетті киімнің, лайықты декора­ция­ның жоқтығы қолбайлау. Тағы бір жайт — халық театры режиссерлерінің білікті­лігін көтеру мәсе­ле­сінің ұмыт қалып келе жатқандығы. Олардың күн сайын облыс орталық­та­рын­дағы кәсіби драма театрына келіп, сахна ше­берлерінен дәріс алып, тәжірибе алмасуларына мүмкіндіктері бола бермеуі мүмкін. Сол себепті облыс ор­та­лық­та­рын­да­ғы драма театрлары «халық театрларын қам­қорлыққа алса» деген ниеттерін біл­дірді.

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ка­фед­ра меңгерушісі Ұлан Нүсібәлиевтің айтуынша, фестивальға қатысқан ұжым­дар­дың барлығы да халық театры атағына сай өнер көрсетті. Шын мәнінде ақша, айлық үшін емес, өнер үшін ғана жұмыс жа­сап жүрген халық театрлары қыз­мет­кер­лері қазылар алқасы айтқан мақтау­лар­дың барлығына лайық деуге болады. «Өкі­нішке қарай, халық театрларына бар­лық облыста бірдей қолдау көрсетіліп отыр­ған жоқ. Бұл тұрғыда Ақтөбе облыс­тық мәдениет бас­қар­масына ризашылы­ғым­ды білдіргім келеді. Алыс ауылдарға кәсіби театрлар бара бермейді. Мәде­ниет­тің кенже қалып отырған саласы — халық театрларының жұ­мысын жандан­дыруға, оларға жан-жақты қолдау көр­сетуге күш салу керек», — дейді Ұ.Нүсі­бә­лиев.

Фестивальға қатысқандардың көбі Тахауи Ахтановтың шығармаларын сахна­ла­ды. Сонымен қатар көрермендер наза­ры­на И.Сапарбаев, О.Бодықов, С.Бал­ға­баев т.б. драматургтердің шығармалары ұсынылды.

Фестивальдың бас жүлдесі Тахауи Ахта­новтың «Күтпеген кездесуін» сах­на­ла­ған Шалқар аудандық халық театрына бұ­йыр­ды. Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық халық театры мен Байғанин ауда­нының Оймауыт халық театры (С.Бал­ға­баев. «Ең әдемі келіншек») — бірінші, Қызыл­орда облысының Сырдария аудан­дық халық театры (Т.Ахтанов. «Арылу») мен Мұғалжар аудандық халық театры (Т.Ах­танов. «Махаббат мұңы») — екінші, Атырау облысы Құрманғазы ауданының Киров халық театры (С.Қасымбек. «Күт­тір­ген махаббат») мен Ойыл аудандық халық театры (Т.Ахтанов. «Арылу») үшінші орын­дар­ды иемденді. Бұдан өзге, жекелеген ак­терлерге аталымдар бойынша арнайы жүл­делер тағайындалды.

Автор: Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

http://alashainasy.kz/culture/42123/